Руханият

Жас ақындар Ұлт Көшбасшысын жырға қосты

Жас ақындар Ұлт Көшбасшысын жырға қосты

Тұңғыш Президент күніне орай Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық орталық кітапханада «Ел таңдаған Елбасы» атты жас ақындардың мүшәйрасы өтті.
Өскемен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мұрындық болуымен өткен шараға 14-25 жас аралығындағы 50-ден астам жас ақын қатысуға ниет білдіріп, алдын ала өлеңдерін жіберген екен, бірақ қазылар алқасы ақылдаса келе, ақтық сынында өнер көрсетуге 17 ақынды жіберді.
Ақтық сынға жолдама алғандардың арасында қаладағы қазақ мектептерінің оқушылары мен жоғары оқу орнының студенттері де бар. Негізгі бәсеке сол мектеп оқушылары мен студенттердің арасында өтті. Мүшәйраның бірінші орнын А.Байтұрсынов атындағы №20 мектептің 11-сынып оқушысы Жеңіс Оразай жеңіп алды. Екінші орынды С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың студенті Тасқын Қалибеков, үшінші орынды Өскемен политехникалық колледжінің студенті Әлішер Әлімжанов еншіледі. Ал «Жас дарын» аталымы бойынша С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың тағы бір студенті Данагүл Исағұл марапатталды. Бір айта кетерлігі, жүлде алған ақындардың барлығы – аталмыш кітапхананың жанынан құрылған «Шабыт» ақындар мектебінің оқушылары. Бұл ақындар мектебін кезінде белгілі ақын Серік Ғабдоллаұлы құрып, Жанат Әскербекқызынан бастап республикаға танымал біраз ақындарды түлеткені белгілі. Мектеп Серік аға дүниеден өткеннен кейін сең соққан қайықтай біраз уақыт сенделіп тұрған еді. Соңғы жылдары оның тізгінін жас ақын Қызырбек Дүргінбайұлы ұстап, қаладағы өлеңге ұмтылысы бар жастардың басын аптасына бір рет қосып жүріпті. Сол қолдан жасаған орта жастардың талабын әжептәуір ұштағанын осы мүшәйра аңғартты. Бұл жолы жүлде алмаса да, өзінің дәмелі жүйрік екенін аңғартқан бірнеше ақын болды. Оның бірі – №35 мектептің оқушысы Толқын Ынтымақ. Тағы бірі – №33 мектептің 9-сынып оқушысы Құндыз Тасқынбек. Екеуі де поэзия дейтін әлемнен алатын еншісі бар екенін дәлелдеді. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың 1-ші курс студенті Балауса Мэлсқызының балауса жырларынан да өлеңге тән бір нәзіктіктің лебі еседі. Бізді Өскеменде тағы бір толқының қалыптасып келе жатқаны қуантты.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button