Тылсым дүние

Жыланның аяғын көрген жан Семейде тұрады

Қазақта «Жыланның аяғын көрген қу» деген фразеологиялық сөз тіркесі барын бәріміз білеміз. Шынымен де жыланда аяқ бола ма, болған күннің өзінде оны көрген жанның айлакер қу болатыны рас па екен? Өз басым бұрындары осы мәтелге «жай айтылған сөз болар» деп, аса мән бермеуші едім. Семей қаласында тұратын Оралбай Сақабаев деген ағамыздың әңгімесінен кейін «осы бір тұрақты сөз тіркесінің арғы жағында бір шындық бар ма екен?» деген ойға қалатын болдым. Негізінен Орекең – бұрындары көп жыл басшылық лауазымдарда істеген, тура сөзді, шыншыл адам.

Жыланның аяғын көрген жан Семейде тұрады– Бірде, – деп бастады ол өз әңгімесін, – Берікхан Әбділдинов деген жігіт екеуміз Мақаншыдағы Көктерек ауылының Қайыңды бөлімшесіне бара қалдық. Шаруамыздың бітуіне орай сол жердегі бір азамат үйіне тамаққа шақырды. Әрі-бері отырыстан кейін ол:

– Әй, жігіттер, мен сендерге бір нәрсе көрсетейін. Тек күлкіге айналдырып, жұртқа жая көрмеңдер, – деп уәдемізді алғаннан кейін төрде тұрған жасыл сандықтың аузын ашып, ішінен бума-бума газетті жазды да, кеуіп қалған жыланды алып шықты. Жыланның ұзындығы 30 сантиметрдей екен, мөлшері басынан бастап санағанда 20-шы сантиметрде екі аяғы бар.

– Оқиға күздігүні болды, – деп жалғастырды ол әңгімесін. – Қой жайып жүріп, шалғынның ішінен әлдененің «с-су» ете қалғанын байқап, тіксініп қалдым. Десе де жүрегімді тоқтатып, шөптің арасын тінткілей бастадым. Кенет жарты құлаштай болып жатқан осы пәленің үстінен түстім. Өзіме айбат шегіп, ысылдай бергесін ұрып өлтіріп, қарағанда барып артқы екі аяғын байқағаным.

Бұрын көп сөзі жоқ әлгі жігіттің бүгін бір түрлі сөзуарланып, болған оқиғаны бүге-шігесіне дейін, түк қалтырмай айтуы бізді біршама таңғалдырғандай болса да, аса мән беріңкіремедік.

Кейін Семейге көшіп келген әлгі жерлесімнен жыланның жағдайын сұрап едім, ол лақтырып жібергенін айтты. Мен бұған сене қоймадым, өйткені, бұл жігіт аса ырымшыл жан еді. Оның үстіне ешкімге сырын ашып, ақтарыла қоймайтын. Алайда, бұрын қоңторғайлау тұратын оның жағдайы да осыдан кейін біртіндеп жақсарып, байыды деп отырмын ғой. Қазір бала-шағасы ержетіп, өзі осы қаланың белді азаматына айналды. Үлкен саудагер болып, балалары да бақуатты тіршілік кешіп жатыр.

Мен кей-кейде ойға қаламын. Шынымен, әлгі жыланы құрғырдың бір қасиеті болды ма екен, кім білсін… Әлемнің адам баласы үшін әлі ашыла қоймаған жұмбақтары мен сырлары жеткілікті ғой. Бұл да бір сондай ғажайыптың бірі болуы мүмкін-ау…

Берікхан Тайжігіт

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button