Сайлау-2023ТОП

Желі қолданушыларын таңғалдырған көкпаршылар кім?

“Бұл сайлау бұрынғы саяси додалардан өзгеше” десек ешкім дау айта қоймас. Саяси өзгерістерді былай қойғанда елдің есінде қалар ерекше оқиғаларға толы болып тұр. Ең бастысы электорат белсенді.

Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау науқаны жергілікті тұрғындардың бұрын-соңды болмаған белсенділігімен, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңындағы мерекелік көңіл-күймен есте қалады. Қай сайлау учаскесіне барсаңыз да ұлттық нақышта киінген жұртты көзіңіз шалады. Наурызкөже, құрт-ірімшік, бауырсақ сияқты ұлттық тағамдардан мол дастархан жайылған. Ал Самар ауданының бір топ көкпаршысы дауыс беруге сақадай-сай киініп, атпен келіпті. Бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушыларын таңғалдырып жатыр.

Самар ауданында №835 сайлау учаскесіне талай додада топ жарған көкпаршылар келді.

– Біз елімізде болып жатқан өзгерістерді қолдап, жастарға қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттау үшін сайлауға осылай арнайы киім киіп, тұлпарға мініп келдік, – дейді “Дархан ат” спорт клубының жетекшісі Қанат Бикатов.

Мүмкін, сайлау учаскесіне ұлттық нақышта келген жігіттерге босағадан аттап кіріп келе жатқан Ұлыстың ұлы мейрамы – Наурыз әсер еткен болуы да мүмкін.
Жалпы өңірдегі сайлау ерекше өтіп жатыр. Мәселен, Зайсан ауданында сайлаушыларға наурызкөже ұсынылды. Ауыл тұрғындары саяси науқанға қатысып қана қоймай, ұлттық тағамнан дәм татып, жергілікті өнерпаздардың өнерін тамашалады.
Ал Ұлан ауданында көкпаршылар мен бүркітшілердің отбасы түгел сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді. Маркс Нәжітпанның отбасы аймақта өте танымал. Олар сайлауға бүркітші қызы Айзерені де ертіп келді. Өздерімен бірге аспан серісін де ала келіпті.

– Елімізге бейбітшілік пен өркендеу тілейміз. Біздің балаларымыз қазақ халқының символы – бүркіт сияқты ең биік шыңдарды бағындырсын, – дейді бүркітші Маркс Нәжітпан.

Айта кету керек, мерекелік дастархан бүгін таңертең барлық дауыс беру пучаскелерінде жайылды. Аға буын өкілдері жастарға бата беріп, жылы лебіздерін білдіріп жатты. Нағыз мейрам деген осы шығар.

Didar ақпарат

Осы айдарда

Back to top button