Айтылмай жүрген ақындар

Әуезов пен Аймауытов жоғары бағалаған жыр дүлдүлі

Әуезов пен Аймауытов жоғары бағалаған жыр дүлдүлі
Айтыс – адамзат баласында қазақ халқының ғана пешенесіне жазылып, ажырамас еншісіне айналған қасиетті өнер. Тамыры тереңнен бастау алған осы бір сөз өнерінің тағдыры да мың өліп, мың тірілген.

Аянмен қонған қасиет

Әрісін айтпағанда, кешегі Кеңес үкіметінің тұсында осынау төл өнеріміздің түбірімен жойылып кетпеуіне Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Қаныш Сәтпаев сынды ұлтымыздың ұлылары қорған бола білді. Олар сұрапыл соғыс жүріп жатқан 1943 жылдың өзінде тылдағы халықтың еңсесін тіктеп, болашақтан үміттерін үзбеу үшін айтыс өнерін идеологиялық қару ретінде пайдалана отырып, төл өнеріміздің дамуына, шыңдалып, шымырлана түсуіне баса назар аударды. Еліміздің түкпір-түкпірінен сөз зергерлерін Алматыға алдырып, дүбірлі сөз додасын ұйымдастырды. Айтулы жыр сайысына Жамбыл Жабаев бастап, Нартай Бекежанов, Майасар Жапақов, Шашубай Қошқарбайұлы, Төлеу Көбдіков, Нұрлыбек Баймұратов, Иса Байзақов сынды сөз саңлақтары қатысып, өз өнерлерін жұртшылыққа паш етті.
Аттары аталған ақындардың арасында от ауызды, орақ тілді сөз майталманы, жерлесіміз Нұрлыбек ақынның алар орны ерекше болғандығын айту парызымыз. Ақындық өнерін бүкіл халқына танытып қана қоймай, өз тұсындағы азулы әріптестеріне мойындата білген ірі тұлғаның көп айтыстары кезінде жазылып алынбай, ескерусіз қалғаны өкінішті, әрине.
Десек дағы, ол соңындағы жас ұрпаққа, халқына өлмес мұра қалдыра білді. Ақынның өмір жолына көз жүгіртер болсақ, әкесі Баймұрат аса кедей адам болған көрінеді. Бала-шағаның қамы үшін сол кездегі орыс байларына жалшы болып, малын бағып, егінін күзетеді. Қысы-жазы жалшылықта жүрген адамның баласы қайбір шекесі шылқып өмір сүрді дейсің.

Жастайынан ауыртпалық пен жоқшылықтың зардабын тартқан бала Нұрлыбек өмірдің ащы сыбағасының дәмін тата жүріп, ширығып-шыңдалып өседі. Ел аузында «Оған ақындық аян арқылы қонған» деген сөз бар. Бұл дерек негізсіз де емес секілді. Оны ақынның мына бір жыр жолдарынан аңғаруға болады:
…Қатты ұйықтап қалған екем шаршап жүрген,
Түс көрдім таңға таяу уақыт екен.
«Нұрлыбек, сен ақынсың, өлең айт!» деп,
Тұрғызып, домбыраны маған берген.
Ақ сақалды, ақ жүзді адам екен,
Дауысы шығар-шықпас мен де келгем,
Ала сап, домбыраны қағып-қағып,
Төрінде әлгі атаның өлеңдеткем …
Ақынның өзі айтып отырған бұл дерегінен оған ақындық өнер ғайыптан қонғанын байқаймыз.

Баймұратовтың шығармалары жайында айтсақ, Нұрлыбек – суырыпсалма ақындардың ішіндегі ерекше тұлға. Ол өз тұсындағы өмір кезеңдерін қарапайым тілімен кестелей отырып, оқырманға ой салады. Нұрлыбек поэзиясы – терең идеялы өміршең поэзия, оның шындығы мен күші де осында. Оның өлеңдері – халықтық өлеңдер. «Ақын өз халқымен, Отанымен бақытты» деген сөздің бағасын білетін Нұрлыбек қоғамдық тірліктің барлық ірі оқиғаларына жедел де сергек үн қосып отырады.

Жүсіпбек баға берген екі жүйрік

Жазушы Сәду Машақов өзінің «Естеліктер, эсселер және зерттеу мақалалар» (Алматы, «Жалын», 1992 жыл) атты еңбегінде ол туралы тамаша деректер келтірген:

1923 жылдың қысында Семей қаласының көшелерінде қазақ тілінде басылған жарнамалар пайда болды. Қаланың Ертіс өзеніне таяу іргесінде Свердлов атындағы клуб бар. Мұнда көбінесе жиналыс, ойын-сауық кештері өткізіліп, концерт, спектакль қойылып тұратын. Ертең осы клубта ақындар Иса Байзақов пен Нұрлыбек Баймұратов айтыспақ. Әншілер ән шырқап, жыршылар жырламақ, өнерпаздар өнер көрсетпек. Жарнамада осындай хабар жазылған.
Кешке халық көп келгендіктен, залға сыймай кетті. Билет сатылып біткен. Айтыс басталудан бұрын сахнаға кең маңдайлы, орта бойлы, жасы отыздар шамасындағы қара торы адам шықты. Ол ашық қоңыр дауыспен мүлтіксіз, жай сөйлей келе айтысатын екі ақынның аты-жөнін таныстырды. Жұрт оның сөзін ықылас қоя тыңдады. Бұл адам сол кездегі губерниялық «Қазақ тілі» газетінің редакторы Жүсіпбек Аймауытов еді.

Бұл айтыста екі ақын рудың атынан, яғни, Исаның өзі арғын болса да, найман руы атынан, ал Нұрлыбек найман болса да, арғын руы атынан айтыспақ. Алдымен Нұрлыбек ақынға сөз берілді. Нұрлыбектің зор дауысы клубты жаңғырықтырып жіберді. Ол ойланып, асықпай, баяу үнмен арғын руының атақты адамдарын, байларын, батыр-билерін өлеңмен мақтап өтті.

Исаға сөз кезегі келгенде, шиыршық атып отырған қаршығадай қағылез ақын найманның белгілі кісілерін, шешен билерін көкке көтере мақтады.

Бұл күнгі айтыстың да төрешісі Жүсіпбек еді. Ол орнынан шапшаң тұрып, байсалды үнмен екі ақынның бүгінгі сөздеріне баға берді.

– Бұл екі ақынның бүгінгі айтысынан аяқ алыстарын, өнерін байқадық, – деді ол. – Екі ақынның да шеберлігі, тапқырлығы қай шамада екені байқалғандай болды. Өлеңді табанда суырып салып айту – екінің бірінің қолынан келе бермейтін қиын өнер. Осы тұрғыдан қарағанда Иса ақын –шапшаң қимылдайтын ұшқыр, сөзге шешен, тапқыр. Ал Нұрлыбек – баяу қимылдайтын, бірақ, сөзінің салмағы, мағынасы басым, ойға көбірек үңілетін ақын. Бүгінгі айтыстан біздің байқағанымыз осы…

Бұл күнгі айтыстың нәтижесінде төреші Иса ақынның өнеріне жоғары баға беріп, екі ақынның айтысы бұдан кейін де жалғасатыны хабарланды. Келесі айтысқа ақындар «Адам» деген тақырыпқа дайындалып келмек. Екі ақын адам туралы өз ойларын өлеңмен бейнелеп айтып берулері тиіс.
Иса мен Нұрлыбектің келесі айтысы қаладағы ескі циркте өткізілді. Алғашқы боп сөз алған Иса ақын бөгелместен шұбырта, ұзақ сөйледі. Адамның қасиеті, міндеті туралы жырлады. Адам туралы ойларын жырға айналдырып, суырып салып айтты.

Нұрлыбек кезегін алып, дауысын күңгірлете бір көтеріп қойды да, ашық үнмен сөйлей жөнелді. Бұл жолы бұрынғы айтыстағыдай емес, қимылы да, сөзі де ширап қалған тәрізді. Тегі, бұл жолғы айтысқа едәуір дайындалған болуы керек. Адам деген не екенін бұл ақын да өзінше бағалап, өзінше түйіндеді.

Ақырында бұл жолғы айтыстың қандай дәрежеде өткеніне баға беріп, оны қорыту үшін Жүсіпбек сөз алды.

– Иса ақын бұл айтысқа онша дайындалмаған сияқты, – деді Жүсіпбек. – Ақын өз күшіне сенген болар. Ал Нұрлыбек ақынның айтысқа өте дайындалып келгені өлеңінен байқалып тұр. Иса жүйрік ақын болғанымен, берілген тақырыпқа жеңіл-желпі қарап, тереңірек ойлануға көңіл бөлмеген. Бүгінгі айтыстың қорытындысы осы…

Қапасқа қамаса да, қажымады

Айтыс өнерінің басты талаптарының бірі әрі бірегейі табан астында тауып айтар тапқырлық дейтін болсақ, бұл қасиетті Нұрлыбек жырларынан көптеп аңғаруға болады. Нұрлыбек пен Иса өз тұстарында бір емес бірнеше мәрте айтысып, үнемі итжығыс түсетін көрінеді.

Сондай айтыстың бірінде арқаланып отырған Иса қарсыласына:
– Айтыстағы Құдайың мен боламын! – деген сарында сөз саптайды. Сыралғы әріптесінің осал тұсын бағып отырған Нұрлыбектің де тілегені осындай ойланбай сөйлеудің сәті болса керек:
– Мен-дағы сөзден есе бергенiм жоқ,
Тiлiне сендейлердiң ергенiм жоқ.
«Аспанда жалғыз Құдай бар деушi» едi,
Бөрiк киген таз Құдай көргенiм жоқ, – деп табан астында ұтқыр жауап қайтарып, замандасын сөзге тоқтатқан көрінеді.
Нұрлыбек – Жамбыл бастаған халық ақындарының ішіндегі өзіндік орны, суреттеу мәнері бар ірі тұлға. Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген өнер қайраткері, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, аты бүкіл қазақ даласына мәлім, аса дарынды ақын. Ақындар атасы атанған қарт Жамбыл Нұрекеңді ақындар ішінде Алатаудың асқарында жүрген арқардың құлжасына теңеген көрінеді.

Қазақтың көптеген зиялылары секілді Н.Баймұратов та жазықсыз жәбірленіп, кінәсіз қудалау көрген саңлақтың бірі. Замана бетін кері бұрған, теріс азу сойқан бастықсымақтарды сын садағына алып, көздерін шұқи айтқан турашылдығы үшін оны түрмеге де отырғызады. Осы тұста оның аты да, шығармалары да жарияланбай, көп жылдар бойы қалтарыста қалады.

Ұзақ жылғы тер төккен еңбегі жанбаған қарт ақын сонау Қиыр Шығыстағы Колыма түрмесінде бірнеше жыл қапаста отырып қайтқасын, өмірінің соңына дейін туған халқына адал еңбек етеді.

Көзі тірісінде өз атына лайықты қошемет те, ешбір жылы сөз де естімей, пүшайман болған ақын өзінің туған жері Бесқарағай ауданының Ново-Николаевка ауылында 1969 жылы 8 қарашада, 82 жасында дүние салады.
«Жақсының жақсылығын айт» дегендей, Нұрекең өзінің өте жақын сыйласқан інісі М.Әуезовтің қолдауы мен қамқорлығын көп көргендігін өле-өлгенше айтып өткен көрінеді.

Жастайынан жетім қалып, өмірдің ауыртпалығы мен ащы-тұщысын басынан өткерген, сөйтіп, жалшылықпен есейген ақын өнерімен елге танылды. Қазір ақынның туған ауылындағы орта мектеп Нұрлыбек Баймұратов есімімен аталады. Мектепте ақынның өмірі мен шығармашылығынан мол мағлұмат беретін мұражай бар.

Қазір ел арасында «Бір кездердегі кеңестік отарлау мен жаппай бұрмалау науқанында қойылған, қазақ даласына бес қайнаса сорпасы қосылмайтын Ново-Николаевка ауылын ақын Нұрлыбек Баймұратов есімімен атау керек» деген игі әрі орынды бастама көтеріліп жатқан көрінеді. Біз де жергілікті атқамінерлер көпшіліктің ұсыныс-талаптарымен санасар, ауылдың ақын есімімен аталуына атсалысар деген үміттеміз.

Бұл болашақ ұрпақ үшін, тәуелсіз ел тарихының жаңа парақтары үшін аса қажет өзгеріс болмақ.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button