Азықтық базаның қалыптасуын зерттейді
Азамат Темірбеков
Балық шаруашылығының дамуына, бірінші кезекте, оның азықтық базасының мол болуы әсер ететіні белгілі. Ал аталмыш азықтық базаны қалыптастыратын – су түбін мекен ететін түрлі жәндіктер. Бүгінде осы саланы мұқият зерттеп-зерделеп жүрген шығысқазақстандық ғалым Владимир Девятков осы уақытқа дейін өңірімізге белгісіз жәндіктердің екі жүзден астам түрін анықтаған.
Балық шаруашылығының дамуына азықтық базасының мол болуы ерекше әсер ететіні белгілі. Бүгінде бұл жұмысты көпшілік жасанды балық жемін шетелден тасымалдаумен байланыстыратыны рас. Сырт көзге көл байлығын асырауда еш қиындық жоқ сияқты көрінуі де мүмкін. Әрине, егер балықты жабық, я болмаса арнайы ықшамдалған жерлерде жасанды жолмен өсіріп жатқан кәсіпкерлер үшін азықтандыру жұмыстары көп қиындық туғыза қоймайтыны хақ. Дегенмен, бұл үрдіс адамзат араласпайтын табиғат аясында қалай жүреді? Балықтың жаңа ғана уылдырықты жарып шыққан жас личинкалары қалай және немен қоректенеді? Міне, осы сауалдарға жауап іздейтін мамандардың бірі және бірегейі – гидробиолог әрі энтомолог Владимир Девятков.
Саналы ғұмырын табиғаттың осы бір ерекше саласын зерттеуге арнап келе жатқан Владимир Девятков қазіргі уақытта балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының Алтай филиалында жұмыс істейді. Аталмыш мекеменің ардагері болып саналатын ол – бүгінде өз ортасында ойып тұрып орын алатын мамандардың бірі.
Әлі де ашылмаған түрлері бар
Шығыс Қазақстан табиғатының соншалықты бай әрі алуан түрлі екенін айтқан ол онда әлі де болса ғылым мен ел экономикасы үшін ашылмаған жаңалықтардың аз емес екенін мысалға келтіреді.
– Бірге жұмыс істейтін жас әріптестеріме айналамыздағы табиғаттың облысымыз бен республикалық деңгейінде ғана емес, халықаралық масштабта да зерттелмеген тұстарының көп екенін айтудан жалықпаймын, – дейді Владимир Девятков. – Ғылымның белгілі бір ел шекарасымен шектеліп қалмайтыны белгілі ғой. Оның үстіне, қазіргі уақытта шетелдік әріптестермен де байланыс орнату өте жеңіл. Сондықтан, жастайымнан осы салада жинақтаған тәжірибем мен зертеулерімді шетелдік ғалымдармен жиі бөлісіп отырамын.
Ол соңғы жиырма жыл ішінде ғана жәндіктердің біздің өңірге бұрын-соңды белгісіз болып келген екі жүзден астам түрін ашқан. Тіпті олардың бір бөлігі Орталық Азия елдеріне, ал кейбірі әлемдік деңгейде алғаш рет ашылған түрлері болды.
Экологиялық тепе-теңдікті ұстайды
Оның жатпай-тұрмай жүргізген зерттеулерінің нәтижесін алыс-жақын елдердегі ғалымдар да жоғары бағалауда. Атап айтсақ, Владимир Девятковтың зерттеу нысанына айналған веснянкалар мен құмытылардың (масаның қансорғыш емес түрі) бір түрін шетелдік әріптестері оның құрметіне қарай «Девятков осирисі» деп атаған.
Көпшілік бұл мамандардың зерттеу нысанын маңызды деп назарға ала қоймауы мүмкін. Дей тұрғанмен, жабайы табиғаттың бұл бөлігі оның қалыпты тыныс-тіршілік етуі үшін маңызды рөл атқарады. Яғни, әр жәндіктің өз орны бар болғандықтан оның экологиялық тепе-теңдікті ұстаудағы рөлі жоғары.
– Сырт көзге біздің жұмысымыз көріне бермейді, – дейді Владимир Девятков. – Дегенмен, біз құмытылардың ғылымға осы уақытқа дейін белгісіз болып келген тоғыз түрін ашып, өз жаңалығымызды көптеген халықаралық ғылыми журналдарға жарияладық.
Мамандардың есептеуінше, Шығыс Қазақстан облысының аумағында өмір сүретін құмытылардың елуге таяу түрі бар көрінеді. Олардың қатарына адам мен жан-жануарлардың қанын сорып, түрлі ауруларды тарататын масалар кірмейді. Владимир Девятков зерттейтін құмытылар айналасына зияны жоқ, керісінше басқа жануарлардың қоректік базасын толықтыруда ерекше рөл атқарады.
Көл жағалап, көп сапарлайды
Ол не себепті құмытыларды зерттеді дейсіз бе? Жалпы, бастапқыда барлығы суда өмір сүретін веснянкаларды зерттеуден басталған екен. Владимир – мамандығы бойынша гидробиолог. Кезінде Томск университетінің биология факультетін тәмамдаған. Атасының айтуымен бастапқыда физика-техникалық мамандықта оқығанымен, кейін табиғатқа деген сүйіспеншілігі жеңіп, биология факультетіне ауысып кеткен.
– Гидробиологтар – негізінен балықтың азықтық базасын және су астында өмір сүретін жәндіктерді зерттеумен айналысатын мамандар, – дейді Владимир Девятков. – Жұмыс көп әрі өнімсіз болып келеді. Көл жағалап сапарлап, келген соң көрген-білгеніңді қағазға түсіресің.
Оның айтуынша, энтомологтар мен гидробиологтардың жұмыс барысында ортақ жақтары көп көрінеді. Владимир Девятковтың веснянкаларды зерттеуі, міне, осындай жағдаймен тығыз байланысты. Өңіріміз үшін таңсық болып келетін жәндікті ол жұмыс арасында тапқан. Кәдімгі айырқұйрыққа ұқсайтын виснянкалар суда өмір сүреді. Оның личинкаларын көп жағдайда тұщы суда өмір сүретін қарауыз (хариус) балығы қорек етеді.
– Біз облыстың барлық аумақтарында болып, зерттедік десек артық айтпаған болармын, – дейді Владимир Девятков. – Өңірімізде түрлі табиғи белдеулер кездеседі. Бізде тіптен орман алқаптары аяқталып, ары қарай шөптесін тастағы, мұзы мен мүгі аралас өсетін тундралық аймақтар да бар. Осындай бай өлкеде флора мен фаунаның сан түрін табуға, зерттеуге мүмкіндік бар.
Бұл өз кезегінде зерттеушіден көп күш пен уақытын сарп етуді талап етеді. Дей тұрғанмен, өз ісіне берілген маман қай кезде болмасын оның нәтижесін көретіні белгілі. Осы себепті, қоршаған ортадағы жан-жануарлар мен табиғи құбылыстардың бір-бірімен тығыз байланыста екенін түсінген ол көпшілікке түсінікті байланыс сызбасын жасап шығарған.
– Менің бұл сызбам арқылы табиғаттағы түрлі үрдістердің балансын қалпына келтіріп, олардың бұзылу себептерін анықтауға мүмкіндік болады, – дейді Владимир Девятков. – Көп адамдар менің бұл сызбаны түсімде көріп құрастырғаныма сенбеуі мүмкін. Бірақ маған шын, сізге өтірік, оны түсімде анық көрдім. Оянып кеткен кезде қолыма қағаз алып, алғашқы сызбасын жасадым. Кейінірек оны қалпына келтіріп қайтадан толықтырдым.
Осылайша, ғұмырының үлкен бөлігін Алтай тауларының оңтүстік бөлігіндегі тылсым табиғатты зерттеуге арнаған ғалым самайын ақ шалса да, аттан түспей жүрген білікті маман болып қала беруде. Кейінгі ұрпаққа көрген-білгенін үйретуден жалықпайтын жанның кеңестеріне құлақ түретін әріптестері оны құрметті демалысқа жіберуге асығар емес. Олар маманның бүгінде қайта түрленіп, жаңа серпін алған балық шаруашылығына әлі де тигізер пайдасының көп, әлеуетінің зор екенін айтады.
Веснянкалар (Plecoptera) – қарапайым жәндіктер отрядына жатады. Қазба қалдықтары пермь кезеңінен белгілі. Жер шарында кең тараған, негізінен, голарктика аймағында кездесетін екі мыңнан астам түрі белгілі. Ересектері ағын суларда тіршілік етеді, аз қозғалады. Кейбір түрлері ұшпайды. Тығыз денелі, құрсағының ұшында бунақты екі өскіні бар. Қос жұп торлы немесе мөлдір қанаттары болады, оларды жайғанда ұзындығы 10 – 80 мм. Басы үлкен, ұзын мұртшалары бар. Аузы кеміруге бейімделген. Жұмыртқаларын ағыны қатты өзендер мен жылғалардың түбіне салады. Личинкалары суда жетілетіндіктен, көбісі балықтардың қорегіне айналады.
Құмыты – қосқанаттылар отрядына жататын жәндік. Жер шарында 4 мыңнан астам, ал Қазақстанда 71 түрі белгілі. 50-ден 100-ге дейін жұмыртқа салады, 45-60 күнде жұмыртқадан ересек жәндік шығады. Аналықтары жетілген жұмыртқаларын суға, ылғалды топыраққа, құмға, т.б. жерлерге салады. Олардың жаз айларында даму мерзімі жеке түрлердің өзгешеліктеріне байланысты 30-60 күнге дейін созылады. Құмытылардың жұмыртқалары мен личинкалары қыста қыстап шығатындықтан, олардың даму мерзімі ұзақ болып келеді.