Өзекті

Жетімдер үйі азайып келеді

Елімізде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқығы мен мүддесі қаншалықты қорғалған? Осы және басқа да өзекті мәселелер Білім және ғылыми министрінің кеңесшісі Раиса Шердің қатысуымен Өскеменде өткен республикалық кеңестің кеңейтілген отырысында сөз болды.

 

Кездесуге еліміздегі  Адам құқықтары жөніндегі орталығының, Жоғарғы Соттың, жауапты министрліктердің, БҰҰ ЮНИСЕФ балалар қорының және еліміздегі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ұйымдарының басшыларынан құралған 150-ден астам адам қатысты.

-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында кәмелет жасына толмаған балалардың құқығын, мүддесін қорғау қажеттігіне баса назар аударды. Осы бағыттағы мемлекеттік саясатты нәтижелі жүзеге асыру мақсатында биыл Жоғарғы Соттың бастамасымен еліміздің бірнеше аймағында Отбасылық соттар,  «Бақытты отбасы» отбасыларды ресурстық қолдау орталықтары жұмысын бастады. Кез келген мемлекеттің, қоғамның дамуы мен әлеуеті көп жағдайда елдің болашағы – балаларды  қорғауына байланысты. Сондықтан мұндай шаралар үздіксіз жүргізіледі,- деді Раиса Шер.

Отырыс барысында отбасы және балалық институтын қолдау жөніндегі мемлекеттік саясаттың басымдықтары, отбасылық соттар тұжырымдамасының жаңа тәсілдері, отбасындағы жанжалды шешудегі уәкілетті органдардың рөлі және отбасылық дауларды қараудың негізгі аспектілері талқыланды.

Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев жетім балаларды отбасына орналастыру мәселелері бойынша балалар үйлері мен қамқоршылық және қорғаншылық органдарының қызметіне шолу жасады. Сонымен қатар балаларға арналған мектеп-интернаттарын траснформациялауға бағытталған «Балажан» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы да сөз болды.

Мамандардың айтуынша, балалар үйінің саны соңғы жылдары азайып келеді. Бұл әрине қуанарлық жайт. Бұл көрсеткіш бір жағынан баланы өткізушілердің азаюына және бала асырап алушылардың көбеюіне  байланысты. Асырап алушылар әдетте әлі есін білмейтін кішкентай сәбилерді алғысы келеді. Сонымен қатар патронаттық тәрбиеге алып жатады, отбасылық балалар үйі ашылып жатыр. Балаларды ақы үшін алмай, шын жүрегімен тәрбиелеймін деген аналарға тәрбиеші ретінде жәрдемақы әрі әр балаға мемлекеттен ақша беріледі. Алдымен, әрине, қамқоршылық және қорғаншылық мекемесі асырап алғысы келетін адамның адамгершілік қасиеті, мақсаты қандай, мұқият бәрін зерттейді. Шынымен тәрбиелей ала ма, әлде олар арқылы ақша табайын деп отыр ма, бәрін зерделейді.

Өкінішке қарай, асырап алған баланы қайтарып беріп жатқан жағдайлар да кездеседі. Ол баланың психологиясына қатты әсер етеді. Өйткені бала алдымен балалар үйіне, кейін асырап алған отбасына бауыр басып қалады да қайтадан қайтару олар үшін ауыр жағдай болатындығы сөзсіз.

Жетім балаларға арналған ұйымдардағы әлеуметтік, яғни тірі жетім балалардың санын азайту үшін мәселенің алдын алу шараларына жете мән беріп, жас отбасыларды ең алдымен баспанамен, жұмыспен қамту мәселелерін дер кезінде шешу маңызды.

-Мен балалар үйінде жұмыс істегелі 23 жыл болды. Алматы облысында үш балалар үйі болған, қазір біреуі қысқарып, екеуі қалды. Балалар үйінде жылдан-жылға жетім балалар саны қысқаруда. Облыста қабылданған «Жетім балалар үйінсіз Жетісу» жобасы бойынша балаларды отбасына орналастыру үшін еңбек етіп жатырмыз. Әр баланың өз отбасында, өзінің  ата-анасының қамқорлығында өмір сүруі баланың ең басты құқығы әрі ата-ананың міндеті ғой. Дегенмен, өмір болған соң өлім де болады. Сондықтан жетім бала болмайды деп біз айта алмаймыз. Бірақ біздің жүрегімізді ауыртатыны – әлеуметтік жетім балалар. Әке-шешесі бола тұрып, балаларының балалар үйінде тәрбиеленуі ол қасірет деп айтуға болады. Құдайға мың да бір шүкір, соғыс жоқ, тыныштық, тәуелсіздігімізге отыз жылдай болып қалды. Мемлекетіміздің жағдайы жақсарып келеді. 1996 жылы балалар үйінің бюджеті 13 миллион теңге болса, қазір 169 миллион.  Әрине, балалар үйінің қысқарғаны дұрыс. Дегенмен, қиын жағдайда тұрып жатқан отбасылар да бар екендігі шындық. Сондықтан алдын алу шараларына баса көңіл бөліп, жас отбасыларға жағдай жасалуы керек,-дейді  Талдықорған қаласындағы «Айналайын» балалар үйі басшысының орынбасары Жамал Баймәдиева.

Әлеуметтік жетім балалар балалар үйіне қалай түседі? Үй жоқ, жұмыс жоқ, қиын жағдайға душар болғаннан кейін мәжбүр болады. Елдің бәрі бірдей мықты емес, кейбірі сондай ауыртпашылықты көтере алмай, маскүнемдікке салынып кетіп жатыр. Сондықтан жағымсыз отбасында тұрып, жағымсыз жағдайларды көріп, аш-жалаңаш өскенше баланың әзірше балалар үйінде тәрбиеленгені дұрыс, дейді мамандар. Бір қуанарлығы, балалар үйіндегі қаракөздердің үлесі азайған. Мәселен, кезінде «Айналайын» балалар үйіндегі 164 тәрбиеленушінің тең жартысы қаракөздер болған, ал қазір 28 бала ғана бар.

Отырыс соңына қарай сала мамандары өзара пікір алмасып, алдағы жылы атқарылар жұмыстардың  жоспарын нақтылады.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button