Қоғам

Әйелдер кәсіпкерлігінің қыр-сырын үйретті

Әйелдер кәсіпкерлігінің қыр-сырын үйретті


Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада еліміздегі әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және қолдауға арналған баспасөз конференциясы өтті. Онда «Астана» банкінің қолға алып отырған «Қызғылт жаға» атты әлеу-меттік жобасы таныстырылды.

Басқосу барысында нәзік жандардың ақпараттық және экономикалық сауаттылықтарын арттыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, кәсіп ашуға ниет білдірген қыз-келіншектерге жеке бизнес-жоспарды қалай жасап, пайыздық мөлшерлемесі төмен несиеге қалай қол жеткізуге болатыны жөнінде де түсініктеме берілді. Басқосуда «Әйелдер көшбасшылығы қорының» жоба жөніндегі директоры Светлана Богатырева кәсіпкер әйелдерді оқытуға арналған бұл әлеуметтік жобаның маңызы зор екенін атап өтті.

– «Қызғылт жаға» жобасы бала тәрбиесімен үйде отырған нәзік жандар мен жоғары оқу орнын бітіріп, жұмысқа орналаса алмай жүрген қыздар үшін өте тиімді. Аталмыш жобаны осыдан бес жыл бұрын Астана, Алматы сынды мегаполистерде жүзеге асыруды қолға алған болатынбыз. Нәтижесі жақсы, – дейді Светлана Богатырева.

Баспасөз конференциясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Елена Березинская-Абилова соңғы жылдары облыста қаржылық біліктілігін жетілдіріп, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған бағдарламаларды тиімді пайдаланып жатқан әйелдердің қатары 40 пайызға артқанын жеткізді.

– Бүгін «Бизнес мама» жобасының аясында бизнес бастауды қолға алуға жүрексініп жүрген нәзік жандар үшін арнайы семинар өтуде. Онда қатысушыларға «әйелдер кәсіпкерлігі» ұғымы кеңінен түсіндірілуде. Жалпы, әлем ғалымдарының зерттеуінше, әйелдер басқаратын кәсіпорындардың табысы мол болатыны анықталған, – дейді Елена Березинская-Абилова.

Ажар Мұратқызы

Осы айдарда

Back to top button