Қоғам

Зырянда құрылыс қарқын алды

Зырянда құрылыс қарқын алды


Зырян ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Рудный көшесінде салынып жатқан 60 пәтерлік бес қабатты тұрғын үйдің құрылысына ертіп келді. Қаланың оңтүстігінде бой көтергелі жатқан тұрғын үй кешеніне бағдарлама бойынша 460 миллион теңге қаржы бөлініпті. Құрылысты «Нарын-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің екі бригадасы салуда.

-Қазір аудан орталығында бір мың адам үй алу кезегінде тұр. Елбасының сарабдал саясаты бойынша қабылданып жатқан «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», басқа да бағдарламалар ең алдымен қарапайым халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге арналғаны белгілі. Тағы бір 60 пәтерлік бес қабатты үйдің құрылысын салу жөніндегі құжаттар бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Бородино ауылында тағы екі пәтерлі бес үйдің құрылысы басталды, – деді аудан әкімі Нұржан Тілеужанұлы.

Құрылыс басынан аудан әкімінің орынбасары Асхат Бұқатовты, аудандық архитектура және құрылыс бөлімінің басшысы Ерған Қанапиевты кездестірдік. Олар күн сайын келіп, маңызды құрылыстың барысын қадағалап, мәселелерді шешіп отырады. Ал «Нарын-Сервис» серіктестігінің прорабы Уәлбек Тайбосыновтың айтуынша, мұнда еңбек етіп жатқан құрылысшыларға барлық жағдай жасалыпты. Атап айтқанда, олар өздері тұратын үйді салып алған, жанында моншасы бар, төрт мезгіл ыстық тағам ішеді. Мұқтар Макинов, Самат Сасанов жетекшілік ететін бригадалар құрылыстың тағанын құйып бітіп, бірінші қабатқа кірпіш қалау жұмыстарын бастап кетіпті.

-60 пәтерлік үйдің құрылысын 9-шы маусымда бастадық. Материалдардың барлығы осы өңірден. Кірпішті Өскеменнен, цементті іргедегі Бұқтырмадан аламыз. Демек, материалдар бағасы қолжетімді. Мұнда 40 пәтер екі, 20 пәтер үш бөлмелі. Келесі жылдың соңына таман ғимаратты пайдалануға береміз,-деді серіктестік прорабы Уәлбек Тайбосынов.

Салынып жатқан ғимарат қаланың 10-шы мөлтек ауданына қарайды. Сондықтан болса керек, бұл жерде нысандарды сумен, жылумен қамтамасыз ететін құбырды «Алтынстройпроект» серіктестігі салып жатыр. Маңызды құрылыстың құны – 618 миллион теңге, өткен жылдың қарашасында құрылысы басталған кешен келер жылдың қыркүйегінде іске қосылуы тиіс. Ерған Қанапиев қаланың өркендеуіне ықпал ететін ұзындығы 6,3 шақырым құбырдың сапалы салынатынына кәміл сенеді.

Аудан әкімі өңірдің әлеуеті артуы үшін күш салуда. Соның бір дәлелі, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Ломоносов және Шахтақұрылыс көшелеріне асфальт төсеу үшін қыруар қаржы көзін тауыпты. Жаңа бағдарламаның берері көп, ең алдымен жылдар бойы үй алу кезегінде тұрған азаматтардың проблемасын шешеді. Оның үстіне жекеменшік үй салуға тілек білдіргендердің өтініші қабылданып жатыр. Қалай дегенде де, өндірісі өркендеген кеншілер қаласының келбеті көз тартады. Еліміздегі жаңа бағдарламалардан қарапайым халық үміт күтеді.

Оңдасын Елубай
Зырян ауданы.

Осы айдарда

Back to top button