Біздің жақта Шыңғыстайда Балтабай деген батыр өткен. Батырлығы туралы әңгіме көп болғанымен, өзі туралы дерек аз. Ел аузында жүргені сол, Пахомов дейтұғын қызылдардың қолбасшысын қақ маңдайдан атып өлтіріп, Қытай асып кеткендігі. Ұрпақтары арғы бетте, Мори ауданында деп еститінбіз. Кейін Қазақстанға көшіп өтіпті…
Балтабай атамыз Оспан батырдың қол астында болып, талай шайқаста көзге түскен. Ол бір кітапқа сиятын бөлек әңгіме… Атамыздың бір немересі Парад осы аймақта тұрады, Қытайда. Балтабай батыр 80-нен асып барып дүние салған көрінеді. Бейіті Мори ауданы, Дарынгу деген жерде екен.
Бүгін Балтабай бабамыздың көзін көрген келіні Ырысалды апамен (суретте) жолығып, аз-маз әңгімелестік. Асығыстау екен. «Атамның жүрген жерін көріп қайтайын деп Катонқарағайға кетіп барамын» дейді…
Батырдың келіні
Шаңыраққа 1968 жылы келін болып түстім. Атамыздың Тұрағұл, Смағұл деген екі ұлы болды. Мен Тұрағұлға шықтым. Атам сұңғақ бойлы, арықтау келген қарасұр кісі еді. Сұстылығы сондай, қытайлар қорқатын. Айтқан әңгімелері көп. Керек болады-ау деп ойламаппын. Білсем, жазып алар едім ғой. Атына мініп ап, су сарысын аулап жүретін… Өзі үркін-дүркін Қытай асқанда әйелі мен Жаңыл, Бағжамал деген екі қызы қалып қойыпты, осы жақта. Соларды алып кетейін деп елге қайта өткен көрінеді.
Сөйтіп, Сарықайың деген жерге екі ай бекініпті. Әйелі болса аңдуға түсіп қалған екен. Үйінен айрылып, қоста тұрып жатыпты. Содан атам мылтықтың дүмімен түртіп оятқанда, біле қойған екен. Ол да сұңғыла кісі еді. «Дымыңды білдірме. Әскер екі-үш орап алған. Олар босаңси қалса, ақ шүберек байлай қой» депті атам. Өзі болса тасада аңдып жатқан.
Бір күні айтқандай, қостың төбе жағына ақ шүберек байланады. Атам жетіп барып, қасқыр ішікті қостың аузына іледі де, әйел-қыздарын ала жүгіреді. Сайдың ішінде қаңтарулы тұрған екі атқа міне бергенде, тарс-тұрс атыс басталады. Байқаса, әскер біткен оқтарын қасқыр ішікке бағыттап атып жатыр екен. Сөйтіп, тікенекті жынысқа жетіп алып, келген әскерді бір-бірден қыра беріпті. «Қандары суша ақты, әкең…» деп иықты бір көтеріп қоятын» дейді Ырысалды апа.
«Алты орыс» Алтайдағы жердің аты
Катонқарағай ауданындағы Тарбағатай, Шабанбай атты төр жайлаулардың табиғаты тілмен айтып жеткізгісіз әсем де, көрікті. Ол жерлердегі әрбір тау, өзен-көлдердің өз атаулары бар. Мысалы: Маралқашқан, Текше, Құрымбайсаз, Салықсалған, Жамбас, Қараайырық, Бәйгіжота, Көкалаайғыр, Қаранайза, Шоқпарсан, Қызылтас, Қаратас, Үңгіртас, Ащыбұлақ, Мойылдыбұлақ, Көлденеңбұлақ, Қайыңдыбұлақ, Марал көлі, Қаумыш көлі, Қаракөл және т.б. Солардың ішінде бүгінгі әңгімеге арқау болатыны қазіргі ұрпаққа ұмыт болып бара жатқан «Алты орыс» деген жер атауы болмақ.
Әңгімені арыдан бастасақ, Қаратай руының бел баласы Дәулеттен тараған Балтабай Әлханұлы батыр атамызды Катонқарағай өлкесінде естімеген адам аз шығар. Біздің бала кезімізде көнекөз қариялар, абыз аталарымыз ол кісі туралы аңыз-әңгімелерді майын тамызып айтқанда аузымыз ашылып, қызыға тыңдайтынбыз. Бертін баспа беттерінде басылып, кітап-шежірелерде де көп жазылды. Атап айтқанда, Бошай Кітапбаев атамыздың «Балтабай қашқын емес – батыр болған» деген көлемді мақаласы облыстық және аудандық газетке басылып, шежіре кітабына енді.
Балтабай батыр солақай саясаттың құрбаны болған адам. Өткен ғасырдың 20-жылдары Жаппай коллективтендіру мен кәмпеске басталып, коммунист-большевиктер елдің маңдай термен тапқан малын тартып алып, ауқатты азаматтарды бай, би, болыстарымызды тұтқынға қамап, итжеккен Сібірге соттап айдағаны, жер аударғаны есімізде. Балтабай атамыз осы режімге қарсы шығып, мал басын аман алып қалу мақсатында коммунистердің жергілікті басшысы Пахомовқа қарсы келеді.
Атамыз шығыстың болысы (Шыңғыстайға 1907 жылы алғашқы мектепті салдырған) Әбдікерім Ережепұлымен бірге Қытайдың Алтай, Тарбағатай өңіріне ат басын бұрып, көш бастап, қоныс аударуға бел шешеді. Бұл туралы Ұлы Отан соғысының ардагері, шежіреші Абдолла Шегіров атамыздың әңгімесін естіп, кітабынан оқып қаныққанбыз.
Балтабай атамыз өзінің туған-туысқандарын аман-есен арғы бетке орналастырған соң, қалған ағайын-жұрағаттарды да шекарадан өткізіп, коммунистердің тепкісінен азат ету мақсатында елге қайта оралады. Дәл осы кезде өзінің жан жолдасы Мырзахан Күркіременің шекара постында застава әскерлерінің қолынан оққа ұшып, есіл ер құрбан болады.
Бұл жағдайды естіп-білген Х.Пахомов: «Балтабай бұл қылығымызды кешірмейді. Мен бұрын қимылдап оны өлтірмесем, ол менің көзімді жояды» деп бір взвод әскерімен Шабанбай жайлауына аттанады. Өйткені ол атамыздың қыр-сырын жақсы білетін және оның төр жайлауда жүргенін жансыздардан естіп білген.
Балтабай да Х.Пахомовтың өзін іздеп шыққанын күні бұрын естіп, оны Шабанбай жайлауына асатын Шапқан жол асуында тосып алады.
Асудың ұрымтал тұсы тау-тастың тар жолында коммунист қызылдың командирін басынан көздеп, дәл атып өлтіреді. Сол жерде сайлап қойған қос атпен төр жайлаудың қалың орманымен қашады. Оның артынан 10-15 қуғыншы солдат ізіне түсіп қуады. Күні кешке дейін жүріп, кеш түсе атамыз оларды бір сайдың басында бекініп күтіп алады. Қолындағы бесатар мылтығымен мерген атамыз солдаттардың бес-алтауын сол сайда жер жастандырады.
Сондықтан да осы жер бүгінгі күнге дейін «Алты орыс» деп аталып кеткен. Бұл деректі Қытай жерінде өмір сүрген Балтабай атамыз жасына жетіп қайтыс болар шағында өзін күтіп-баққан келіні, баласы Тұрағұлдың бәйбішесіне әңгімелеп айтып кеткен.
Ырысалы апамыз осыдан 15 жыл бұрын атасының өсиетін орындап, екі баласымен Қазақстанға оралып, қазіргі күні кенже ұлы Жақсылықпен Алматы қаласында тұрып жатыр.
Дәулетхан Кәсенов
Өскемен қаласы