Денсаулық сақтау

Жаңа жүйенің тиімділігі басым

Жаңа жүйенің тиімділігі басым


Облыс орталығындағы №1 қалалық ауруханада он бір клиникалық бөлімше бар, пациенттерге жоғары білікті 158 дәрігер қызмет көрсетеді. Стационар 522 науқасқа арналған. Былтыр емдеу мекемесінде 22 547 науқас емделді.

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілетіні белгілі. Бұл жаңашылдықтың емдеу орындары мен тұрғындар үшін қандай артықшылықтары бар? Фармацевтикалық қызмет түрлерін ұсынушылар мен мемлекетке міндетті сақтандырудың қандай тиімділігі бар? Осы және басқа да сұрақтар төңірегінде оқырманға қажетті ақпарат беруді жөн санадық.

Алдымен тұтынушылар туралы сөз қозғасақ. Бұған дейін де айтылғандай, сақтандыру жүйесіне қатысушылар дәрігерлік көмекті еліміздің аумағында орналасқан кез келген клиникадан ала алады. Бұл – бір. Оларға көрсетілген медициналық көмектің шығынын Қор өтейді. Екіншіден, тұрғындар кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен МӘМС пакеттеріне кіретін қызметтер үшін қосымша ақы төлемейді. Үшіншіден, Қормен фармацевтикалық қызметтерді ұсынушы ретінде келісімшартқа отырған Қазақстанның аумағындағы кез келген дәріханадан құрамы бойынша кеңейтілген және жақсартылған тізімге кірген дәрі-дәрмектерді тегін ала алады. Төртіншіден, МӘМС жүйесінің Қорына сақтандырылған адам үшін аударылған төлем мен медициналық ұйымдарда көрсетілген қызметтер туралы ай сайын ақпарат беріліп тұрады. Бесіншіден, медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысына сапасыз қызмет көрсетілсе не оның құқықтары бұзылса, Қор оның мүддесін қорғайды.

Сарапшылардың айтуынша, медициналық ұйымдардың да ұтары көп. Емдеу мекемелерінің тұрғындарға көрсеткен қызметтері толық қаржыландырылады. Бастысы – дәрігерлерге жұмысының нәтижесіне қарай еңбекақы төлеу жүйесі енгізілмек, олардың жалақысы өседі. Медициналық мекемелерді жаңа құралдармен жабдықтауға қол жеткізіледі. Жеке инвестрларды тартуға, отандық және шетелден тәжірибесі мол мамандарды шақыртуға болады.

Жаңа жүйе денсаулық сақтау саласының жұмысын тұрғындар сұранысына лайықты ұйымдастыруға, олардың амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуін кеңейтуге мүмкіндік бермек. Тұтынушылардың сапалы медициналық көмек алуына, денсаулығы үшін заңсыз ақы төлемеуге септігін тигізеді. Сақтандыру жүйесі азаматтардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттырады.

Мемлекет халықты жаппай сапалы медициналық қызметпен қамтуға қол жеткізеді. Денсаулық сақтау саласының тұтыну қажеттіліктерін реттеп отыруға қауқарлы тұрақты қаржылық жүйе қалыптасады. Бұл өз кезегінде нарық механизмдерін жетілдіруге ықпал етеді. Нәтижесінде жеке меншік медициналық ұйымдардың көптеп ашылуына жол ашады. Бұл дегеніміз жаңа технологиялар мен жұмыс орындары. Қаржылық ресурстарды пайдаланудың тиімділігін арттыруға, жұмсалған қаражат туралы қоғам алдында есеп беруге тура келеді.

Тасымалдаушылардың қаржылық тұрақтылығы қызметтерінің тиімділігіне сай болады. Басқару мен менеджменттің жаңа корпоративті әдістерін енгізуге деген талпынушылық туады. Еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіруге: табыстың бәсекелестік көзін табуға мүмкіндік беріледі. Жұмыс нәтижелі қорытындыға бағытталғандықтан, жаңа технологиялар енгізіліп, негізгі қаржы уақытында толықтырылып тұрады.

Жаңа технологиялар мен жаңа құрал-жабдықтарды меңгеру үшін медицина қызметкерлеріне үнемі біліктіліктерін жетілдіріп тұруға мүмкіндік жасалады. Жұмыс нәтижесіне қарай қосымша әлеуметкік пакет қарастырылады.

Денсаулық сақтау субъектілерінің арасындағы дәрігерлік көмек көрсету бойынша конкурстар, медициналық көмекті ұйымдастырудың клиникалық хаттамалар мен алгоритмдер стандарты, медициналық ұйымдарды аккредиттеу, медициналық қызметтің сапасына жасалған ішкі сараптама, емдеу орындарының көрсеткен қызметтері үшін жауапкершілігі жалпы алғанда тұрғындарға медициналық қызметтердің сапалы көрсетілуін қамтамамыз ететін болады.

Қызметтерді сатып алуға берілген келісім-шарттары бұзылған денсаулық сақтау субъектілері келісім-шарттар бұзылған сәттен бастап үш жылға дейін МӘМС жүйесінде медициналық көмекті көрсету қызметтерін сатып алуға қатыстырылмайды.

Сәулеш Сәбитова,
№1 қалалық аурухананың
бас дәрігерінің ұйымдастыру
және әдістеме жұмыстары
жөніндегі орынбасары.

Осы айдарда

Back to top button