Тікелей байланыс

\”Қазақстан Барысы\” келесі жылы Шығыс Қазақстанда өтеді

"Қазақстан Барысы" келесі жылы Шығыс Қазақстанда өтеді

«Дидар» газетінің редакциясында өткізілген тікелей байланысқа облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Рахым Әли қатысып, оқырмандар қойған сауалдарға жауап берді.

Алмас Рамазанов, Өскемен:
– Кейінгі кездері облысымызда спорттық нысандар көптеп салынуда. Бұл нысандардың адамдармен қамтылуы қалай? Жалпы, өңіріміздегі спортпен айналысатындардың үлесі туралы ақпарат бар ма сіздерде?
– Әрине бар. Кейінгі екі жылда біздің облыс спортпен айналысатын адамдар санының артуы және қамтылуы бойынша республикада көш бастап тұр. Дәл қазіргі уақытта облысымызда 395 мың адам спортпен айналысады. Бұл дегеніміз жалпы өңір халқының 28,4 пайызы. 2015 жылы бұл көрсеткіш 30 пайызға жетеді деп күтілуде. Сөйтіп, белгіленген жоспарды толық орындап шығамыз. Ал спортпен шұғылданатын балаларды спорттық мектептермен қамту көрсеткішіне келсек, ол – 29 мың адамды құрайды.

Әсел Маратова, Өскемен:
– Ұлымды қазақ күресіне берейін деп едім. Бірақ қайда бару керектігін білмеймін. Секциялар ақылы ма, жоқ па, балаларды неше жастан қабылдайды? Ол жағынан да хабарым жоқ. Не істеуім керек?
– Спорт секцияларына балаларды алты жастан алады. Егер сіз Өскеменнің тұрғыны болсаңыз, облыс орталығында бүгінде 14 спорт мектебі жұмыс істейді. Соның сегізінде күрес секциялары бар. Ал қазақ күресіне екі мектепте үйретеді. Атап айтсақ, олар – ЖМК ықшамауданындағы Жекпе-жек сарайында және Борис Александров атындағы спорт сарайына жақын жерде орналасқан мамандандырылған мектепте. Аталған спорт ошақтарының мекенжайлары, басшыларының аты-жөндері, байланыс телефондары және басқа да ақпараттар біздің басқарманың «http://sportvko.gov.kz» ресми сайтында көрсетілген.
Секциялардың бәрі тегін. Алайда, баланың жасы үлкен болса, арнайы нормативтерді тапсырады. Сәтті өтсе, ешқандай ақысыз қабылданады, өте алмаса, ақылы түрдегі секцияға жазылады. Негізі күресті енді ғана бастаған балалардың бәрі нормативтер тапсырмай-ақ алынады.

Эльмира, Өскемен:
– Облыс орталығында орналасқан спорт кластері аумағында мектеп-интернат салынып жатқанын білемін. Нысанның ашылуы қашан болады және ол жерде кімдер оқиды?
– Мектеп-интернаттың ашылуы биылғы 19-желтоқсанға жоспарланып отыр. Ол жерге балаларды 7-сыныптан бастап қабылдайды. Оқитын шәкірттердің жалпы саны 350 болады. Оның 200-і өңіріміздің өзге елді мекендерінен келіп, интернатта тұрып оқитын балалар болса, 150-і – Өскемен қаласының өкілдері. Яғни, спорт мектебіне күнделікті келіп оқитын балалар. Ескеретін бір жайт, онда оқуға ниет білдіргендердің бәрін бірдей ала бермейді. Өзінің өлшемдері бар. Мәселен, өңіріміздің өзге спорт мектептерінде оқып жүрген жеткіншектерді арнайы тестілеу арқылы іріктеп алады.

Оңдасын Елубай, спорт журналисі:
– Алдағы жылға облысымызда халықаралық ауқымдағы қандай ірі спорттық шаралар жоспарланған?
– Келер жылы облыста көптеген спорттық шаралар жүзеге асырылады. Соның ішінде атап өтерлік ірі жарыстар туралы айтсақ, «Тур де Өскемен» халықаралық велокөпкүндігі, «Қазақстан барысы», Б. Александров атындағы халықаралық хоккей турнирі, көркем гимнастикадан «Шығыс сұлуы» («Грация Востока») халықаралық турнирі, сондай-ақ, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті қолдау білдіретін болса, Риддер қаласында Әлем кубогінің қысқы кезеңін өткізу жоспарда бар. Аталған шаралардың барлығы ресми түрде бекітіліп, тиісті қаражат қарастырылып қойған.

"Қазақстан Барысы" келесі жылы Шығыс Қазақстанда өтеді

Мақсат Құмаров, Өскемен:
– Спорттық нысандардың қолжетімділігі қалай? Адамдармен толық қамтылған ба?
– Бүгінгі таңда облыста 3 100 спорт нысаны бар. Кейінгі үш жылдың ішінде 300-ден астам нысан салынған. Барлығында адамдардың қолжетімділігі – 100 пайыз. Балалар үшін спорт мектептерінде тегін қызмет көрсетіледі. Ал ересектерге мүмкіндігіне қарай ақылы түрде қызмет ұсынылады. Қысқасы, спортпен айналысуға ниетті адамдар үшін барлық жағынан мүмкіндіктер қарастырылған.

Ерғали Тоқанов, Қасым Қайсенов кенті, Ұлан ауданы,:
– Жақында «КТК» телеарнасынан Өскемендегі жаңадан салынған орталық бассейнде балалар хлор суға түсіп жүр деген ақпаратты естідім. Бұл қаншалықты рас?
– Бірден айтамын, бұл дұрыс ақпарат емес. Орталық бассейндегі судың құрамында хлор жоқ. Себебі, жабық үлгідегі заманауи бассейн әлемдік стандарттардың бәріне сай етіп жасалған. Суы түбінде орнатылған арнайы сүзгі аппараты арқылы ұдайы тазаланып тұрады, ешқандай хлор қосудың қажеті жоқ. Мұндай ерекше нысан елімізде Алматыда ғана бар. Оның өзі кейбір өлшемдері бойынша біздің бассейнге жетпейді. Сондықтан жұртты дүрліктірген аталмыш ақпарат көзінің таратқан мәліметі қисынсыз деймін.

Ертай Аманұлы, Үржар ауданы:
– «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы» сияқты ірі турнирлердің өтіп жатқанын білеміз. Осындай жарыстарды облыс, аудан көлемінде өткізу жоспарда жоқ па?
– Ондай турнирлер өткізіліп жүр. Мәселен, осымен екінші рет Тарбағатай ауданында Ырғызбай Досханаұлының атындағы «Азия барысы» халықаралық турнирі өтті, одан бөлек жыл сайын ұйымдастырылатын «Шығыс барысы» өткізіледі. Жалпы, біздің балуандардың ірі додаларда жеңімпаз болуы кейінгі өсіп келе жатқан жастардың арасында қазақ күресіне деген қызығушылықты арттыра түсті. Мәселен, Айбек Нұғымаров 2013 жылы «Қазақстан барысы» атанғаннан кейін сегіз мыңнан астам өрен аталған спорт түріне қатысуға ниет білдірген. Осы ретте жастарды ынталандыру, жас таланттарды ашу мақсатында жарыстар өткізілуде. Бұл жұмыстар келешекте жалғасын табады.

Азамат Қоңыров, Үржар ауданы:
– Үржар өңірінен талай даңқты спортшылар шыққан. Халқының саны жағынан да үлкен аудандардың біріміз. Осы ретте ауданымызға денешынықтыру-сауықтыру кешенін салуға көмектессеңіздер.
– Ондай жоспарымыз бар. Алдағы жылы Катонқарағай мен Бесқарағай аудандарында екі спорт нысанын тұрғызсақ, одан кейінгі кезекте Үржарда денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қолға алынады. Оған қажетті қаражат бюджетте қарастырылған.

Арман Көксегенов, Көкжыра ауылы, Көкпекті ауданы:
– Спортшылардың басқа қалаларға жарысқа барып, қайту шығынын өтеу кезінде көп жағдайда қалталы азаматтарға, кәсіпкерлерге тәуелді боламыз. Бұл тұрғыда сіздердің басқарма қаншалықты қамқор бола алады?
– Қазір біз облыс аумағындағы мамандандырылмаған балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептерін жергілікті әкімдіктердің, яғни аудандық спорт бөлімдерінің қарамағына беру жөнінде жоба әзірлеп жатырмыз. Олардың саны шамамен 15 болуы керек. Егер жоба қолданысқа енгізілсе аталған мектептердің барлық шығындары жергілікті әкімдіктен қаржыландырылатын болады. Сіз айтып отырған жарыстардың шығындары да соған кіреді. Ал біздің басқарма республикалық және халықаралық жарыстарға баратын спортшылардың шығынын өтейді.

Мұратбек Тоқтасынов, Катонқарағай ауданы:
– Менің екі сұрағым бар. Аудан орталығында денешынықтыру-сауықтыру кешені салынады деп еді. Салынатын болды ма, жоқ па?
Катонқарағай өңірінде қысқы спорт түрлерін дамытуға мүмкіндік бар ма? Табиғат жағдайы өте қолайлы ғой. Қысы ұзақ, қар қалың түседі. Тау шаңғысын дамыту үшін биік таулар да жоқ емес.
– Спорт кешенінің құрылысы қазір жүріп жатыр. Қашан бітетінін нақты айта алмаймын. Өйткені, жобаның әкімшісі біздің басқарма емес. Алдағы жылы қолданысқа берілуі тиіс.
Екінші сұрағыңызға келсек, бүгінгі күні Катонқарағай ауданында қысқы спорт түрлерін оқытатын спорт мектебі қазір жұмыс істеп тұр. Бұл жерде мынаны ескеру керек, егер қандай да бір қысқы спорт түрімен айналысатын балалардың саны тиісті межеден асатын болса, жеке бөлімше ашып, оны дамытуға болады. Ал енді екі-үш балаға арнап жеке бөлімше құруға құқымыз жоқ. Жалпы, алты ай қыс болатын Катонқарағай өңірінде қысқы спорт түрін дамыту дұрыс жолға қойылған.

Жандос Ерғалиев, Өскемен:
– «Восток» футбол және «Қазцинк Торпедо» хоккей клубтарының интернетте ресми сайттары бар. Алайда «Қазцинк Торпедоның» сайты тек орыс тілінде ғана, қазақшасы жоқ. Бұл қаншалықты дұрыс, заңға қайшы емес пе?
Екінші сауалым, қазақстандық хоккейдің отаны Шығыс дейміз. Өскемен хоккей мектебінен Борис Александров сынды талай мықты хоккейшілер шыққанын білеміз. Бірақ осындай бай дәстүрі бар Өскеменнің хоккейі бүгінде нашар өнер көрсетуде. Неге?
– Бұл мәселені білеміз. «Восток» клубы толық қалалық бюджеттен қаржыландырылады. Ал «Қазцинк Торпедо» клубы демеушілердің қаражаты есебінен жұмыс істеп тұр. Оған қоса өскенмендік клуб негізінен Ресейдің хоккей лигасында өнер көрсетеді. Өздеріңіз білесіздер, ол жақтағы аудиторияның басым бөлігі орыстар. Дегенмен, біз сайтта қазақша нұсқаның болуы жөнінде ұсыныспен шыққанбыз. Сайт әкімшісі алдағы уақытта бұл мәселенің шешімі табылатынын айтты.
Екінші сауалға тоқталсақ, шынымен де «Қазцинк Торпедоның» ойыны көңілден шықпай жүр. Бұл мәселе кейінгі кездері күн тәртібінен түскен емес. Оған бірнеше себептер әсер етуде. Соның бірі – біздің хоккейшілердің 15 жасқа толғаннан кейін басқа клубтарға ауысып кетуі. Біз спортшыларды 15 жасқа толған соң ұстап қалуға құқымыз жоқ. Ал олармен алдын ала келісімшарт жасауға тағы мүмкіндік жоқ, өйткені олар кәмелеттік жасқа жетпеген.
Қазір облыста жұмыс істейтін екі спорт мектебі жас ерекшеліктеріне қарай 11 команда шығарып отыр. Олардың дені Ресейдің хоккей лигасында ойнап жүр. Бұл мектептердің бюджеті 240 миллион теңгеден асады. Мұның өзі жеткіліксіз болып отыр. Себебі, шайбалы хоккей өте қымбат спорт түрі. Сондықтан спортшылар жасы толған соң, ақша көп төлейтін басқа клубтарға кетеді. Бұл проблеманы шешу үшін спорт басқармасы, «Қазцинк Торпедо» клубы, Қазақстан хоккей федерациясының облыстық филиалы және екі спорт мектебі бар төртжақты келісім жасадық. Келісімге сәйкес демеушілер қаржысына алынған спорттық құрал-жабдықтар мен киім-кешектер федерацияға беріледі. Өз кезегінде федерация оларды екі мектепке тиісінше үлестіреді. Сол сияқты ата-аналармен де келісім жасалады. Егер ол келісім мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда ата-ана баласын қамтамасыз етуге жұмсалған бюджеттік емес шығындарды өтеуге тиіс.

«Дидар» газеті:
– Еліміздің басқа қалаларында регби ойынын дамытуға күш салынуда. Клубтар құрылып, ішкі біріншіліктер ұйымдастырылуда. Әзірге Өскеменде бұл спорт түрі қолға алынған жоқ. Болашақта олимпиадалық спорт түрлерінің тізіміне енген регбиді дамытуға мүмкіндік бар ма?
– Өскеменде регби клубын құру жөніндегі ұсыныспен адамдар біздің басқармаға келген. Бірақ клуб құру үшін алдымен базасын жасап алу керек қой. Ал базаны жасақтау үшін регбимен айналысатын жастардың қатары болуы керек. Тақыр жерден клуб құрылмайды. Егер ата-аналар мен балалар тарапынан аталған спортқа қызығушылық артып, сұраныс болып жатса спорт мектептерінде бөлімше ашуға болады. Ал енді кәсіби клубтың мәселесі күрделірек.

Тікелей байланысты жүргізген – Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button