Білім

Жеңімпаздарға «ЭКСПО-2017» көрмесіне жолдама берілді

Жеңімпаздарға «ЭКСПО-2017» көрмесіне жолдама берілді

Өскемендегі Қазақстан-Американ еркін университетінде «Жастар және бизнес» атты облыстық бизнес жобалар байқауы өтті.

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған байқауға мектеп оқушылары мен техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің студенттері қатысты. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкийдің айтуынша, байқаудың басты мақсаты – жастардың кәсіпкерлікке деген қызығушылығын ояту.

– Ағымдағы жылы облысымызда екінші рет ұйымдастырылып отырған байқау жастардың шағын және орта бизнес туралы танымын кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, аталмыш байқауға қатысқан жастар үш тілді жетік білетіндерін көрсетіп, болашақта отандық және шетелдік компанияларда жұмыс істеуге ниетті екендерін дәлелдеді, – дейді Игорь Шацкий.

Облыстық білім басқармасы мен облыстық кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ, Өскемен экономика және қаржы колледжінің ұйымдастыруымен өткен байқау барысында жастар

өңіріміздегі шағын және орта бизнесті дамыту стратегиясын көрсетіп, тың идеялар айтты. Байқауға Өскемен және Семей қалаларынан, сондай-ақ, Көкпекті, Жарма, Ұлан, Глубокое аудандарынан келген оқушылар мен студенттер қатысты. Қазақстан-Американ еркін университетінің ректоры Ережеп Мәмбетқазиевтың айтуынша, балаларды мектеп жасынан бастап бәсекеге қабілетті маман ретінде тәрбиелеу керек.

– Баланың бойындағы көшбасшылық және кәсіпкерлік қабілетін аша білу қажет. Сонда ғана біз дамыған 30 елдің қатарына кіре аламыз. «Заманына қарай адамы» демекші, біз уақыт талабына сай кадрлар дайындауға күш салуымыз қажет, – дейді Ережеп Мәмбетқазиев.

Байқаудың қорытындысы бойынша «Жеке меншік ісі» аталымы бойынша өскемендік Александра Иванова үздік атанса, «Инновациялық кәсіпкерлік» аталымына Ұлан ауданынан келген Бекзат Амандық лайық деп танылды. Ал «Агробизнес» аталымын Аружан Кенжебекқызы мен Яна Мумлева иеленсе, «Әлеуметтік жоба» аталымы бойынша Меруерт Чагиева марапатталды. Осы орайда, барлық жеңімпазға «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне билеттер берілгенін айта кеткен жөн.

– «Күн көлігі арқылы баламалы қуат көздерін алу жолдары» тақырыбы бойынша жоба қорғадым. Әзірше тек қана жанар-жағармайды қажет етпейтін көліктің макетін жасап шығардым. Болашақта бұл өнертабысымды іске қосқым келеді, – дейді Бекзат Амандықұлы.

Байқау соңында қатысушылар «Каравай» ЖШС мен «АЗИЯ АВТО» АҚ-ның зауытына барып, олардың жұмыстарымен танысып қайтты.

Ажар САҒАТБЕКОВА

Осы айдарда

Back to top button