Қоғам

Үздіктер марапатталды

Үздіктер марапатталды


Кеше «Дидар» газетінің редакциясында «Атамұра» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Жеңімпаздарды «Шығыс-Ақпарат» ЖШС директоры Ирина Якунина мен газеттің бас редакторы Уәлихан Тоқпатаев құттықтады.

Бұл байқаудың тұңғыш рет өтіп жатқанын тілге тиек еткен директор болашақта оның ауқымын кеңейтіп, жүлде қорын молайтатынын айтты.

– Бұл байқаудың мақсаты «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай салт-дәстүрімізді ұлықтау болса, екінші жағынан, оқырмандарды өзімізге тарту болатын. Байқауға 20-дан астам шығарма келіп түскен, оның ішіндегі ақын-жазушыларды, ғалымдарды, журналистерді іріктеп алып тастап, қатардағы оқырмандар арасында өткіздік, – деді құттықтау сөзінде басылымның бас редакторы Уәлихан Дөшкенұлы.

Жердің шалғайлығына, ауа райының қолайсыздығына байланысты алыс аудандардағы жүлдегерлерімізді мазаламадық. Марапаттау рәсіміне байқаудың бірінші орнын жеңіп алған серебрянкалық Қуаныш Мақтиев пен үшінші орын алған ұландық Күлпан Өмірзақова қатысты.

– Мен 1999 жылдан бері «Дидар» газетіне мақалаларымды жариялап келемін. Осы газетке алғысым шексіз. Өйткені мен тұрып жатқан қаланың тыныс-тіршілігіне байланысты жазған дүниелерім үзбей жарық көріп келеді. Соған байланысты қаладағы ұлттық мәселелер оң шешімін тапты. Еңбегімді елеп жатқандарыңызға рақмет, – деді байқау жеңімпазы Қуаныш Мақтиев.

Ал үшінші орын иеленген ұландық ардагер ұстаз Күлпан Өмірзақова жариялаған байқаудың мән-маңызына тоқтала келіп:

– Бүгінгі кейбір ұрпақ батысқа қарап басы айналып, оның әрбір дүниесін бренд санап жүргенде, қазақ халқының киелі қолөнерін жоқтау, оларды насихаттау өте керемет дүние. Қолға алған істеріңіз жемісті болсын, – деді.

Қалған екінші орын алған екі жүлдегеріміз бен тағы бір үшінші орын иегері редакцияға хабарласып, жүлделерін алуына болады. Байқауға қатысқан барлық оқырмандарымызға алғыс айтамыз.

«Дидар» ақпарат

Осы айдарда

Back to top button