Тікелей байланыс

Жайлауда мал бағу неге қиындап тұр?

«Дидар» газетінің редакциясында ұйымдастырылған кезекті тікелей байланысқа облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селиханов келіп, оқырмандардың сауалдарына жауап берді.

Жайлауда мал бағу неге қиындап тұр?Әділет ӘДІЛХАНОВ, Аягөз ауданы:
– Аудандағы шаруа қожалықтары үшін «Сыбаға» бағдарламасына қатысудың талаптары өте күрделі. Ал «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша несие алайық десек, шаруа қожалығымыз бар екенін алға тартып, кері қайтарады. Осындай мәселеге тап болған он шақты қожалықтың мәселесін шешуге көмектессеңіздер.

– «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несиелендірумен ауыл шаруашылығын қолдау қоры мен «Агрокредит корпорациясы» АҚ айналысады. Оларға нұсқау беру біздің құзіретімізге жатпайды. Егер мұндай мәселе өзіңіз айтқандай, ондаған шаруа қожалығын тығырыққа тіреп отырған болса, бәрлеріңіз жиналып, аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне жүгініңіздер. Солар арқылы біздің басқармаға шығуларыңыз керек. Бір күнді нақты белгілеңіздер, сол мерзімде басқарма басшысының орынбасары мен жоғарыда өзім атаған несиелендіруші мекемелердің өкілін аудандарыңызға жіберейін. Қалған мәселе сол жерде қаралсын.

Марина ГОЛУБЕВА, Өскемен:
– Қаладағы сауда орындарынан, жәрмеңкелерде алған ет қаншалықты қауіпсіз?

– Бүгінгі таңда облыс орталығында сатылып жатқан еттің сапасында кінәрат жоқ деп толық сеніммен айтуға болады. Бұл жағынан ешқандай алаңдамай-ақ қоюыңызға болады. Ет сатылымға қойылмас бұрын үш түрлі тексеруден өтеді. Ал егер етті өздігіңізден, ауылды жерлерден, жеке қолдан сатып алсаңыз, оның сапасына кепілдік бере алмаймыз.

Алла КАЛМЫКОВА, Өскемен:
– Неге жергілікті ет бағасы Аргентина, Украина сияқты елдерден келетін еттің бағасынан әлдеқайда қымбат?

– Аргентинадан келетін етті мысалға алып отырсыз ғой, ол елде біздегідей қыс болмайды. Яғни, малдың күтімі үшін қысқы аяздан қорғайтын қора салып, оны жылылауға шығындалмайды. Ол елдің тарихына көз салсаңыз, біздегідей түрлі даму жолын басынан өткермегенін, соның әсерінен мал шаруашылығы тұрақты түрде, еш кедергісіз, ұдайы дамып келгенін байқайсыз. Осының бәрі бүгінгі таңда оларға ет экспорттау ісінде басымдықтар беріп отыр. Бұл тұрғыда Украинаның да бізден алда екенін мойындауымыз керек. Қысқасын айтқанда, еттің бағасы оны өндіруге кететін шығынға байланысты. Біз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге талпынып жатырмыз. Кіре қалған жағдайда, осы мәселе қиындықтар туғызуы мүмкін.

Николай ГРОМОВ, Семей:
– Қазір қайда барсаң да игерілмей, бос жатқан жер көп. Неге сол жерлерді шаруаларға үлестіріп бермеске?

– Осы мәселені шешу үшін өз тарапымыздан жеті өңірдегі жердің қалай пайдаланылғанын зерделедік. Жерді тиімді пайдалануға жол ашу шаралары жан-жақты қолға алына бастады. Пайдаланылмай жатқан жерлерді істің ыңғайын білетін шаруаларға тапсыру тәжірибесі де бар. Мәселен, Мұхит Тұмабаев есімді азамат Қарасу өзенінің бойындағы бос жатқан жерді пайдалану үшін рұқсат беруімізді сұраған. Аталған жер егіншілікпен де, мал шаруашылығымен де айналысуға қолайлы. Біз бұл өтінішті жан-жақты қарастыра келе, кәсіпкердің талабын қанағаттандыру керек деп шештік. Қысқасы бұл тұрғыда жұмыс жүріп жатыр.

Қалижан БЕРДІМҰРАТОВ, Аягөз ауданы:
– Бұрындары Аягөз аумағындағы жайлаулардың барлығында дерлік құдықтар жұмыс істеуші еді. Қазір сол құдықтардың орнын да таппай қалдық. Жайлауда мал бағу неге қиындап тұр? Бұл мәселе қашан қолға алынады?

– Жуықта осы жайлауларда мал шаруашылығын дамыту мәселесі Парламент Мәжілісінде қаралып, арнайы бағдарлама мақұлданды. Осы бағдарламада ата кәсіптің аталған тармағын дамытуға атсалысуы тиіс ведомстволар белгіленіп, оларға нақты тапсырмалар жүктелді. Соның ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне жайлауды сумен, жарықпен қамтамасыз етіп, малшыларға баспана беру мәселесін шешу жүктеліп отыр. Осы бағдарламаға біз бірнеше ұсыныс жолдадық. Солардың ішінде ең маңыздысы жайлауда мал өсірушілерге өтемақы төлеу мәселесі дер едім. Сіз көтеріп отырған мәселе республикалық деңгейде қаралып жатқандықтан, алдағы уақытта оңды шешіледі деп ойлаймын. Жайлауларды жандандыру науқанын ең бірінші бұрынғы құдықтарды қалпына келтіруден бастайтын боламыз.

Айбек ТОҚТАСЫНОВ, Семей:
– Шалғай елді мекендер үшін жоңышқа сынды қарапайым екпе шөптердің тұқымын табудың өзі мұңға айналып отыр. Ғаламтор арқылы іздеп көріп едік, Ресей мен Еуропадан, Қытайдан әкелінетін көрінеді. Олардың өзін саудалаушы мекемелер Алматыда орналасқан. Бағасы да, жеткізу құны да қымбатқа түсіп отыр. Көпжылдық екпе шөптердің тұқымын өзімізде неге дайындамасқа?

– Сұрағыңыз өте орынды. Шынымен де қазір көпжылдық екпе шөптердің тұқымын табу көп қиындықтар туғызып отыр. Сіз айтқандай, қарапайым арпа, бидайық, жоңышқа, эспарцеттің тұқымын егу бүгінгі жағдайда өте қымбатқа түсуде. Мәселен, жоңышқаның тоннасы 400 мың теңгеге жетсе, эспарцет тұқымының тоннасын бір млн. теңгеге сатып алуға мәжбүрміз. Осы мәселені шешу үшін биылдан бастап кем дегенде үш немесе төрт ауданда көпжылдық шөптердің тұқымын дайындаумен айналысатын шаруа қожалықтарын құрмақпыз. Ал көпжылдық шөп еккен шаруаға әр гектарына субсидия төлеу мүмкіндіктері де ойластырылуда. Бұл шаруаны биыл ғана қолға алып отырмыз. Келер күзге қарай көтеріп отырған мәселеңіз толықтай шешілуі тиіс.

А.БЕСПАЕВ, Күршім ауданы:
– Қазіргі уақытта тауар өндіруші шаруашылықтарға есептік нөмірлердің берілмей отырғанын білесіз. Бұл қолайсыздық не себепті туындап отыр және осы мәселенің шешімі қандай болмақ?

– Ондай мәселенің болғаны рас. Бүгінде ол толықтай шешілді. Алаңдамауыңызға болады.

М.ОРАЗБАЕВ, Күршім ауданы:
– Биыл Күршім ауданына «Жайлау» бағдарламасы бойынша қаржы бөліне ме?

– Аталған мәселе қарастырылуда, дәл қазір нақты шешім шыққан жоқ. Күршімге «Жайлау» бағдарламасы бойынша қаржы бөлу жоспарда бар. Бірақ нақты шешім шықпағандықтан, әзірге ешқандай уәде бере алмаймын.

А.БОЛҒАНБАЕВ, Абай ауданы:
– Қазір ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында көптеген қорлар құрылып жатыр. Жергілікті жерлерде солардың бөлімшелері неге ашылмайды? Бір құжат үшін облыс орталығына сабылып жүрген жайымыз бар.

– Сіз айтып отырған қолдау қорлары «Қазагроқаржы» деген бізден дербес мекемеге қарайды. Сондықтан олардың ішкі ісіне араласу құзіретімізге жатпайды. Жоқ дегенде қаржылай қолдау қорларының филиалдарын Семей қаласында ашу туралы ұсыныс айтқанбыз. Ол ұсыныстың өзі қалай шешіліп жатқаны әзірге белгісіз. Әр ауданға бір-бір филиал ашу олар үшін тиімсіз екенін де ескерген жөн.

Ербол АЙТБАЕВ, Үржар ауданы:
– Ірілендірілген шаруа қожалықтарының қасынан неге сүт тауарлы фермалар ашылмайды? Осыны ұйымдастыруға бола ма? Осылай болған жағдайда талай адамға жұмыс табылар еді ғой.

– Сүт тауарлы ферма ашу, ашпау әр қожалық иесінің өз құзырындағы шаруа. Бүгінгі таңда «Шығыс-сүт» ЖШС аталмыш фермалардың желісін құруды жоспарлап отыр. Семей қаласында сүт тауарлы ферма кешенін құру жобасы бар. Бұл жобаны қолдауға қаржы табылса, 2015 жылы кешен қолданысқа беріледі. Қазір дүкен сөрелеріндегі сүт өнімдерінің көбі Ресей, Украина сынды көрші елдерден келетіні жасырын емес. Осыған тосқауыл болу үшін өз ішімізде шағын отбасылық фермалар қалыптастырып, соларды дамытуымыз керек. Татарстанға барған сапарымызда осы іс бойынша көптеген ақпаратқа қанығып, тәжірибе алмасып қайттық. Ол жақта несие алушы отбасыға жергілікті атқарушы билік кепілгер болатын көрінеді. Ал біз отбасылық фермаларды қолдауға әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияны тартпақпыз. Корпорация құрылған отбасылық ферманың 49 пайызға дейінгі акциясын сатып алады да, несие алуына көмектеседі. Ферма алған несиесін қайтарған кезде 100 пайыз акцияға иелік етеді. Егер бұл бастама ойдағыдай жүзеге асып жатса, осы жүйе негізінде ешкі сүтін өндірушілерге де қолдау көрсетсек деген ойымыз бар.

Айтуар БЕКТЕМІСОВ, Ұлан ауданы:
– Қазір ел арасында бруцеллез ауруын анықтау шараларына деген сенімсіздік пайда болды. Жыл сайын әр ауылда белгілі бір мөлшерде малдың көзі жойылатын болды. Бұл істе науқаншылдыққа бас ұрып кеткен жоқпыз ба?

– Науқаншылдыққа бас ұрдық демес едім. Алайда, осыған дейін орасан ағаттық орын алғаны рас. Ауыл шаруашылығы министрлігі диагностика мәселесінде қателік жібергенін мойындап отыр. Аталмыш ауруды анықтау тәсілі негізсіз болған. Ал оның зардабын қарапайым халық көрді. Сол кезде біздегі ірі-ірі шаруашылықтардың малы қырылған болатын. Бұл облыстың мал шаруашылығына орасан шығын келтірді. Осы мәселені облыс басшылығымен бірге көтеріп келе жатқанымызға үш жыл болды. Ақыры ағаттық кетіп жатқанын дәлелдедік. Бруцеллез ауруын анықтау шаралары жетілдірілу үстінде. Бір ғана анализдің қорытындысына сүйеніп малды қыра беруге болмайтынын Жапония, Израиль сынды елдерден үйренуіміз керек. Олар анализ кезінде ауруға оң нәтиже берген малды оқшаулап, тағы бірнеше сатылы тексеруден өткізеді. Сол сатылардың барлығында ауру белгілері анықталса ғана көзін жояды. Бізге де осындай байыпты зертхана жүйесі қажет-ақ.

Игорь АНДРЕЕВ, Шемонайха ауданы:
– Соңғы кезде рапс дақылының пайдасы жайында көп айтылып жүр. Бірақ диқандар әлі де болса егіс алқабының көп бөлігіне күнбағыс егуін тоқтатар емес. Себебі неде?

– Расымен рапс дақылы өте пайдалы. Оның бір гектарынан 100 мың теңгеге дейін таза пайда табуға болады. Рапс еккен диқанға бюджеттен әр гектарына 10 мың теңгеден субсидия беруге дайынбыз. Күнбағыс екі-үш жылдың ішінде жердің құнарын сорып алатын болса, рапс керісінше құнарландыра түседі. Осыған көзі жеткен Фарид Абитаев сынды жаңашыл диқандар енді-енді бет бұрып келеді. Рапс егу үшін арнайы тұқымсепкіш қажет. Бұрыннан қолданып келе жатқан техникалық қондырғылардың бәрі рапсқа келе бермейді. Көп шаруа қожалықтары үшін бұл да кедергі. Әйтпесе, рапстың тұқымын табу, оны өңдеу, тыңайтқыш себу мәселесі аса қиындық тудырмайды. Рапстың бағасы қымбат болғандықтан көп күтім қажет деп жасқанатындар да бар. Оны күтіп-баптау үрдісі бар болғаны үш кезеңнен тұрады.

Бірінші кезеңде оны зиянкестерге қарсы өңдеу қажет. Екінші кезеңде арамшөпке қарсы өңдейді. Үшінші кезеңде қайтара зиянкестерге қарсы өңдеу шараларын атқарады. Үржар ауданы рапс егудің индустриялық әдісін қолданып көрмекші. Қазір облыс диқандарына рапс алқабын 10 мың гектарға жеткізуді ұсынып отырмыз. Әзірге бөлінген субсидия толық игерілмей тұр. Енді бірер жылда диқандар оның қаншалықты тиімді екенін аңғарады деп ойлаймын. Сол кезде қазіргі субсидия жеткіліксіз болуы мүмкін.

Алина ЛАЗАРЕВА, Өскемен:
– Мен үнемі «Шығыс-сүт» ЖШС өндірген сүтті аламын. Соңғы кезде сол сүттің сапасы әр күні әрқалай болатынын аңғарып жүрмін. Сүт өнімдерінің сапасы қаншалықты қадағаланып отыр?

– Өткенде облысқа Ауыл шаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков келгенде, азық-түлік сапасын қадағалап, стандарттаумен айналысатын мекеме керек екенін айттық. Бұл ұсынысымыз қолдау тауып отыр. Бұл ресейлік «Роспроднадзор» мекемесінің үлгісінде құрылмақ. Агенттік ретінде құрылатын бұл ұйым тікелей Үкіметке бағынатын болады. Егер ойымыз жүзеге асса, азық-түлік экспорты мен импорты қатар қадағалауға алынады.

Тікелей байланысты жүргізген – Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button