Мәдениет

Жеңімпаз үштік Атырауға аттанады

«Дарын» орталығында өткен ІІІ Махамбет оқуларында облыс аумағындағы барлық аудандар мен қалалардан 50-ден астам оқушы сайыстың 3 кезеңі бойынша бақ сынасты.

Жеңімпаз үштік Атырауға аттанадыСайыстың «Ел құтқарар ер едім» атты бірінші бөлімінде оқушылар Махамбеттің өлеңдерін жатқа оқыды. Жыл сайын өткізіліп келе жатқан шараның басы-қасында жүргендер өткен жылмен салыстырғанда балалардың жаттаған өлеңдерінің саны да, дайындықтары да едәуір жақсарып қалғанын айтады.

5-11 сынып аралығындағы оқушыларды қамтыған бұл додада айрықша атай кететін бір жайт, сайыс қорытындысында төмендеу сыныптағы оқушылар басымырақ түсіп жатты. Айталық, Зайсан ауданынан келген Шекара орта мектебінің 6 сынып оқушысы Еркеназ Дүйсенбекова сұрақтарға мүдірмей жауап беріп, алғашқы бөлімнің жүлделі бірінші орнына қол жеткізді. Ал Махамбеттің ән-күйін орындау шеберлігін көрсететін «Ұлы арман» атты екінші бөлімде дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған музыкалық мектептің 8 сынып оқушысы Раушан Төлегенова жеңімпаз болып танылды.

«Тартынбай сөйлер асылмын» атты үшінші бөлімде Тарбағатай ауданы, Өкпекті орта мектебінің 9 сынып оқушысы Ерсін Құрманғожин жеңімпаз атанып, бас жүлдені қанжығаға байлады. Сондай-ақ, сайысқа қатысушылардың өз шығармашылығын сынға салатын соңғы бөлімге қатысушылардың көбі өлең жазып әкеліпті. Бұл тұста олардың барлығы бірдей поэзия дейтін мөлдір бұлақтан қанып ішіпті деп айтудан аулақпыз. Десе де, Семейдегі Шоқан Уәлиханов атындағы «Жасұлан» мектебінің оқушысы Мирас Жолдыбалин, көкпектілік Мейіргүл Мұралбекқызы, Абай ауданы, Қарауыл гимназиясының оқушысы Нұрғыз Мырзаханова сынды оқушылардың өлең өлкесіндегі аяқ алысы көңіл қуантады. Әрине, бұлардың қатарында жеңімпаз Ерсін Құрманғожин да бар. Тек әдеби ортадан алыстамаса екен осы көкөрімдер. Сонымен үш бөлім бойынша жеңімпаз атанған үштік күзде Атырауда өтетін республикалық байқауда облыс намысын қорғайды.

Ерке Ертістен нәр алған ұл-қыздарымыз Жайықта да жасындай жарқылдап, жеңістің туын желбіретіп қайтсын деп тілейік.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button