Қоғам

Қымбатшылық қос бүйірден қысты

 Жыл басында ғана баға мен тариф негізсіз көтерілмейді, Үкімет тапсырма берді деп жарысып жазып едік. Жыл аяқталмай жатып, облыста басқа тауарларды айтпағанда, нан мен жылу энергиясының құны өсті.  

                Энергияны сырттан сатып алуға мәжбүр

Қаңтар айында   «Шығысэнерготрейд» ЖШС  «электр энергиясын тұрмыстық мақсатта тұтынатындар үшін тариф 6,5 пайызға төмендетілді, енді киловатт/сағат энергия   9,719 теңге болады»  деп жариялаған еді. Осылайша,  бірінші  деңгейлі тариф (90 киловатқа дейін тұтынатындар үшін ) 10,15 теңгенің орнына  9,824 теңге,  екінші деңгейдің тарифі (90-170 киловатт) 13,771 теңгеден 13,061 теңгеге төмендеп, үшінші деңгейдікі  (170 киловаттан жоғары жағатындар)  17,464 теңгеден  16,828 теңге арзандаған болатын.                            

     Өткен жылдың  желтоқсанында Энергетика министрлігі 2025 жылға дейін электр энергиясының шекті тарифін бекітіп берген. Соған қарамастан «Шығысэнерготрейд» ЖШС 1қазаннан бастап электр энергиясының бағасын өсірді.

  – 2018 жылы кәсіпорынның шекті тарифі киловатт/сағатына 11,758 теңге болған. Осы жылдың басында тұрғындар үшін тарифті  төмендеттік. Алайда заңды тұлғалар бұрынғы тарифпен төлеп жатты. Күз-қыс айларында  облыстың электр энергиясын тұтыну көлемі артатындықтан «Шығысэнерготрейд» ЖШС оны   Экібастұз ГРЭС-нен  сатып алуға мәжбүр. Өйткені жергілікті станциялар  жоспарланған энергия дефицитін қанағаттандыруға технологиялық тұрғыдан қауқарсыз. Осы факторлар компания шығынын 1 миллиард теңгеге көбейтті. Барлық станциялар уақытылы төлемді талап етеді. Облысты қажетті электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін тарифті көтеруге  тура келді.  Жеке тұлғаларға арналған баға қазан айынан бастап 11,642 теңгені құрады,-дейді компания директорының орынбасары Айнаш Абдульманова.

Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыс бойынша департаментінің мәліметіне сүйенсек, «Шығысэнерготрейд» ЖШС  сияқты маңызды монополиялық субъектілер  Заңның 13 тармағаны сәйкес, бағаны өсіру немесе төмендету  жөнінде  уәкілетті органға бес жұмыс күн ішінде ескерту жіберіп, тарифті  өз бетінше бекітуге құқылы.

  • Заң нормаларына сәйкес, субъектілердің тарифтері шығынды ақтауы тиіс. Егер кәсіпорын шығынмен жұмыс істеп жатып, тарифті көтерсе, бұл әрине, негізсіз көтеру болып саналмайды. Алайда тарифті себепсіз көтеруге департамент қарсы.  Кәсіпорындардан осындай  өтініш келіп түскенде, субъектінің барлық кіріс-шығындары есепке алынады. Мысалы, биыл 71 монополиялық субъектінің тарифті көтеру жөнінде өтініші қаралды. Оның тек 30-ына ғана рұқсат берілді. Трифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында аудандарда арнайы жұмыс тобы құрылған. Тарифті себепсіз көтеруге жол бермейміз. Бұл Үкіметтің де тапсырмасы,-дейді департамент басшысы Қайрат Оразбаев.

                             Нан неге қымбаттады?

Осылайша, тұрғындар енді жарықты жаңа тарифпен төлеуге мәжбүр. Қымбатшылыққа көндігіп қалған жұрт бұған да қынқ етпеді. Алайда қамба астыққа толған шақта нан  бағасының өсуі онсыз да қалтасы жұқарып бара жатқан халыққа бірден сезілген. Осыдан бір ай бұрын ғана Ауыл шаруашылығы министрі биыл бидай аз жиналады, бірақ ол нан бағасына еш әсер етпейді деп елді сендірген болатын.  Десе де,  министрдің  уәдесі сөз жүзінде қалды.

Өңірдегі осы салаға жауапты мамандар мұны бидай бағасының өсуімен түсіндіріп отыр. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкийдің айтуынша, егер ұн, жанар-жағармай мен астық бағасын реттей алмайтын болсақ, наубайханаларды нан бағасын ұстаңдар  деп қинаудың реті жоқ. Наубайханашылар да бизнес субъектілері.

– Неге электр энергиясының тарифі өседі, жанар-жағармай өндірушілер де шығынсыз жұмыс істеу керек, ал наубайханашылар қарызға батуы тиіс? Оның үстіне наубайхананың табысы аталған екі субъектінікінен анағұрлым төмен,-дейді ол.                                                                           Биыл елімізде  бидай бітік шықпады. Шілденің ыстығында бірқатар егіс алқаптары күйіп кеткен. Құрғақшылықтан Қостанайдың сегіз  ауданының алқаптары қатты зардап шекті.                 Бидайдың өнімділігі орташа есеппен гектарына 4-5 центнерден аспапты. Бұдан бөлек, көптеген егістік жерлерінің топырағы құнарсызданып кеткен. Былтырғымен салыстырғанда астық көлемі 15 пайызға аз шықты. Облыстық  кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіптік  кешен бөлімінің басшысы Асқар Жақыпбаевтың айтуынша, нан бағасының өсуіне тікелей әсер еткен бірінші  фактор осы. Екіншіден, бізде ғана емес, әлемде де астық бағасы өсіп барады. Үшіншіден, қымбатшылық шаруашылық шығындарының  артуына әсер етіп отыр.

  • Біздің «Продкорпорация» шаруалардан астықты сатып алып, ұн өндіруші кәсіпорындарға бекітілген бағамен сатады. Бүгінгі күні элеваторларда 3825 тонна астық сақтаулы, оның 1300 тоннасы биылғы жиын-теріндікі. Астықты сатып алу жалғасуда. Үшінші класты бидайдың бір тоннасы 70-76 мың теңге, төртінші кластікі –  62-65 мың теңге. Баға тұрақты. Алайда шаруалардың несиелері  шаш етектен. Техника,  гербицидтер мен тұқым қымбат. Субсидия жеткіліксіз. Осы мәселені шешу үшін тым болмағанда несиелер арзан әрі ұзақ мерзіміге беруілуі тиіс. Бұл ұсынысты жуықта  Үкіметке жолдадық,-дейді ол.

                               Баға бақылауда ма?                 

Нан бағасын ұстап тұру үшін, сондай-ақ әлеуметтік аз қамтылған топтарға  қолжетімді ету  мақсатында  облыстық әкімдікте  тиісті шаралар қолға алынды. Тек нанның емес, әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік түрінің бағасы бақылауға алынған. Сондай-ақ Өскемен қаласы әкімдігі бірінші сұрыпты нанды  төмен бағамен сату жөнінде бірнеше өндірушілермен меморандумға қол қойды. 65-75 теңге тұратын нан әлеуметтік сөрелер мен өндірушілердің сауда нүктелерінде саудалануда. Ал облыстық тұрақтандыру қоры арзан бағамен сатылатын төрт көкөністің түрімен қамданып жатыр. Бүгінгі күнге қорға 5700 тонна көкөніс сатып алынды. Сондай-ақ  тұрақтандыру қоры өнімдерінің қатарына енгізілген қант бағасы әзірге өңірде қалыпты. Бір келісі 235 теңге тұратын қантты облыс орталығының 13 сауда нүктесінен сатып алуға болады. Жуықта Семей қаласының 11 сауда орнында да қант осы бағамен нарыққа шықпақ.

                  Алда тағы бір толқын…

Баға бақылауда десек те,  өзге де маңызы бар тауарлардың құны өсіп бара жатқандығын көзіміз көріп отыр.

Бұл мәселенің бар екенін билік те мойындайды. Инфляцияның артуына жол бермеуге жауапты құрылымдардың бірі  Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев азық-түлік тауарлары бағасы­ның өсуі 2017 жылдың басынан бері ең жоғары шегіне жеткенін растады. Сонымен бірге оның мәліметінше, елімізде инфляцияға ең көп үлесті азық-түлік бағасы құрайды.  Соңғы үш жылдағы ол ең жоғары көрсеткішке (9,1%-ға)  жетті.

Ұлттық банк төрағасы елімізде азық-түліктің қымбаттануына әлемде ет пен ас­тық бағалары өскендігі әсер еткендігін айтады. Содан да болар отандық кәсіпкерлердің назары сол жаққа ауыпты.

Қазақстанда тек баға ғана емес, сонымен қатар шетелдік валюта құны да шарықтап тұр. Бұл да бағаның өсуіне бір сылтау. Е.До­саевтың мәліметінше, қыркүйек айының басынан 11 қазанға дейінгі аралықта 1 АҚШ долларына шақ­қандағы ұлттық валютаның бағамы 385,27 теңгеден 390,12 теңгеге дейін құн­сызданған. Сөйтіп, тарихи ре­корд­ты бағындырды.

Бірнеше толқынмен жүретін еліміздегі қымбатшылықтың келесі соққысы алдағы мерекелер қарсаңында күтілуде. Сондықтан Үкімет жауапты министрліктер мен әкімдерге тұтыну тауарларының бағаларын қатаң бақылауды  жүктеді.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button