Денсаулық сақтау

Жоғары технологиялы медицина қолжетімді болады

Жоғары технологиялы медицина қолжетімді болады

Газетіміздің өткен сандарында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қорына кімдердің қай уақыттан бастап және қанша мөлшерде жарна төлейтіні жайында жазғанбыз. Енді қорға аударылған қаражатқа қандай дәрігерлік қызмет көрсетілетіні, сақтандырылмаған азаматтар үшін қандай медициналық көмек қолжетімді болатынына тоқталмақпыз.

Мүмкіндігіне қарай төле, қажетіңе қарай пайдалан

Енгізіліп отырған жаңа жүйенің басты қағидасы – денсаулық үшін мемлекет пен тұрғындардың ынтымақтастық жауапкершілігін қалыптастыру. Сақтандыру қорының әрбір қатысушысы жарнаны өзінің әлеуметтік мәртебесі мен кірісіне байланысты төлегеніне қарамастан, МӘМС пакеттеріне кіретін барлық медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмекті тең дәрежеде пайдалана алады.

Бірден ескерте кетейік, 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін өтпелі кезең қарастырылған. Осы уақыт аралығында сақтандырылмаған тұрғындарға да емханаларға келіп, дәрігерге қаралуға болады. Оларға емханалық, амбулаторлық және жедел стационарлық көмек бұрынғысынша көрсетіле береді. Тек созылмалы дерті болса, онда жоспарлы түрде ауруханаға жата алмайды.

Сонымен қатар сақтандыру жүйесіне кірмей қалған кез келген қазақстандыққа кепілдендірілген тегін медициналық көмек 2020 жылдың 1 қаңтарынан кейін де көрсетіле береді. Бұл жиынтыққа екпе егу, жедел жәрдем, санитарлық авиацияның қызметі, шұғыл көмек, әлеуметтік маңызы бар ауруларды ( туберкулез, ЖИТС дерті, т.б.) және айналасындағыларға қауіп тудыратын жұқпалы дерттерді емдеудің барлық түрі, оның ішінде осы аурулар бойынша стационарға жатқызу да кіреді.

Сақтандыру қорының қатысушыларына көрсетілетін дәрігерлік қызметтердің ауқымы әлдеқайда кең. Сақтандыру пакетіне төмендегідей қызметтер енгізілген: амбулаторлық-емханалық көмектің барлық түрі, яғни, қабылдау және кеңес алу, диагностика, емдеу, стационарды алмастыратын көмек, стационарлық көмек, яғни, емдеу және оңалту, паллиативті көмек және медбике күтімі, жоғары технологиялық қызмет түрлері, дәрі-дәрмектің кейбір түрлерімен қамтамасыз ету.

Жоғары технологиялы медицина қолжетімді болады

МӘМС жүйесі бойынша көрсетілетін қызметтер мен қамтамасыз етілетін дәрі-дәрмектердің толық тізімі кейінірек Үкіметтің арнайы қаулысымен бекітілетін болады.

Сақтандыру жүйесіне қатысушыларға мына жайтты білу қажет. Сақтандырылған азаматтар қорға жарна төлеуді тоқтатқан күннен бастап үш ай көлемінде ғана медициналық сақтандыру қызметтерін пайдалана алады. Үш ай өткеннен кейін қорға қайта кіру үшін аударылмаған жарналарды төлеуге тура келмек. Бірақ төлем мерзімі он екі айдан аспауы тиіс.

Қорға қаржы қалай түседі және бөлінеді?

Сақтандыру қорының қоржыны мемлекеттен және тұрғындардан келіп түскен жарналардың есебінен толықтырылады. Бірінші жағдайда, ақша Қаржы министрлігінің Қазынашылығы, одан кейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жеңілдік берілген категорияға жататын тұрғындардың тізімі бойынша Міндетті әлеуметтік медициналық қордың Ұлттық банктегі активіне келіп түседі.

Жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер және халықтың белсенді емес топтарының екінші дәрежелі банктер арқылы аударған аударымдары мен жарналары да мемкорпорация арқылы Ұлттық банкке келіп түседі.

Жиналған қаражат қормен келісімшартқа отырған медициналық ұйымдарға медициналық қызмет көрсеткендері үшін төленеді. Бұл қаржы дәрігерлік қызметтердің ақысын төлеуден басқа ешқандай мақсатқа жұмсалмайды. Қорға жарналардың түсуін Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитеті қадағалап, жарна түспеген болса, тиісті шаралар қолданып отырады.

Оқырманның сұрақтары

Редакциямызға мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты сауалдар әлі деп көптеп түсуде. Біз ең жиі қойылатын сұрақтарды Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Әлиевке қойған едік.
-Үкіметтік емес ұйымдардың жұмыскерлері төлеушілердің қай санатына жатқызылады?

-Үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) жұмыскерлері жалдамалы жұмыскерлерге жатады, олар үшін аударымдар мен жарналар төлеуді ҮЕҰ әкімшілігі жүзеге асырады. Егер ҮЕҰ жұмыскері олар үшін жарналарды мемлекет жүзеге асыратын он төрт санаттың біреуіне жатса, онда ҮЕҰ осы жұмыскер үшін аударымдар мен жарналарды төлеуден босатылады.

-Аурухана парағында болған кезде немесе еңбекке қабілеттігін жоғалту салдарынан ұзақ уақыт бойы жұмыс істемеген жағдайда, жұмыс берушілер тарапынан жұмыскер үшін МӘМС қорына жарналар қалай төленеді?

– Қызметкер ауырып қалған, не болмаса еңбекке жарамсыз деп танылған мерзімдегі уақытша еңбекке қабілетсіздік бойынша есептелетін әлеуметтік жәрдемақысы кіріс болып табылады. Жарналар осы кірістен төленеді.

– МӘМС қорына аударымдарды өзбетімен аударатындар 12 ай үшін барлық соманы жылына 1 рет төлей ала ма немесе ай сайын төлеп тұруы қажет пе? Мысалы, шалғай елді мекендердің тұрғындары аудан орталығына жиі бара алмайды.

-«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасында сақтандыру қорына жарналарды аванспен төлеу құқығы көзделген. Яғни, азаматтар аударымдарын екі-үш айға, тіпті одан да ұзақ мерзімге бірден аудара алады.

-Мемлекет 18 жасқа дейінгі мүгедек балаға күтім жасайтын, жұмыс істемейтін адамдар үшін МӘМС қорына жарналарды төлеуді өз мойнына алғаны белгілі. Бұл адамдар қалай және қайда есепте тұрады? Өйткені қазіргі кезде бұл контингент туралы ақпарат жұмыспен қамту органдарында және ЗТМО-да жоқ.

– «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» 2005 жылғы 28 маусымдағы № 63 Заңға сәйкес мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға ай сайын мемлекеттік жәрдемақы төлеу көзделген. Сондықтан бұл адамдарды есепке алу Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректер базасында жүргізіледі.

-Әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне мәртебе қалай беріледі? Мемлекет бұл адамдар санаты үшін МӘМС қорына жарналарды төлей ме?
-Азаматтарға мәртебе оның кірісінің болуына (немесе болмауына) қарай беріледі.

Әскери қызметшінің жұбайы жұмыс істемесе, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасында оларға жұмыссыз адамдарға көзделген талаптарды қоймай (тіркеу, оқыту, қайта біліктілік және басқалар), бірден жұмыссыз мәртебесін беру жазылған. Бұл норма қызметін өткеру ерекшеліктеріне сәйкес тұрғылықты орнын тұрақты ауыстыруға, жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоқ шалғай елді мекендерде өмір сүруге мәжбүр әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғау мақсатында ұсынылған.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button