Білім

Жеті жасында 18 марапат алған Адина

Жеті жасында 18 марапат алған Адина

Кішкентай қыз Адина Құсайынованың есімі Семей өңірінің тұрғындарына жақсы таныс. Ол мектептен тыс уақытта түрлі үйірмелерге қатысып, спортпен шыңдалып, сурет салғанды, домбыра тартқанды жақсы көреді. Дарынды бала қаладағы №3 мектептің 2 сыныбында үлгілі, үздік оқушылардың қатарында.

-Әлемдегі педагог ғалымдардың зерттеуінше, дарындылықтың бiрден-бiр белгiсi тiлдiң ерте шығуы,-дейді сынып жетекшісі Баян Нұрғалиева,- егер бала жастайынан бөлек-бөлек сөздерден қарапайым сөйлемдер айтуға көшсе, мұндай балалардың сөз байлығы да мол, әңгiмесi де мәнерлi болып келедi. Көп балаларда әзілдеу, сатиралық тіл қабілеті де кезігіп жатады. Олардың есте сақтау қабiлетi жақсы дамыған, ойлау жүйесі де жан-жақты. Дарынды балалар әдетте 4 жасында хат таниды, оқи алады.

Төрт жасында демекші, Адина Құсайынова бұл кезде хат танып қана қоймай, алғаш рет даярлық тобын үздік бітіргені үшін Семейдегі «Лингвистикалық және компьютерлік технологиялық мектеп-гимназияның» марапат қағазына ие болған. 5 жасында осы мектептің спорт үйірмесіне қатысып, киокушкинкай каратэден алғашқы тәлімгері, сенпай дәрежесіндегі Наталья Вячеславовнадан «9-10 КЮ» деңгейін алып, ақ белдікке ие болыпты. Бұл кезде Адинаға екі сертификат береді. Марапат қағазды ең алғаш рет балалар әдетте 1 сыныпты бітіріп, үздік оқығандықтары үшін алса, Адина бұл жаста 11 марапат қағазына ие болған. Мақтау қағаздарының арасында «Күзгі сый» қолөнер шеберлерінің мадақтамасы, облыстық, республикалық «Балапан», «Малахит» сынды жүлделердің иегері ретінде танылған дипломдары бір төбе. Дәл қазіргі уақытта «Киокушинкай каратэден» тәлім беретін жаттықтырушысы, сенсей дәрежесіндегі Айбол Искаковтың пікірінше, Адина бүгінде көк белбеу иегері, өте талантты бала. Ал домбыра үйірмесінде сабақ беретін ұстазы Гүлжанат Қалиева Адинаның болашағынан зор үміт күтеді. Ол Құрманғазының, Тәттімбеттің, Дина Нұрпейісованың күйлерін небәрі алты жасында меңгеріп алған. Қабілет деп осыны айт! Әйтпесе, жеті жастағы балаға нота тұрмақ, үйге берген тапсырманы меңгертудің өзі біршама қиын. Кейде балалар спорт тұрмақ, қарапайым денешынықтыру сабағына бармай қалады. Ал біздің кейіпкеріміздің төзімділігі кез келген адамды таңғалдырады.

Тағы бір айта кетерлігі, Адина «Весёлые нотки» атты музыка мектебінде ансамбль мүшесі. Ондағы ұстазы Людмила Алексеевна да Адинаның алғырлығын мақтан етіп отыр. Людмила Алексеевнаның айтуынша, Адина Құсайынова ансамбльдің мүшесі ретінде сылдырмақ пен үштағанда ойнап, халықаралық Латиф Хамиди атындағы конкурсқа қатыспақшы. Талантты қыз баланың дарынын ұштай білген ұстаздар мен ата-анасына халық дән риза. №3 мектептің директоры Нұржан Ахметқалиев білім ғимаратына «Біздің жұлдыздар» атты арнайы қабырға жасатыпты, сонда көптеген оқушылармен бірге алдыңғы қатарда Адина да жарқырап тұр. – Барлық бала дарынды, бірақ төрт жасынан еңбектенген, жетістікке жеткен, өзiндiк жеке дара қасиетi бар Адина сияқты оқушыларымыз біздің мектеп үшін үлкен мақтаныш, – деді директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алмагүл Құрмашева. -Адинаның анасы Алтын Құсайынованың еңбегі зор, – дейді Д.Қалматаев атындағы Семей мемлекеттік медицина колледжінің бөлім меңгерушісі Айгүл Шакетова, – өзім дәрігер әрі ата-ана ретінде осы Алтын апайдың еңбегін жоғары бағалаймын. Баласын салауатты өмір салтына тәрбиелеуде. Баласын қабілетіне сай барлық үйірмелерге апарып, жанталасып жүреді. Қазіргі ата-аналар осы кісіден үлгі алса дейміз.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
Семей қаласы.

Осы айдарда

Back to top button