Саят

Адамның асылы Абай емес пе еді?

Адамның асылы  Абай емес пе еді?
Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында әншілік, серілік, аңшылық, саятшылық, құсбегілік өнерлерінің үлкен-үлкен бір-бір тарауларда арнайы түрде суреттелуінен ұлы ақынның өмірге деген адами көзқарасын, жандүниесін терең түсінуге болады. Солардың ішінде ақынның саятшылығы жайында суреттелген сәттер оқырманға ойшылдың пәлсапалық ой-пікірін мейлінше терең сезінуге мүмкіндік береді.

Ақынның қыран құсқа деген құмарлығы ерекше болыпты

Бұл ретте жазушы шығармасының екінші кітабының «Оқапта» деген тарауында ақынның қыран құсқа деген құмарлығы жайында тамаша әңгімеленген. Үзінді келтірейік. «Бұл құсты осы өткен жазда Абай Сыбандағы Тулақ деген бүркітшіден он шақты қара беріп сатып алған. Олай алуының себебі, бір есептен, ерегестен туған. Келер қыста құс салам деп Абай Тобықты ішінен қыран бүркіт кімде барын сұрағанда осы Тұрғанбай: «Бүркіттің жақсысы – Қарашегір» деп еді. Соны сұрап алуды Абайдан қатты өтінген. Қарашегір Бөжейдің баласы Жабайдың құсы болатын. Абай сұратқанда Жабай сол құсын бермеді. Содан соң Шәке мен Тұрғанбай: «Осы өңірдегі бар құстың төресі – Түкі Сыбан ішіндегі Тулақтың Қарашолағы. Енді ерегескен соң қыздың құнын берсе де соны алғызу керек» деген».
Абайдың жас кезінен қыран бүркітке деген құмарлығы елден ерекше екендігі эпопеяның бір емес, бірнеше тұсында келтірген әңгімелерден айқындалып тұрады.

Енді романдағы сөз зергерінің суреттеген осы бір сәтіне ұқсас ақын өміріндегі болған ақиқат оқиғаның куәгері айтқан деректі әңгіменің желісінен үзінді келтірейік. Авторы – Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген әртіс Ғали Дүйсеков. Кейінірек «Ана тілі» газетінің 2008 жылғы қаңтар айындағы санында жарық көрген «Адамның асылы» деген әңгімесін ол былай деп бастапты:

«1919 – 1920 жылдары мен сегіз айлық курсқа түсіп, оқып жүргенімде Өскемен қаласына жақын Ұлан елінде тұратын апайымыз болушы еді. Баласын жіберіп, бір демалыста мені шақыртып алды. Жездеміз Әбдірахман ақылды, парасатты, әрі ғылым-білімнен де хабары бар және өнерпаз адам екен. Сол уақытта апа-жездеміз 70-75 шамасына келіп қалған» деп бастапты Ғали ақсақал.

Осылай баяндалған әңгіменің әрбір жер атауларын, өткен мерзімін, адам есімдерін қолда бар деректермен салыстыра отырып, біз ең алдымен Әбдірахманның кім екенін айқындап алдық. Ол адам ХІХ ғасырдың соңында Өскемен уезіне қарайтын Ұланның Айыртау болысының басшысы болған Құрманғалы Жақыпұлының баласы болып шықты.

Әлқисса, әңгіме одан әрі былай өрбиді. Ол кезде Абайдың өлеңдері кітап болып шыққанымен қара сөздері әлі жарық көре қоймаған. Бірақ Әбдірахманның үйінде Абайдың қара сөздері дәптерге көшірілген қолжазба түрінде жинақталыпты. Ұлы ақынның аталған мұраларын бір жағынан мақтана көрсеткен Әбдірахман Құрманғалыұлы кейбір философиялық терең мағыналы сөздеріне ойлы сезіммен, еркін түсініп, қонақтай келген балдызына мәнерлеп өзі оқып берген көрінеді.

Әбдірахман бүркітін неге қимады?

Балдыз бен жезде арасында ұзақ сонар әңгіменің арқауы хакім Абай туралы болғандықтан ұлы ақынның рухына бас июші Әбдірахман «мен сізге Абайдың бір данышпандығын айтайын» деп сөзін жалғастырды. Менің асқан қыран бүркітім болды. Көзі шалған аңды құтқармаушы еді. Оның өзге бүркіттен ерекшелігі, түлкіні қиын жер, қия тастан ілсе, бүріп алып, аспанға қайта самғап, біраз қалықтап жүріп, жазықтау ашық жерге қонатын, мен жеткенше терісін бүлдірмей, басқа бүркіттей қызылын шоқымай, бүрген қалпында тырп еткізбей басып отырады екен. Абай сол бүркітті сұратып екі кісі жіберіпті.

Құрманғалы болыс баласын Абай әдейі сұратқан соң беру керек деп үгіттейді. Әрине, бұл ретте Құрманғалының табиғатынан жаны жомарт, көңілі дархан, өз елінде 28 жыл болыс болған, Семей мен Өскемен өңірлерінде кеңінен танымал қоғам қайраткері екенін айтпауға болмас. Абайдан 9 жас үлкендігі бар. Болыстың Абаймен сөз жарыстырған тұстары да ел жадында сақталып қалған.

Бүркіт иесінің қыран құсын кімге болса да, тіпті, ақынға да қияр түрі жоқ. Бір жағынан ақынның өтінішін де аяқсыз қалдыруға болмайды. Қайткен күнде Абайдың көңілінен шығу керек.
Ертеңінде Құрманғалы болыстың үйіне адамдар көп жиналады. Олар Абай бұйымтайын шешу үшін келгендер. Төрде қариялар, билер, қажылар жайғасқан, төменде – жастар. Сүйектен оюлап жапсырмалар салған ағаш төсектің алдында Құрманғалы қымыз құйып отыр, одан төменірек Әбдірахман, босағада тұғырында бүркіт қонақтаған, томағасыз, аяқ бауы байлаусыз.

Болыспен тізе түйістіріп отырған Найманның Терістаңбалы руының Сатыбалды атасынан тарайтын Қаумен қажы Аманұлы жиналғандардың ішіндегі жасы үлкен қариясы ретінде сөз бастайды:
– Әбдірахман қарағым, әлгі түлкіні бүріп алып, ұшып жүретін атақты тас түлек қыраның осы ма ? – дейді.
– Иә, ақсақал, осы.
– Мұның басында томағасы жоқ, аяқ бауы байлаусыз бос жатыр. Қыран құсың да негізі қасқыр, жолбарыс секілді жыртқыш емес пе, сенім бар ма, бірімізді бас салып аспанға алып ұшып кетпесіне кім кепіл, – депті қария бурыл тартқан қалың қасты қабағын қар жауардай түкситіп.
– Жоқ, ақсақал, ол тегі хайуан болғанымен жөпшеңді анау-мынау адамнан есті. Итке, мысыққа, балаға ұмтылмайды, тұғырында байлаусыз-ақ отыра береді, ақылды, тәртіпті, – дейді Әбдірахман.
Осы тұста сөзге араласқан Құрманғалы болыс:

– Баламның қыраны жайында естіген бе, Абай сұратып кісі жіберіпті, қонақ үйде жатыр, – дейді.
«Қыран құс, құмай тазы, жүйрік ат ер жігітті ынтазар ететін қазыналардың өзі емес пе» деп қойып, осы арада небір қызықты әңгімелердің тиегі ақтарылады.

Жіберген он екі бүркітке һәкімнің көңілі толмапты

Әлқисса, оқиға одан әрі былайша өрбіген-ді. Қажының үйіне жиналған дүйім жұрттың назары бір сәт босағада тұғырында бос отырған бүркітке ауады. Бір уақытта әлденені сезгендей бүркіт тұғырынан секіріп жерге түсіп, аяқ жақта отырған жігіттің алдына барды. Жігіт арқасынан сипайды, екінші кісінің алдына барды, ол да сипайды, сол ретте жағалай отырған адамдарға амандасқандай арқасын бір-бір сипатып шығады. Соңында иесінің тізесіне келіп қонақтайды. Ол да сылап-сипап еді, еркелегендей басын иесінің қойнына тығып, наз көрсеткендей момақан күйге түседі. Отырған қауым қайран қалады.

Сәл үнсіздіктен кейін төрде отырған қария қажы:

– Әй, Әбдірахман балам-ай, осы сияқты қолға түспес асылды да қиып, біреудің сәлемдемесіне бермекпісің, кейде асылдың түсіне қарамайтындарың да бар-ау! – дейді неге екені белгісіз, қыранды әйгілі Абай ақыннан аяғандай жасанды кейіп танытып.

Не істерін білмей мазасыз күйде отырған Әбдірахманға қажының сөзі себеп болып бұйымтаймен келген қонақтарға:
– «Ештеңеге алаңдамай жата беріңіздер, ертең таңсәріден жаныма екі жолдас алып бүркітті көп ұстайтын қарағай ішіндегі Өтеміс еліне аттанам» деп сөз береді. Қойшы, ақыры обалы бар ма, Әбдірахман біреуден сұрап, біреуден пұл беріп сатып алып, ішінде екеуі ақсұңқар «қарағайдың қоңыр аласы» деп аталатын бақандай он екі бүркітті алып келеді. Әкелген құстарын түгелімен арнайы дайындалған жайлы жабдықтарға орналастырған қалпы қолдарына беріп, қонақтарын аттандырады. Абай ақын осымен разы болатын шығар деп іштей көңілі тасып тұрған Әбдірахманды көрген әкесі үйден шығып:
– Балам, қонақтарыңды аттандырдың ба? – деп сұрайды.
– Иә, әке!
– Немене, бүркітіңді бермей қалдың ба?
– Бір бүркітке татитындай ғып жібердім ғой, әке, – дейді.
– Әй, балам-ай, айтқаныма көнбедің, «құс аяған көкке қарайды, ат аяған жерге қарайды» демеді ме аталарың. Сенің бүркітің құстың асылы болса, Абай адамның асылы емес пе?! Асылдан асылды несін аядың, түбінде адамның асылынан артық асыл бола ма? Абай – дүниеге сирек келетін адам. Бекер еткенсің, – деп басын шайқап, үйге кіріп кетті.

Шынында да, Абай сол он екі бүркітке разы болмапты, «өз көңілімдегі қыран болмаған соң басқасын неғылайын» депті.

Марат Мағзұмов,
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың
құрметті профессоры

Осы айдарда

Back to top button