Тылсым дүние

17 жасында бақсылық қонған Есқазы емші

17 жасында бақсылық қонған Есқазы емші
Көкжарлы Көкжал Барақтың Күнбике деген бәйбішесінен туған үлкен баласы Бостаннан жеті ұл болады. Олар: Жырық, Аюсары, Темірбек, Ескелді, Бөгенбай, Қабанбай, Шегір. Солардың ішінде Бөгенбайдан тараған бес ұлдың бірі – Алпысбайдың кіндігінен өмірге Есқазы (Нұрғали) атты бір ұл келеді.

Есқазы бала кезінен елгезек, ұғымтал болып, тау-тасты, орман-тоғайды аралап, табиғат аясында жүргенді ұнатады екен. Жай ғана жүрмей, құстардың шуылы мен әсем әуеніне, бұлақтың сылдыры мен ағаштардың сыбдырына құлақ түріп, кейде өзін солардың тірлігіне араласып кеткендей сезінеді екен.

Есқазының әкесі дәулетті, жан-жақты өнерпаз, тілге шешен, өз ортасында беделді адам болған. Ол Есқазы беске келгенде ауылдағы Сағидолда (қажылыққа барғандықтан болар, жұрт оны Сүйген қажы деп кеткен) молданың мешітіне оқуға береді. Зиынды бала ол жерде өте жақсы оқып, молданың үйреткендерін толық игеріп алады.
Алайда, бұл көпке бармай, Есқазының бойын әлдеқандай жасырын күш кернеп, мазалай береді. Бірде ол жартас басында отырғанда жоғарыдан пыштақтаған үрейлі дыбыс естіледі. Аспанға қараса, қанатын қомдаған бір алып құс тура өзіне қарай зулап келеді екен. Құс әне-міне дегенше төбесін сипай өтіп, қайтадан жоғарылап кетеді. Сол сәтте Есқазы ауыр жүк көтеріп, әбден қалжыраған адамдай құлап түседі. Біраздан соң басын көтерсе, күн батуға таяп қалған екен. Содан өне бойы құрыстанып, үйіне келеді де, жатып қалады.

О, ғажап, түн ортасы ауғанда «пыштақ-пыштақ» деп оянған Есқазы көйлек-дамбалшаң тысқа атылады. Іле-шала артынан қуа шыққан әке-шешесі киіз үйдің шаңырағында пыштақтап отырған баласын көреді. Абыр-сабырды естіп, жүгірісе жеткен көршілер мен Сүйген қажы да осы оқиғаның куәсі болған көрінеді. Олар Есқазының шаңырақтан қалай лып етіп түскенін де байқамай қалады. Ал Есқазы болса пыштақтап, тағы бірдеңелерді айтып, үйді үш айналады да, қайта ішке кіріп, сол жатқаннан күн көтерілгенше тұрмайды.

Есқазы оянып, басын көтерсе, үй толы кісі. Бұл жайды жындары арқылы біліп отырса керек, сонау Жылытаудан тегі Қарабас Қазығұмар бақсы да келіп қалыпты. Қазығұмар Есқазының тамырын ұстап, отырған жұртқа ұлдарының басына бақсылық қасиет қонғанын, ал жыны бүркіт екенін, егер мұны ұстамаса, мүгедек болып қалуы ықтимал екенін айтып, оған батасын береді. Сөйтіп, 17 жасында Есқазының басына бақсылық қасиет қонған екен. Ол одан кейін бақсылығымен талай сырқатты жазыпты. 22 жасында атасы Мамыр болыстың көтеріліп ауырған қызын сырқатынан құлан-таза айықтырып жібереді. Көргендердің айтуынша, бақсы үшінші күні шаңыраққа шығып, пыштақтап жынын шақырып, әлде не деп сыбырлайды. Сол сәтте жүген-құрық тимеген боз жорға байтал теңселе басып, киіз үйге кіреді де, қызды иіскейді. Содан үйден шыға құйындата шауып, ауылды үш айналады да, теріскейдегі үңгір сайға кіріп, көзден ғайып болады.

Есқазы ақсақалды бала кезімізде біз де көрдік. Бірақ, бұл оның әбден қартайған шағы еді.

Советхан Қалиғожин

Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button