Тікелей байланыс

Түгендеу барысында пайдаланылмай жатқан жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды

Түгендеу барысында пайдаланылмай жатқан жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды

«Дидар» газетінің редакциясында өткізілген тікелей байланысқа облыстық жер қатынастары басқармасы жерді пайдалануды есепке алу және мониторинг бөлімінің басшысы Оксана Сушко келіп, оқырмандардың сауалдарына жауап берді.
«Дидар» газетінің редакциясында өткізілген тікелей байланысқа облыстық жер қатынастары басқармасы жерді пайдалануды есепке алу және мониторинг бөлімінің басшысы Оксана Сушко келіп, оқырмандардың сауалдарына жауап берді.
Тікелей байланыс барысында Өскемен қаласының тұрғындарынан көптеген сауалдар келіп түсті. Соның барлығы дерлік жеке баспана салуға арналған жер телімін ресімдеу мәселесіне қатысты болды. Оксана Сушко биылдың өзінде облыс бойынша жеке баспана салуға жер алу бойынша 868 өтініш қабылданып, барлығы қанағаттандырылғанын айтады.
Арман Марқа, Өскемен:
-Өткенде қаладан үй құрылысына жер алу үшін құжат тапсыруға барған едім. «Жер қатынастары туралы» Заңға өзгерістер енгізіліп жатқанын айтып, кейін келуімді өтініп, шығарып салды. Сонда ол заңның бұрынғысынан қандай ерекшелігі бар?
-Аталған заңға өзгерістер енгізіліп жатқаны рас. Дегенмен, сіздің өтінішіңізді қабылдамай, шығарып салмаса керек еді. Өтінішіңізді қабылдау – кез келген маманның міндеті. Жаңа заңға сәйкес осыдан былай жер телімін өз атына рәсімдеушілерге бұрынғыдай мемлекеттік акт берілмейді. Есесіне, жер комиссиясы өтінішіңізді қанағаттандыруға жарамды деген шешім қабылдаса, жерге орналастырушы мекеме әуелі еншіңіздегі телімнің құрылыс жобасын дайындайды. Сол жобаны тиісті орындарға бекіттіресіз. Осыдан кейін үй құрылысын бастай беруіңізге болады. Бір сөзбен айтқанда, жерге орналастыру талаптары қарапайым тұрғындар үшін бұрынғыдан әлдеқайда оңтайландырылды.
Саят Қаңтарбаев, Өскемен:
-Облыстық драма театрының қатарындағы тоғай аршылып жатыр. Ол жерден жеке тұрғын үйге телім алуға бола ма?
-Бұл мәселе біздің басқарманың құзырына кірмейді. Аталған аудан туралы қандай да бір ақпарат алғыңыз келсе, Өскемен қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне хабарласуыңыз керек. Олар сізге қаланың бас жоспарын қарай отырып, жеке тұрғын үй салуға болатын жерлер жөнінде мәлімет береді.
Руслан Шаймарданов, Семей:
-Көпқабатты тұрғын үйдің алдынан жеке көлік тұрағына жер телімі беріле ме? Кейбір адамдар жол жиегінен көлік қоятын орын жасап, оны сыммен қоршап қоятынын көріп жүрміз. Ол үшін рұқсатты кімнен алу керек?
-Сіз көтерген мәселе бойынша тұрғындар тарапынан сауалдар жиі түсіп жатады. Кез келген көпқабатты үйдің аумағындағы жер жергілікті кондоминиум меншігіне жатады. Егер жол жиегінен көлік қоятын жер ашқыңыз келсе, үй тұрғындарының келісімін алуыңыз қажет. Одан кейін жергілікті сәулет және қала құрылысы бөліміне жүгінесіз. Ең бастысы, сіз сұрап отырған жер телімі коммуникациялық тораптың аумағында болмауы керек. Ертең құбыр жарылып немесе желі үзілген жағдайда, жерді үңгуге тұрақ кедергі жасамауы керек. Ал қаладағы барлық техникалық тораптардың сызбасы аталмыш органның қолында. Сондықтан тұрақ ашуға рұқсатты сәулетшілер ғана бере алады.
Рая Сәбетова, Өскемен:
-Мен жер пайдалану актісіне тапсырыс берген едім. Алайда, белгілі себептермен айтылған уақытта барып, алмадым. Одан бері екі жыл уақыт өтті. Қазір тиесілі жерден үй салып та қойдым. Мемлекеттік актіге дейін жинайтын құжаттардың түпнұсқасы қолымда. Енді не істеуім керек? Жер пайдалану құқығы әлі менің еншімде ме?
-Ол актіні Өскемен қаласының Киев көшесі, 6 үй мекенжайында орналасқан мекемеден сұрауыңызға болады. Егер мемлекеттік актіңізді алмаған болсаңыз, міндетті түрде сол жерден тауып береді.
Ал егер жоғалтып алған болсаңыз, түпнұсқа негізінде дубликатын жасап береді. Қалай болғанда да жер теліміне мемлекеттік актіңіз болғаны керек.
Әсел Капранова, Өскемен:
-2010 жылы жер телімін рәсімдеуге өтініш берген едік. Ол кезде: «Өтініштеріңіз кезекке қойылды. Кезектеріңіз жеткенде, жауабын береміз» – деген. Екі жылдан кейін кезегіміздің қаншалықты жылжығанын білейік деп барсақ, өтінішімізді тауып бере алмай қойды. Құжаттарыңыз тіркелмеген немесе жоғалып кеткен деген екіұшты жауап айтты. Енді не істеуіміз керек? Қайтадан кезекке тұру қажет пе?
-Расымен өтініш қалдырған болсаңыз, жоғалмауы тиіс. Кез келген өтінішке бір айдың көлемінде жазбаша жауап беріледі. Сіздің сауалыңыз сияқты мәселемен тұрғындар келіп жатады. Егер құжаттарыңызды нақты біздің басқармада қалдырғаныңызға сенімді болсаңыз, қайтадан келіп, талап етуіңізге болады. Алайда, сол кезде қандай маманға қалдырғаныңызды білуіңіз керек.
Ирина Ковальчук, Өскемен:
-Дәл қазір Өскеменнің қай ауданынан үй салуға жер беріліп жатыр?
-Қазіргі таңда қаланың ешқандай ауданынан жер телімі беріліп жатқан жоқ. Жаңа заңға сәйкес коммуникация тартылмаған ауданнан жер берілмейді. Қазір Жібек маталар комбинаты ауданының Карл Маркс көшесі жағынан үй салуға жер дайындалып жатыр. Сол ауданға өтініш беруіңізге болады. Әзірге өтініш берушілердің саны онша көп емес. Жалпы, Өскемен қаласында жер алуға ниеттілердің саны бұрынғыдай көп емес. Ал Семейде кезек әлі сейілген жоқ. Ол жерде жылдар бойы үй құрылысына жер дайындалмай келген. Тиісті инфрақұрылым тарту жұмыстары кешеуілдеп келді. Қазір сол істердің бәрі жолға қойылды. 2015 жылы Семейде де жер теліміне деген кезек сейіледі деген үміт бар.
Айдар Сейсембаев, Өскемен:
-Мен үйімнің аумағындағы бос жерлерді өз иелігіме қосып алсам деп едім. Бұл мүмкін бе? Ол үшін қандай құжаттар керек?
-Заңға сәйкес кез келген Қазақстан Республикасының азаматы жеке баспана салуға 10 сотық жерге иелік етуге құқылы. Ал одан көп жер телімін иеленгісі келсе, жарна төлеуі керек. Оның тарифі де заңмен бекітілген. Мәселен, Өскемен қаласында артық телімнің әрбір шаршы метрі үшін 1304 теңге төлеуге тиіссіз. Бұл тариф қаланың маңызына және өзге де сипатына қарай белгіленеді. Егер қосып алынған жерге қосымша құрылыс түсетін болса, оны өз меншігіңізге жазғызуыңыз керек. Ал бау-бақша ретінде пайдаланатын болсаңыз, 49 жылға дейін жалға алуыңызға болады.
Дәурен Кенжеқанұлы, Ұлан ауданы:
-Мен Ұлан ауданының Ұлан ауылынан үй салу үшін 18 сотық жерге өтініш бергенмін. Қажет деген құжаттарының барлығын дайындап өткіздім. Енді сол жерге мемлекеттік акт алу үшін 70 мың теңге төлеу керек дейді. Бұл қаншалықты орынды талап? Ақшаны не үшін төлеу керектігін түсінбегендіктен, анық-қанығын өздеріңізден білу үшін хабарласып тұрмын.
– Ауылдық елді мекенде әр азамат 37 сотыққа дейін жер теліміне тегін иелік ете алады. Сондықтан 70 мың теңгені не үшін төлеуді талап еткенін түсінбей отырмын. Бұл мәселені нақтылау үшін аудандық жер қатынастары бөліміне барып, білуіңізге болады. Егер жерді бұрыннан пайдаланып келе жатсаңыз, салығы төленбей қалуы мүмкін. Жағдай дәл сіз айтқандағыдай болса, онда ешқандай ақша төлеуге міндетті емессіз.
Еркін Алматов, Катонқарағай ауданы:
-Барлық шаруа қожалықтарына ішкі шаруашылық жобасын құру міндеттеліп жатқанын осы «Дидар» газетінен оқып білген едік. Тіпті, бұл талапқа бағынбағандар субсидиядан қағылып, айыппұл төлеуі мүмкін екені де айтылып жүр. Ол жобаны қанша мерзімде дайындап біту керек. Белгіленген мерзімге үлгермей қалсақ не болады?
-Ішкі шаруашылық жобасының болуы – жалпыға ортақ міндет. Субсидиядан қағылу ықтималдығына келер болсақ, ол туралы ешқандай нақты шешім қабылданған жоқ. Ал заңнамада жерді тиімді пайдаланбағаны үшін 50 АЕК дейін айыппұл салу бұрыннан қарастырылған. Әзірге шаруашылық жобасын дайындауға ешқандай мерзім белгіленген жоқ. Аталған құжаттың жоқ болғаны үшін ешкім жауапқа да тартпайды. Әуелі ескерту жасалып, ішкі шаруашылық құжаттарын реттеуге бір жыл мерзім беріледі. Берілген мерзім өткеннен кейін, құжаттарыңызбен қоса алқаптағы жағдайды әлгі комиссия қайта тексереді. Осы кезде талап орындалмаған жағдайда ғана жауапқа тартылуыңыз мүмкін. Демек, бұл мәселеде әрбір жер пайдаланушының ісі жеке қаралады.
Көгершін Мәлікова, Көкпекті ауданы:
-Биыл облыста жерді түгендеу науқаны толық аяқталыпты. Бұл шаралардың нәтижесінде облыс аумағындағы ауылшаруашылық алқаптарының қоры қаншалықты ұлғайды?
-Облысымызда инвентаризация 2012-2014 жылдар аралығында жүргізілгені белгілі. Тексерілген 10 млн. гектар жердің 984,3 мың гектары пайдаланылмай жатқаны анықталды. Бұл барлық жарамды жердің тоғыз пайызын құрайды. Дегенмен, 2014 жылдың нәтижесі әлі қорытындыланған жоқ. Ал 2012-2013 жылдарда анықталған 857,1 мың гектар жердің 98 пайызы мемлекет меншігіне қайтарылды. Семей қаласында 23 жер телімі бойынша, Күршім ауданында бір телім бойынша іс сотқа жіберілді. Жалпы, облыс бойынша артық жатқан жер қоры айтарлықтай көп емес. Қазіргі таңда егіншілікке жарамды 163 мың гектар жер, жайылымға жарамды сегіз млн. гектар жер бар. Бұлар – артық жатқан жер қоры. Ал бұрын пайдаланылғанымен қазір қараусыз қалған егіс алқабының көлемі – 34 мың гектар. Бұған 2014 жылдың нәтижелерін қосар болсақ, жалпы пайдаланылмай жатқан егіс алқабының көлемі 1,5 млн. гектарға жетеді.
Көкен Төлеуов, Абай ауданы:
– Баспасөз беттерінде Семей полигонының аумағының игерілетіні көп айтылды. Бұл іс қашан басталады?
-Жалпы полигонның аумағы 1816600 гектарды құрайды. Оның 978,9 мың гектары – біздің облысқа, 706 мыңы – Павлодар облысына, 131,7 мыңы Қарағанды облысына тиесілі. Біздегі полигон даласының орнына 56 шаруа қожалығына жер берілді. Сондай-ақ, «Қаражыра ЛТД», «Үлбі-ФторКомплекс», «ФМЛ Қазақстан», «Қазцинк» ЖШС сынды жер қойнауын пайдаланушылар кен қазу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Атап айтар болсақ, «Қаражыра» ЖШС 3,5 мың гектар жерден көмір кенін қазуда. «Үлбі-ФторКомплекс» ЖШС 126 гектар алқаптан флюорит кен орнын ашты. Ал «ФМЛ Қазақстан» ЖШС 4,2 мың гектар жерден қымбат және түсті металдарды өндіре бастады. «Қазцинк» ЖШС бойынша 119 гектар жерді кәсіпорынның инфрақұрылымын дамытуға пайдаланып отыр. Бұлардан бөлек «Дегелең» ЖШС-де кен орнын қазуға талпыныс жасауда.

Тікелей байланысты жүргізген – Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button