Оқиғалар

Жеке кәсіпкер пәтер кілтін тапсырды

Жеке кәсіпкер пәтер кілтін тапсырды

Облыс орталығындағы Металлургтердің мәдениет сарайында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдауға бағытталған дәстүрлі «Мейірім» акциясының биылғы қорытындысы шығарылды. Осы жерде жеке кәсіпкер Анар Назарова қамқорлығына алған бойжеткенге пәтер кілтін табыс етті. Мерекелік шараға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.
Облыста 2011 жылдан бастап елімізде теңдесі жоқ «Мейірім» акциясы қолға алынып, оның кешенді жоспары жасалған болатын. Осы уақыт аралығында акциямен өңірімізде 1800 бала қамтылып, олардың «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкідегі» есепшоттарына 212 миллион теңгеден астам қаржы аударылды. Қолға алынған кешенді іс-шаралардың нәтижесінде айналдырған үш-төрт жылда 340 тәрбиеленуші баспанамен қамтамасыз етілді. Бұған дейін он жылдың ішінде бар болғаны алты жеткіншекке пәтер берілген-ді.
– Жуықта ғана Жеңістің 70 жылдық мерейтойын тойладық. Қазақ жерінде алғашқы жетім балалар үйі сол сұрапыл соғыс жылдары ашылған болатын. Көңілі дарқан қазақ халқы қырық жеті мың жетімекті бауырына басып, қуаныш сыйлады. Оларға шаңырағынан орын берді, дастарқандағы дәмімен бөлісті, – деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар. – Халқымыздың қанына сіңген осы бауырмалдықты біз ары қарай жалғастырудамыз. 2011 жылдан бастап облыста қолға алынған осы жобаның авторы шығысқазақстандықтар. «Мейірім» акциясы – Шығыстың тағы бір бренді. Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев еліміздің басқа өңірлерінде де осындай шаралар өткізу жөнінде тапсырма беріп отыр. Қазір бізге өзге облыстардан келіп, іс-тәжірибемізбен танысуда.
Акцияның басты мақсаты – қоғамның бет-бейнесін өзгерту, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға деген жанашырлықты жақсы әдетке айналдыру. Соңғы кезде балалардың есепшоттарына қаржы аударуда бәсеңдеушілік байқалады. Мен барлық азаматтарды, меценаттарды осы бір игі бастаманы қашан да қолдап отыруға шақырамын.
Бұдан кейін Жақсылық Омар жетім балалар үйлеріне тұрақты түрде демеушілік танытып, акцияға қомақты үлестерін қосып келе жатқан ұйымдардың басшыларын Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқын қорғау комитетінің Алғыс хатымен марапаттады. Олардың қатарында мүгедектер мен қарттарға арналған жалпы типті Зевакино медико-әлеуметтік мекемесі, түсті металдардың Шығыс Қазақстан ғылыми-зерттеу кен-металлургиялық иституты, «Березовка плюс» ЖШС, «Назарова» жеке кәсіпкерлігі бар.
2014 жылы «ШҚО балалар досы» белгісімен ең белсенді деген он патронаттық ұйым марапатталған болатын. Жыл сайын осындай ұйымдардың саны көбейіп келе жатқаны қуантады. Биыл олардың қатары тағы үш мекемемен толықты.
Жас жеткіншектерге патриоттық тәрбие беруге ат салысып, әртүрлі бірлескен шаралар өткізген облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Руслан Нұрбатчанов, ұйымдарына патронаттық тәрбиеге алған баланың есепшотына бір миллион 500 мың теңге аударған, алдағы уақытта оның жоғары білім алуына қолдау көрсетуді көздеп отырған облыстық аурухананың бас дәрігері Жайық Жұмаханов және «Қазкоммерцбанк» АҚ филиалының директоры Берік Шапатов «ШҚО балалар досы» атанды. Банк қызметкерлері ата-анасының қамқорлығынсыз қалған екі баланы қамқорлыққа алып, балалар үйлерінің басқа да тәрбиеленушілеріне көмек қолын созып келеді.
Мерекенің ең бір қуанышты сәті – Семейдегі №8 отбасылық типті балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушісі, медициналық колледждің оқушысы Арайлым Ысқақованың баспаналы болуы еді. Оның Семейде пәтерге қол жеткізуіне жеке кәсіпкер Анар Назарова көмектесіпті.
– Менің өзім де анамын, ата-анасының ыстық мейірімін көрмеу балаға қаншалықты қиын екенін жақсы түсінемін. Мен бүгінде өзімнің осындай балғындарға көмектессем деген арманыма қол жеткіздім, – деді жеке кәсіпкер. Анар аталмыш балалар үйіне үш жылдан бері демеушілік танытып келе жатыр екен. Ол сонымен қатар тағы бір тәрбиеленуші Дархан Жұмашевтің жұмыспен қамтылуына ықпал етіпті.
– Мен менің отбасымдай болып кеткен Анар әпкеме шексіз алғысымды білдіргім келеді. Сонымен қатар, маған тәрбие берген №8 балалар үйінің директоры Сержан Балқұмарұлына, тәрбиешілірім Бақыт Шәріпқызына, Кенже Шәріпқызына қарыздармын, – деп ағынан жарылды Арайлым.
Акция кезінде жарияланған марафонның нәтижесінде балалардың есепшоттары 5 300 000 теңгемен толықты. Атымтай жомарт кәсіпорындардың қатарында үш миллион теңге аударған «Үлбі металлургия зауыты» АҚ, 1 630 000 теңге қосқан облыстық соты, 500 000 теңгеден берген жеке кәсіпкерлер бар.
«Мейірім» қайырымдылық акциясының негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бойына адамгершілік, ізгілік, бауырмалдық сияқты асыл қасиеттерді дарыту десек, бүгінгі шара діттеген жеріне жетті. Мерекелік шара «Үміт» және Науалы балалар үйлерінің, Риддердегі балалар мекемелері тәрбиеленушілерінің әсем әні және өрнекті биімен өріліп отырды. Шынашақтай ғана Сұңғат Жұмахановтың «Аяулы анашыма», Даниил Гриштің қазақ тілінде шырқаған «Домбырасыз ән қайда» әндері, «Үміт» балалар үйінің «Аққу-Үміт» би ансамблінің өнері жиналғандардың ыстық ықыласына бөленді.
Айта кету керек, қазіргі таңда облыста 3519 жетім және ата-анасының қамқорынсыз қалған бала бар. Оның ішінде 1191 бала толық мемлекет қарауында, 2192 бала отбасында қамқорлықта болса, 136 бала патронаттық тәрбиеге берілген.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button