МәдениетӨнерТОП

Ақындар азаттықты жырлады

Өлең өрнегіне кестелеп, қалам ұшына арқау етер сан алуан тақырып бар. Соның ішіндегі сүбелісі һәм қастерлісі – Тәуелсіздік тақырыбы. Қан кешіп, қайың сауған заманда да еркіндікті жырдың жүлгесінен жоғалтпадық. Бодан болған шақта да астарлай жырлап, азаттықты аңсадық. Ал Тәуелсіздік тұғырға қонғалы желтоқсан сайын жыр жәрмеңкесін өткізу дәстүрлі үрдіске айналып келеді.

Төбесі көк тіреп тұратын тәкаппар Алтайдың маңғаз жұрты да арагідік өлең-жырға құлақ түруді дәстүрге айналдырып келеді. Оның өзінде сүбелі жыр, өрнекті өлең болса ғана оң ниет танытқан сынды кейіп көрсетеді. Мін іздегендіктен емес, мінез солай. Сондықтан бұл жұртты жеңіл-желпі дүниемен елең еткізу мүмкін емес. Десе де, дәстүрлі үрдіске сай желтоқсандағы жеңісті отыз жыл бойы тойлап келеді. Биыл да жылдағы үрдіс бойынша жыр додасы өтіп, ақындар азаттықты жырлады. Қазақстан Жазушылар Одағы ШҚО филиалының бастамасымен, облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен өткен «Тәуелсіздікке тарту» атты облыстық жыр мүшәйрасына қатысқан қаламы жүйрік ақындардың қатары көп. Алайда азаттықты асыра жырлап, Тәуелсіздікті тереңінен толғаған ақындар жүлдегерлер қатарынан табылды.

– Бұл дәстүрлі жыр сайысының Жазушылар Одағы ШҚО филиалының қолдауымен өтіп келе жатқанына биыл төртінші жыл. Басты мақсат – қаламгерлерге аз да болсын қолдау көрсетіп,  қастерлі Тәуелсіздікті өлеңге кестелеу. Жас ұрпаққа азаттықтың қасиетін ұғындыру, жыр арқылы еркіндіктің қадірін санасына сіңіру. Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Сондықтан тарихты жырға таспалап кетсек, артық болмасы анық. Бүгінгі жыр додасы –соның бір парасы, – дейді Жазушылар Одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаев.

Тәуелсіздік – таусылмайтын тақырып. Сондықтан жыл сайын сүбелі жырға арқау болып келеді. Бұл жолы да әр ақын өз деңгейінде өрнекті өлең жазып, жыр сайысында бағы мен бабын бәйгеге салды. Әр тараптан құралған қазылар алқасының ұйғарымымен журналист-ақын Олжас Керейхан Тәуелсіздікке арнаған топтама өлеңімен топ жарып, жыр сайысының бас жүлдесіне тігіліген 500 мың теңгені қанжығалап қайтты. Ал жыр мүшәйрасының жүлделі бірінші орны жас ақын Оразай Жеңіске бұйырып, 300  мың теңгелік ақшалай сыйлық табыс етілді. Жыр додасының екінші орны мен 200 мың теңге ақшалай сыйлықты Гүлнұр Зұлқаршын алып қайтты. Өрнекті өлеңімен өзгеден озық жүрген Дана Исағұлқызына 3 орын бұйырып, 100 мың теңге табыс етілді. Тағы бір 3 орынды Қызырбек Дүргінбайұлы қанжығалады. Тәуелсіздікті тереңнен толғаған Тәттімбек Асхан, Ілия Кәрім, Кәмшат Әбілғазы қатарлы ақындар арнайы жүлде алып қайтты.

– Тәуелсіздікті қанша жырласақ та, артық болмайды. Өйткені бұл – біздің басымызға бақ қонған күн. Егемендікті, еркіндікті өнерге өзек ету арқылы болашақ ұрпаққа дәріптеуіміз керек. Осындай мақсатта өтіп келе жатқан жыр сайысы қаламгерлерге қолдау болса, руханиятқа қосылып жатқан үлкен үлес деп ойлаймын. Мұндай шығармашылық байқаулар ақындарды шыңдап, шығармашылықты дамытады. Сондықтан мұндай байқаулардың көп болып тұрғаны дұрыс, – дейді жыр жеңімпазы Олжас Керейхан.

Осылайша, облыс орталығындағы жыр жәрмеңкесі жоғары деңгейде өтті. Жыр додасын «Ертіс концерт» мәдени орталығының әншілері әнмен әрлеп, күймен көмкерді.

Осы айдарда

Back to top button