Мәдениет

«Жаужүрек мың бала» «Көшпендіден» қалған көңілді жұбата ала ма?

Жарыққа шыға салысымен көрермендеріне «жақсы екенді» көбірек айтқызып жатқан жаңа фильм елімізде тұсауы кесілген мамырдың 3-і мен 6-сы аралығында 147 миллион теңгеден астам қаржыны жинап үлгеріпті. Көрермендер назарына ұсынылған бір-ақ апта уақыттың ішінде осындай жетістікке қол жеткізген жаңа фильм мақтауға тұрарлықтай.

«Жаужүрек мың бала» «Көшпендіден» қалған көңілді жұбата ала ма?«Рэкетир», «Ликвидатор», «Ағайындылар» сынды ауыз толтырып айтуға жарайтын төл туындыларымен танылып келе жатқан талантты режиссер Ақан Сатаевтың еңбегі бұл жолы да еш кетпегенге ұқсайды. Режиссер журналистерге берген сұхбатында фильмге басты рөлдегі және екінші дәрежедегі актерлерді таңдау мақсатында жарияланған кастингке 22 мыңнан астам үміткер қатысқанын айтыпты. Түсірілім алаңында бес жүзге тарта отандық БАҚ, сонымен қатар «The Independent», «Hollywood Reporter», «Variety» секілді әлемдік ірі медиа өкілдері болған. Актерлер екі ай бойы актерлік шеберліктерін шыңдап, атпен шабуды, садақ тартуды меңгерген. Фильмді дайындауға жалпы саны 15-тей мемлекет атсалысып, соның ішінде дыбыс монтажы Францияда жүргізілген. «Ал енді бұл туындының бюджеті қанша екен?» деген сұрақтың бәрімізді мазалайтыны рас. Шәкен Айманов киностудиясы «Жаужүрек мың баланы» дүниеге әкелу үшін 12 миллион АҚШ долларын жұмсапты.

Енді киноға оралайық. Өскемендегі «ULBA» орталық мәдениет үйінің кіші кинозалында көрсетіліп жатқан жаңа фильмге келіп жатқандар сирек. Себебі, кино қазақ тілінде. «Өскеменнің дәл осы жерінде «Жаужүрек мың бала» көрсетіліп жатыр» деген жарнама да аз сияқты. Біз қазақ тарихынан сыр шертетін кино болса, ары-бері шауып жүретін аттар мен отқа оранып, жанып жататын киіз үйлерді көруге көзіміз үйреніп қалған ғой. Бұл фильм де тап солай басталады. Әке-шешесін жоңғар қырып кеткен жас балалар, кеуделеріндегі дұшпанға деген өшпенділікпен ер жетеді. «Жауды аяған – жаралы» демей ме қазақ. Сартай, Таймас сынды бозбалалардың әкелерін кезінде ойрат өлтірген. Олар енді ойдан-қырдан кездескен жоңғар атаулыны кірпік қақпай өлтіруге бар. Былайша айтқанда, бүгінгінің партизандары.

Мейманасы тасыған Рахымжан байдың ауылына барған олар жоңғарлардың қазақпен бірге етене араласып, ауыл ішінде тайраңдап жүргенін көріп, зығырдандары қайнайды. Ел ағасы Рахымжан болса, бір күндік бейбіт өмірді қалап, жаумен белгілі бір пәтуаға келіпті. Тіпті, ойраттарың оқыраңдап Рахымжанның еліктей сұлу Зере қызына да құда түспек ойлары бар. Сол кездің өзінде толеранттылық саясатын ұстанған Рахымжан төренің ауылында жоңғарлар әкесінің төрінде жүргендей едіреңдейді тіпті. «Мыналар қайтеді ей!» деген жаужүрек бозбалалар ата жауларына ауылдан шығар-шықпастан тасадан тап беріп, қанға бөктіреді. Өз жерінде өзгені өңмеңдеткісі келмейтін ұлдардың мінезі бұл. Көресің де риза боласың. Режиссердің осындай сәттерді асқан шеберлікпен шынайы бейнелеуіне қарап отырып, тебіренбеске шараң жоқ.

Бұл фильмнің басқалардан тағы бір артықшылығы бар. Кейіпкерлер диалогында жасандылық кездеспейді. Қазір құлағымыз үйренгендей қазақ киноларының тілі тым жасанды. Кинодағыдай, яғни, өмірдегідей емес, театр сахнасында тұрғандай жоғарғы пафоспен сөйлейтін актерлердің ойыны көрермендерді жалықтырып бара жатқан болатын. Сартай, Қорлан, Таймас сынды кейіпкерлерді сомдаған жас актерлерге осы жағынан келгенде тағы бір мәрте қол соғуға болады. Ыза болу, қуану, ойлану сынды адами эмоцияларды да олар тым шынайы жеткізе білген және көрерменді сендіреді.

Әрине, біз «Жаужүрек мың баланы» әлемдік деңгейдегі «Троя», «300 спартандық» сияқты әскери-соғыс сахналары мол фильмдермен салыстыратынымыз хақ. Себебі, жаңа туындының аталмыш фильмдермен жанры ұқсас. Режиссер Ақан Сатаев өз туындысын сол деңгейге жеткізуге барын салыпты және жеткізіпті де. Киноны бастан-аяқ бір деммен, зор тебіреніспен көруге болады. Атақты Аңырақай шайқасы жүріп жатқан мезеттегі жер қайысқан қалың қол, шашырағын қан, әуеден құйылған жебелердің ысылы, қылыш қалқанға соғылған сәтте пайда болатын ерекше үндер, бәрі-бәрі кәсіби шеберлікпен көрерменін өзіне тарта түседі. «Біз жүз болсақ та, әрқайсымыз он жоңғарға төтеп береміз, сондықтан біз мыңбыз» деп Сартай батырдың жасағына қарата айтқан сөзі бүткіл фильмнің мән-мағынасын ашып тұрғандай.

Кинода шындыққа сай келмейтін көріністер де бар. Сартай бастаған жаужүрек жігіттер жер қайысқан жоңғар қолының бір бүйірінен кіріп отырып, сол қырғаннан қырып, қолбасшылар мен төрелер отырған төбеге бірақ келеді. Қазақтың батырлар жырындағыдай дұшпанды жүздеп емес, мыңдап жойған олар төбе басындағы төрелердің бәрін құртып, жоңғардың туын құлатады. Осы жерде батыр бозбалалардың барлығы да қаза табады. Ең әсерлі жері де – осы. Залдағы көрермендердің терең күрсінісі мен көздеріне мөлтілдей келген жас моншақтарымен бірге фильм де аяқталады.

Бүгінде соғыстың қорлығын, жоқшылықтың ащы дәмін татып көрмеген ұрпақтың болмашы қиындыққа сағы сынып жатады. Осындайда адамды бір сілкіп, тәубесіне келтіретін фильмдердің болғаны жақсы-ақ. Біз үшін ең маңыздысы, «Жаужүрек мың бала» қазақ халқының рухын биіктететін, ынтымағын нығайта түсетін нағыз патриоттық фильм. Осындай ойдың үстінде отырған залдағы барлық көрермен, ешкім айтпай-ақ, ешкім сұрамай-ақ, орындарынан тік тұрып, дүниеге келген жаңа туынды мен Ақан Сатаевтың сапалы еңбегіне разы болып, аямай дүркірете қол соқты.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button