Журналистік зерттеу

Жағажайлардың жағдайы қалай?

Жағажайлардың жағдайы қалай?
Жаз келді. Аңқаны кептірер аптапты күндер де алыс емес. Алайда Өскемендегі ресми тіркеуге алынған жағажайлардың бірде-біреуі әлі шомылу маусымына дайын болмай шықты. Бұл туралы Шығыс өңірлік аэромобильді жедел-құтқару қызметінің өкілі Анатолий Рожков айтты.
Өңірде шомылу маусымы басталғалы бері алты адам суға кеткен. Олардың дені алкогольді ішімдік ішіп, шомылуға арналмаған орындарда суға түскен. Дәл осындай қауіпсіздік шараларын сақтамау салдарынан былтыр 42 адам ажал құшқан болатын.
– Су да тілсіз жау. Суға түскен кезде ең бірінші кезекте азаматтардың өздері абай болғаны абзал. Шомылуға арналмаған орындарда суға түскені үшін айыппұл салынатынын да айта кеткім келеді. Бүгінде облыста екі мыңнан астам су қоймасы бар. Ал құтқарушы мамандардың саны бар-жоғы 200-ден аспайды. Барлық жағажайларда қатаң бақылау жүргізу мүмкін емес. Сондықтан бірінші кезекте демалушылардың өздері қауіпсіздік шараларын сақтағаны жөн. Қазір Өскемендегі этносаябақтың маңында орналасқан «Көгілдір көлдер» мен Октябрь жағажайы, сондай-ақ, кенсіз материалдар комбинатындағы демалыс орны әзірге шомылу маусымына дайын емес. Себебі, аталмыш орындарда қауіпсіздік шаралары ретке келтірілмеген, – дейді Анатолий Рожков.
Ағымдағы жыл басынан бері өскемендік құтқарушылар облыс орталығындағы 28 мектептің оқушыларымен кездесу өткізіп, оларға су қауіпсіздігі ережелерін түсіндірген. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жергілікті атқарушы органдарға бірнеше мәрте нұсқаулық хаттамаларын жеткізсе де, тексеріс нәтижесінде су қоймалары қоқыстан тазара қоймағаны анықталуда.
– Күннің ыстығы және қала тұрғындарының су қоймаларына ағылып келуі жағажайларды тездетіп жабдықтауды талап етуде. Соған қарамастан, тиісті органдар тарапынан шомылу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты белсенділік байқалмайды, – дейді Өскемен қалалық төтенше жағдайлар басқармасы азаматтық қорғаныс бөлімшесінің бастығы Валентин Литвиненко.
Мамандардың айтуынша, облыс бойынша үш жүзге тарта демалыс орны бар болса, оның 52-сінде тазалық жұмыстары жүргізілген. Ондағы жеті шомылу орны балаларға арналған. Бүгінге дейін Өскемендегі жағажайларда Шығыс аймақтық аэромобильдер жедел-құтқару қызметінің бөлімшесі атынан 30 құтқарушы қызметке тіркелген екен. Мамыр айының 18-і күні қала бойынша судағы құтқарушылардың жиналысы өтіп, онда зардап шеккен адамға медициналық жәрдем беру жайында түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Жағажайлардың жағдайы қалай?
Сондай-ақ, келеңсіз жағдайларды болдырмас үшін қала бойынша негізгі демалыс орындарында және жағажайларда апта сайын рейдтер жүргізілетін болады. Анатолий Рожковтың айтуынша, бүгінде Семей, Риддер, Зырян қалаларында талапқа сай бірде-бір шомылатын жер жоқ. Ал Өскеменде биылғы шомылу маусымы мерзімінен сәл кешеуілдейтін сияқты. Ал құтқарушылар демалушыларды судағы қауіпсіздік шараларын мұқият сақтау жөнніде ескертеді.

Әділхан Есімханов

Осы айдарда

Back to top button