Білім

Жас ғалымдар жобаларын таныстырды

Жас ғалымдар жобаларын таныстырды

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде студенттер мен жас ғалымдарға арналған «Жастардың ғылыми әлеуеті ‒ Қазақстан дамуының алғышарты» атты республикалық ғылыми семинар өтті. Шараны студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми зерттеулерін дамыту орталығы ұйымдастырды.
‒ Семинардың мақсаты – ғылымдағы жастардың орнын айқындау, еліміздің жоғары оқу орны студенттері арасындағы байланысты арттыру. Қазақстанның әр тарабынан жиналған университет студенттері, магистранттар баяндама оқып, өзара пікір алмасты. Іс-шараға мектеп оқушысын тарту – «Болашағың өз қолыңда» деген бағдарламамызды іске асырудағы алғашқы қадамымыз. Яғни, ғылымды мектептен бастап дамытуды көздеп отырмыз, – дейді шара модераторы, студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми зерттеулерін дамыту орталығының директоры Гауһар Рахымбаева.
Жиынға қатысушылар алдымен ШҚМУ мұражайын, сирек кітаптар қоры көрмесін, біліктілікті бекіту және «Зияткер» ғылыми-білім беру орталықтарын аралап көрді. Экскурсия барысында олар тіл кемістігін түзету зертханасында орналасқан құны үш миллион теңгені құрайтын құрылғылармен танысты. Осы орталықта қазір бірнеше ғылыми жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ, білім берудегі инновациялар зертханасы да қонақтарға ерекше әсер етті.
Жиында баяндамалар оқылып, қызу талқыға салынды. Баяндамашылардың ішінде аталмыш оқу орнының студенті, республикалық «Алтын тобылғы» әдеби сыйлығының иегері Арай Ертарғынова да бар. Жас ғалымдар өз жобалары жайында ой қозғады. Мысалы, «Баламалы қуат көзі» тақырыбында жоба бастаған Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ студенті Алмаз Қабдрахманов ұзақ мерзімге дейін жарамды ультракүлгін сәулелерді жинайтын батарея жасап шығармақ.
Іс-шара соңында баяндама оқыған қатысушыларға және олардың ғылыми жетекшілеріне сертификаттар табысталды. Семей университетінің магистранты, жас ақын Арман Шеризатов, С.Аманжолов атындағы университетке өзінің «Тәңірқұт» атты өлеңдер жинағын тарту етті.

Назерке Серікбек

Осы айдарда

Back to top button