Қоғам

Жүрегі мейірімге толы кәсіпкер

2018 жылы шілде айында жұмыс бабымен Алматыдан Өскеменге келдім. Туған жерім Зайсан ауданы болса да, 1996 жылы отбасылық жағдаймен Алматыға көшіп кеткен едім. Ары-бері өтіп жүргенде жолай соққаным болмаса, Өскеменді аса біле бермейді екенмін. Келген соң ә дегенде тоқтайтын жер болмаған соң қаламен таныса бастадым.

Өнеркәсібі одаққа белгілі болған қаланың табиғаты да әсем екен. Шығармашылық жұмыспен айналысатындықтан, тыныштық, жеке бөлме керек болғандықтан уақытша тұратын жер іздей бастадым. Қалада жекеменшікке айналған жатақханалар баршылық сияқты. Аралай келе, кезінде дүркіреп тұрған Жол-құрылыс институтының (СДИ) екі жатақханасына келдім. Кезінде студенттер тұрған бөлмелер беріледі екен, бағасы да қолжетімді. Арасында әйел заты болған соң ішкі әдемілігіне де қарап жүрдім. Иә, бұл екі жатақхана да жарқырап тұр, адамға кірген бойда жылулық сыйлайды.

Сонымен орналаса жүріп (екі ай тұрдым), осы жатақхана иесімен танысуды жөн көрдім. Орта бойлы, аққұба келген, сөзі ширақ келіншек өзін Ғалия Мойкеқызы деп таныстырды. Елімізде жаппай күнкөріс жағдайы күрт төмендеп, тоқырау заманы басталғанда ауылда совхоздар тарап, жұмыс тоқтап жатса, қалада да ірі өнеркәсіп орындары уақытша болса да кідіріп, мекемелер жабылып, оқу орындарының жатақханалары жылусыз, сусыз қалған соң қаңырап бос қала бастайды. Сол кезде Ғалия Мойкеқызы еш ойланбастан осы ЖҚИ-дың екі жатақханасын өзіне алады. Тіпті біреуінің бір шеті құлауға шақ қалған екен. Оларды рәсімдеп, ішкі-сыртқы жөндеу жұмыстары қаражатсыз бітпейтінін біле тұра, тәуекелге бел буады.

Былай қарағанда ешқандай кедергісіз өмір қызықсыз, жай бір елес сияқты ғой. Сондықтан кез келген мақсатты іске асырып, қандай да бір жетістікке жетер жолда түрлі кедергілердің болары сөзсіз. Ғалия бірақ кері шегінбейді. Дәл осы уақыттарда ауыл жұртшылығы нарыққа дайын болмағандықтан жаппай алыс-жақын қалаларға көше бастайды. Бірі балаға жоғары білім әперу үшін, бірі нәпақа табармын деп үйін сатып, сатылмаса тастап, көшіп жатты. Енді үй ала алмаған ағайындар осы жатақханаларға орналаса бастады. Міне, игілікті іс – үйсіз қазаққа жатақхана бөлмелері үй болды, пана болды. Ол 2000 жылдар еді.

Содан бері 22 жыл өтіпті. Кәсібінің жемісін көре бастаған соң Ғалияны тағы бір ой мазалай береді. Ұлы Дәуренді ертіп, қаладағы қарттар үйлерін аралап көріп, біз де осындай жандарға қамқорлық жасасақ, үлкен сауап болар еді деп ұлы Дәурен Санақбекұлының атына «Қамқор» жекеменшік әлеуметтік қызмет көрсету орталығын ашады. Бұл 2020 жылдың қазаны болатын.

Бұл жерде тұратын қариялар 60-90 жас аралығында. Әрқайсысында жеке бөлме бар, күніне төрт уақыт тамақ беріледі. Қарттардың өз үй-жайы бар, дегенмен қараушы балалары жұмыста болғандықтан осында орналасқан. Сенбі күндері үйлеріне барып келуге, балалары, туыстары қалай келем десе де шек жоқ. Қарттардың дұрыс демалулары, салауатты өмір сүрулері үшін ұйымдастыру жұмыстары жан-жақты қарастырылған. Мысалы, аптасына 3 рет еңбек терапиясы, аптасына 2 рет гимнастика, жұма, жексенбі күндері музыка маманы келіп, қариялардың өз заманының ән-билерін айтқызу, туған күндерін атап өту шаралары да ұйымдастырылады. Жаттығу жұмыстарын В.Елухин, сурет салу, тоқыма тоқу сияқты еңбек терапиясын И.Рощина, музыкалық шараларды Ә.Ахметжанова жүргізеді. Күн райы жақсы болғанда скандинав таяғымен серуенге шығып, күтушілер бақылауында өзен жағалауымен жүріп қайтады. Қариялардың арнайы демалатын бөлмесі де, шағын кітап бөлмесі де қаралған.

Көктем, күз айларында адам ағзасында әлсіздік пайда болуын, денсаулықтарының төмендемеуін ескеріп, витаминдер беріледі. Күтушілер олардың жеке бас гигиенасының, төсек орнының тазалығын қарап отырады.

Күтушілер Б.Кастаева, Б.Бакужанова, Ж.Калкенова, Г.Ағыбаева, Ә.Қалыбекқызы, кіші қамту қызметкерлері Қ.Сапарбаева, З.Серғазина жұмыстарына сергек қарап, орталықтың қызмет көрсету сапасын жоғары деңгейге көтеруде. «Қамқордың» ішкі тәртіп ережесінің сақталуын қадағалау Шынар Әскербекқызының, бүкіл орталыққа тиісті жұмыс Дәурен Санақбекұлының қарамағында. Екі жатақхананың, «Қамқордың» кіріс-шығысын жүргізіп отырушы мамандар – Г.Какишева, А.Ильина, З.Кітапбаева. Ішкі шаруашылық жұмысын Л.Каженова жүргізеді. Жатақханаларға келіп-кетушілерді реттеп отыратын вахтерлар – Н.Сәдуова, Р.Садықова, А.Дүйсенбаева, М.Адамова, Г.Бұхатова, Р.Зияданова. Ал жатақхананың тазалығына қарайтын қамту қызметкерлері – Н.Жұртбаева, Ж.Кәрімова, Н.Сманова, Қ.Шәріпова. «Қамқордың» ішкі тазалығын қамту қызметкерлері – Қ.Сапарбаева, З.Серғазина. Электр, сантехникалық жұмыстарға А.Хмельцев, С.Ельчин жауапты.

Қызметкерлерден Ғалия туралы сұрай қалсаң, пандемия кезінде де жұмысты тоқтатпай, уақытында жалақыларын беруін, пәтерақыларын төлей алмай жатқандарға жеңілдік жасауын, өз жұмысшыларын азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыруын естіп, жүрегінің кеңдігіне риза боласың. Қарттар күніне байланысты бірнеше мектеп келіп, концерт қойып, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылғанына куә болдым. Рамазан айында ауыз аштыру, жыл сайын оқу жылы басталарда 10 балаға мектеп формасын, оқу-құралдарын әперу әдетіне айналған.

Ғалияға әлі де талай белестерді бағындыра бер демекпін.

 Ризық Қалиқызы

Осы айдарда

Back to top button