Қоғам

Тарих кабинеті ашылды

Аягөзде ұлттың рухын көтерер, ұрпақты игілікке жетелер іс-шаралар жиі өтіп тұрады. Осындай тамаша үрдіс Дулат Бабатайұлы атындағы білім ордасында өз жалғасын тапты. Мұнда есімі Аягөз ауданына белгілі болған, әсіресе білім саласында тер төгіп, ыстық-суығына төзген, дара тұлға, аталмыш  мектептің түлегі һәм ұстаз-тірегі болған Бекболат Жаболдытегінің атында тарих кабинеті ашылды.

Өлке тарихының өзегі үзілмесін десек, әр ауылдан шыққан танымал тұлғаларды ұмытпаған абзал. Бекболат Қуанышбайұлының атындағы тарих кабинетінің ашылуы соның бір дәлелі. Білімге арнаған өмірінің өрнегі, еңбегінің жемісі болып мектеп төрінен орын бұйырды.

Бала Бекболат азамат болып ержетіп, мектепті тәмамдап, еңбек жолын Аягөз автомобиль жөндеу зауытында токарь болып бастайды. 1969-1971 жылдары Аягөз аудандық комсомол комитетінің ІІ хатшысы қызметінен бастап, партиялық қызмет сатыларын басып өтіп, 1975-1990 жылдары аудандық атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, кейін баспахана меңгерушісі, сырттай оқыту бөлімінің директоры, №58 мектеп директорының орынбасары, аудандық оқыту бөлімінің меңгерушісі  қызметтерін ыждаһаттылықпен және адал атқарды. Сол еңбегі еленіп,  «Еңбек ардагері» медаліне, «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісіне және тағы басқа марапаттарға ие болды.  Сонымен қатар 1971, 1975, 1989-1994 жылдары бірнеше мәрте қалалық, аудандық Халық депутаттар кеңесіне депутат болып сайланған. Осы жылдары халықтың игілігі үшін  «Жастар»  саябағының (қазіргі Қозы Көрпеш-Баян сұлу саябағы), көптеген мектеп-балабақшалардың салынуына себепші болып, бастаған істерін аяғына дейін жеткізе білді. Елім деген ердің еңбек жолы осылай жалғасын тапқан.

Білімді де ұлағатты ұрпақ қамы үшін жасалған шараға Бекболат Қуанышбайұлының бауырлары – ардагер ұстаз Айтқазы Оразбекұлы мен Алматыдан келген тарихшы, әскери-ұстаз Қайрат Сағатайұлы және  жары Зылиха әжей мен ұрпақтары қатысты.

– Бекболат Қуанышбайұлы 1941 жылы 30 қарашада дүние есігін ашқан, Аягөз қаласының тумасы. Бүкіл ғұмырын білім жолына, ұрпақ қамына арнаған ол жемісті еңбек етіп, жұртқа қадірлі жан болды, – деді ардагер ұстаз Айтқазы Қасымжанов.

Бұл күні Дулат Бабатайұлы атындағы мектеп іші думанға бөленіп, ән мен күй төгілді. Сонымен қатар ардагер ұстаз Сәуле Мұқанқызы, «Мөлдір сана» газетінің редакторы Бақытөмір Шалғынбай және тағы басқа замандастары сөз сөйлеп,  Бекболат атамыз жайлы жылы естеліктерін айтып, кабинеттің ашылуымен құттықтады. Кабинет іші Бекболат Қуанышбайұлының ғұмырнамасынан сыр шертетін суреттермен  және естелік заттармен жабдықталды. Білім жолында еңбек еткен тұлғаның есімі еленіп, осылайша мектеп төрінен орын алды. Білімге арналған қаржы болашаққа құйылған инвестиция екенін ескерсек бұл шара игілікті бастаманың бірі екенінің дәлелі. Ұрпаққа үлгі боларлық ұлағатты жандар көп болғай.

Қазыбек Байжұман, Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button