Қоғам

Жаңа әннің тұсауы Өскеменде кесілді

Жаңа әннің тұсауы Өскеменде кесілді


Өскемендегі «Нұрлы жол» саябағында Конституцияның 22 жылдығына арналған мерекелік концерт өтті. Онда қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Маржан Арапбаева мен өңірімізге танымал өнерпаздар ән мен биден шашу шашты.

Бұл күні өскемендіктер мен қала қонақтарын мемлекеттік мерекемен «Инкорро», «Аини», «Арабеск», «Ладушки» сияқты ән-би ұжымдары құттықтады. Салтанатты шарада қазақ, орыс, украин ұлттарының биін билеп, мерекенің көркін ашқан жас өнерпаздар көрермен қауымның ерекше қошеметіне ие болды. Әсіресе, елімізде тату-тәтті өмір сүріп жатқан әртүрлі этнос өкілдерінің биінен попурри ұсынған бишілер көпшілік қауымның ыстық ықыласына бөленді. Кішкентай өскемендіктердің өздері әуенге елтіп, биші қыз-жігіттерге қосылып кетті. Бұдан соң танымал әнші Маржан Арапбаева «Тек алға!», «Самға Қазақстан!», «Арманыма асығамын», «Сен мықтысың», «Соңғы вальс», «Қазақ елі осындай» сынды жеке репертуарындағы әндерді әуелете шырқап, қала тұрғындары мен қонақтарын риза етті. Айта кетейік, мерекелік концертте Маржан Арапбаева «Звезда» атты жаңа әнінің тұсауын кесті.

– Құрметті өскемендіктер! Сіздерді шын жүректен Конституция күнімен құттықтаймын! Әрдайым бастарыңыздан бақ таймасын, жүздеріңізден күлкі кетпесін! Тек жақсылықта жолығайық! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деп құттықтауын жеткізді белгілі әнші.

Бұдан соң өңіріміздегі танымал әншілер Нұргүл Қабдоллаева, Вячеслав Ткач, Антон мен Ирина Барабаш, Диана Мұратова, Айдос Нұрмағамбетов, Ермек Байзақов, Юля Юрочкина, «Аллегро», «Инкорро» топтары патриоттық әндерді шырқап, көпшілік қауымның жүрегіне жылылық сезімін ұялатты.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button