Журналистік зерттеу

Жасанды сұлулықтың құны қанша?

Жасанды сұлулықтың құны қанша?


Қазір қыз-келіншектердің барлығы дерлік 3D, 5D, 7D форматындағы жасанды кірпіктер мен тырнақтарды жалғап алуды сәнге айналдырды. Әрине, қатарынан қалғысы келмейтін аруларымыз сұлулық үшін жанын пида етуге әзір десек қателеспейтін шығармыз. Олай дейтініміз, бүгінде жасанды әдеміліктің соңынан қуамын деп, артынша опық жеп қалған нәзік жандардың қатары күн санап көбейіп келеді.

Гигиеналық талаптарға назар аудару қажет

Жасанды кірпікті жалғауға арналған желімнің адам денсаулығына келтіретін зияны көп. Алайда, соны дер кезінде түсінбеген қыз-келіншектеріміз түрлі аллергиялық және көз ауруларына шалдығуда. Солардың бірі – Әсем Баймұхаметова. Ол осыдан екі ай бұрын Өскемендегі сән салондарының бірінде 5D форматындағы кірпік жалғатқан. Бастапқыда кірпіктерінің ұзындығы мен көлемі өзіне ерекше ұнаған бойжеткеннің көзі артынша қызарып, қыши бастаған. Содан бірден жедел жәрдем шақырып, ауруханаға қаралған Әсемге дәрігерлер конъюнктивит деген диагноз қойған.

– Ауруханадан шыққан бетте кірпіктерімді алдыртып тастайын деп, өзім үнемі барып жүрген сән салонына бет алдым. Алайда, ол жақтан маған кірпік жабыстырып берген маманды таба алмадым. Содан не керек, үйге келген соң арнайы желіммен жабыстырылған кірпіктерімді алып тастауға кірістім. Өкінішке қарай, бұл оңайға соқпады. Шынымды айтсам, әлі күнге дейін жұлынып қалған кірпіктерімді қалпына келтіру үшін арнайы ем-дом қолданып жүрмін. Не де болса, бұл маған үлкен сабақ болды, – дейді Әсем Баймұхаметова.

Жасанды сұлулықтың құны қанша?

Ал жуықта екінші рет ана атанғалы отырған өскемендік Ақерке Тұрсынова жасанды кірпік жалғатудың еш зияны жоқтығын айтады.

– Бірде мерекелік кешке барамын деп, үй жағдайында жасанды кірпіктерді жабыстырып алдым. Алайда, төрт сағат өткен соң көзім қышып, қызара бастады. Сол кезде арнайы маманның көмегіне жүгіну қажеттігін түсіндім. Жалпы, жасанды кірпікті жабыстырғаннан гөрі, жалғата салған әлдеқайда жақсы, – дейді Ақерке Тұрсынова.

Жасанды сұлулықтың құны қанша?

Бүгінде Өскемендегі барлық сән салонында кірпік жалғап, маникюр жасаумен айналысатын арнайы мамандар бар. Солардың бірі – Диляра Орынғожина. Жасанды сұлулықты қолдан жасаудың «шеберіне» айналған Диляраның айтуынша, ол екі жылдан бері «Лиза» сән салонында жұмыс істейді. Бастапқыда шаштараз маманы болып жұмысқа орналасқан ол кейіннен кірпік жалғаудың үш айлық курсын оқып алған.

– Күніне 10-20 мың теңгеге дейін табыс табатын кезім болады. Себебі, 3D форматындағы кірпікті жабыстыру құны – 4000 теңге, ал 5D – 6000, 7D – 9 мың теңге тұрады. Бір клиенттің кірпігін жалғау үшін кем дегенде екі сағат уақыт қажет. Негізі жасанды кірпікті жалғатқан клиент барлық гигиеналық талапты сақтауы тиіс. Сонда ғана оның кірпіктері бір ай бойы әдемі қалпында сақталады. Біздің салонның мамандары кез келген клиентке кірпік жалғамастан бұрын оның желімге деген аллергиясы бар-жоқтығын тексеріп алады. Осы орайда, дүкен сөрелерінде сатылатын жасанды кірпікті 3-5 сағаттан артық пайдалануға болмайтынын айта кеткен жөн. Әйтпесе, көзіңізге микроб түсіп кетуі мүмкін, – дейді Диляра Орынғожина.

Қазір қыз-келіншектердің көбісі сұлулық салондарына барып, кәсіби мамандардың көмегімен «Жібек», «Соболь», «Силикон», «Норка» деп аталатын жасанды кірпіктің түр-түрін жасатып алады. Алайда, синтетикалық заттардан жасалатын кірпіктердің адам ағзасына тигізетін зияны көп екен. Мысалы, шаш қалдықтарынан жасалған кірпіктер аллергиялық ауруларды туғызуы мүмкін. Жалпы, косметолог мамандар кез келген сұлулық салонына барғанда, ең алдымен гигиеналық талаптарға назар аудару қажеттігін ескертеді. Егер сіз жасанды кірпік пен тырнақты тәжірибесі аз маманға жасатсаңыз, нәтижесі ойдағыдай болмауы мүмкін. Тіпті, сұлулық салонында санитарлық талаптар дұрыс сақталмайтын болса, аталмыш заттарды жабыстыратын желімнен аллергия да пайда болады. Өскемендегі «Оn clinic» медициналық орталығының дерматолог-косметологы Алена Тверезовскаяның айтуынша, аталмыш желім көз терісін тітіркендіріп, құрғатып жібереді. Тіпті, мұның соңы табиғи кірпіктеріңіздің түсіп қалуына әкеліп соғады.

– Қазір жасанды сұлулыққа жаны құмар нәзік жандардың қатары күн санап көбейіп келеді. Біздің орталықтың мамандары жүргізген сауалнаманың нәтижесінде өскемендік қыз-келіншектердің 68 пайызы татуаж бен жасанды кірпікті, тырнақ жабыстыруды, шаш түзетуді уақыт үнемдеу үшін жасататынын жеткізген. Әрине, косметолог мамандар табиғи сұлулыққа ештеңе жетпейтінін айтқанымен, әзірге тыңдар құлақ табылмай тұр. Осы орайда, шашты түзетуге арналған заттардың құрамында кератин мен формальдегид сияқты химиялық қосылыстардың бар екенін айта кеткен жөн. Әлем ғалымдарының зерттеуінше, аталмыш заттың құрамында кездесетін химиялық қосылыстар шашыңызды жұмсақ әрі тегіс етіп көрсеткенімен, мұның соңы қатерлі ісікке алып келуі мүмкін. Сондай-ақ, шаш бояуларын таңдағанда, оның сапасы мен құрамына ерекше назар аудару қажет. Егер денсаулығыңызға зиян келтіргіңіз келмесе, қынадан жасалған табиғи бояуларды қолданған жөн. Жалпы, сіз арнайы сән салондарына барып, маникюрды жиі жасататын болсаңыз, тазалыққа мән бергеніңіз абзал. Себебі, лактың құрамындағы формальдегид, фталат, ацетон сияқты химикаттар тері мен көзді, мұрын мен тыныс алу жолдарын зақымдап, бактериялы инфекция тудырады, – дейді Алена Тверезовская.

Маникюр күбірткі ауруының алдын алады

Жасанды сұлулықтың құны қанша?

Өскемендегі сән салондарында жұмыс істейтін мамандардың айтуынша, қазір маникюр мен педикюр жасататын ер-азаматтардың да қатары артқан. Әрине, ерекше күтімді қажет ететін тырнақтың әдемі болып көрінгені дұрыс та шығар. Алайда, сүйріктей саусақтарыңызды әсемдеймін деп, ауру жұқтырып алмағаныңыз жөн. Сондықтан сұлулық салонына барғанда, алдымен гигиеналық тазалыққа назар аударғаныңыз абзал. Себебі, маникюр жасайтын маман басқа клиентке қолданған құралдарын кварцқа салып, залалсыздандыруы тиіс. Өскемендегі «Креатив» сән салонында жұмыс істейтін Мадина Қасымжанованың айтуынша, маниюрдің орташа бағасы 2000 теңгеден басталады.

– Біз құрғақ, ылғалды, америкалық, арнайы машинкамен жасалатын маникюрдің түр-түрін жасаймыз. Соған байланысты бағасы да әртүрлі. Жалпы, тырнақтың саулығы мен әдемілігі үшін ең алдымен тамақтануға ерекше назар аудару қажет. Ол үшін күнделікті жеміс-жидек, көкөніс түрлерін көбірек жеп, табиғи шырын ішу қажет. Ол ағзадағы витамин мен минералдарды арттырады. Егер тырнақтың пішіні мен түрінен өзгерістер байқалса, маманға қаралған дұрыс. Негізі жасанды тырнақ өсірудің пайдасы көп, – дейді Мадина Қасымжанова.

Жалпы, жасанды тырнақ жабыстыру өнері біздің заманымызға дейінгі үш мың жыл бұрын ежелгі Египет пен Қытайда пайда болған. Ал түрлі-түсті лактар 1932 жылы алғаш рет Америкадағы сауда үйлерінде сатылымға шығарылған. Дерматалог мамандардың айтуынша, тырнаққа қарап, 40 түрлі аурудың алдын алуға болады екен. Өкінішке қарай, бүгінде еліміз бойынша жасанды тырнақ жапсырамын деп дерматологиялық ауруларға шалдығып жатқан науқастардың қатары күн санап көбейіп келеді. Әлем ғалымдарының зерттеуінше, педикюр жасататын адамдардың табаны мүлдем жарылмайтыны анықталған. Сонымен қатар, күбірткі ауруының алдын алу үшін тырнаққа үнемі маникюр жасау қажеттігін айтады мамандар.

– Тырнақ күтіміне ерекше назар аудару қажет. Ол үшін алдымен тырнағыңызды күн сайын 3-5 минут түймедақ қосылған сумен жуып отырыңыз. Сонда тырнақтарыңыз берік болып өседі. Жалпы, жасанды тырнақ жабыстыру зиянсыз. Себебі, лактың құрамындағы химиялық қосылыстар тырнақтың өсуін тежейді, – дейді «Оn clinic» медициналық орталығының дерматолог-косметологы Алена Тверезовская.

Әрине, әртүрлі косметикалық заттар мен әшекей бұйымдарды көрсе, көзі тұнбайтын қыз жоқ. Дегенмен, денсаулығыңызды ойласаңыз, химиялық қосылыстардан жасалған косметикалық бояулардан бойыңызды аулақ ұстағаныңыз абзал. Себебі, табиғи сұлулықтың орнын ештеңе алмастыра алмайды.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button