Денсаулық сақтау

Қу тізені құшақтатқан кесел

Қу тізені құшақтатқан кесел


Ұрпақ өрбіту жасындағы қыздар мен жігіттердің белсіздік пен бедеулікке шырмалып жатқаны отбасының ғана емес, ұлтымыздың демографиялық қасіретіне айналып барады. Бүгінде елімізде бес-он жыл бұрын отау құрған отбасылардың 17 пайызы осы кеселмен күресіп жүр.

БЕДЕУЛІК ПЕН БЕЛСІЗДІК БЕЛЕҢ АЛДЫ

Жас отбасыларын ұрпақсыз қалдырып жатқан бедеулік, белсіздік аурулары 2000-шы жылдардан бері біздің аймақта да ұлғайып отыр. Қазіргі күні Шығыс Қазақстан облысы бойынша жасанды жолмен экстракорпоральді ұрықтандыру (ЭКҰ) арқылы бала көтеруге квота алуға 645 ерлі-зайыпты кезекте тұр. Кезекке тұрмағандардың, өз бетімен емделіп жүргендердің саны да аз емес. Биыл Өскеменде 39, Семейде 26 ерлі -зайыптыға квотамен ЭКҰ жасауға жолдама бөлініп отыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің дәрігер-сарапшысы Бақыт Таймасова былтыр облыста 69 жұпқа тегін жасанды жолмен ұрықтандыру жасалса, биыл екі қала аясында барлығы 65 отбасына жолдама беріліп отырғанын айтады. Әйткенмен, отбасылардың ЭКҰ-ны тегін жасатуға берілетін мұндай квотаны бір ай емес, бір жыл емес, бес жыл көлемінде күтуіне тура келуде. Яғни, үміт арттырып отырған квотаның кезегі оларға бес жылдан кейін ғана келеді. Биыл тегін ЭКҰ жасауға берілетін жолдама 2013 жылы кезекке тұрғандарға беріліп жатса, келер жылы 2014-15 жылы кезекке тұрғандарға беріле бастамақ. Квота бойынша тегін жасанды жолмен ұрықтандыру бұрын тек Астана мен Алматыдағы ана мен баланы қорғау саласындағы төрт-бес клиникаларда жасалса, биылдан бастап Өскемендегі репродуктивті орталықта да жасалып жатыр. Биыл жекеменшік бұл орталыққа квотамен бірнеше әйелге ЭКҰ жасауға мемлекеттік тапсырыс берілген.

Елімізде ЭКҰ тәсілінің құны аса қымбат, 1000 000 теңгеге дейін барады. Ем жүргізу алдында қан тапсыру, талдаулар жүргізудің өзіне 300 мың теңгеден астам ақша кетеді. ЭКҰ-ға квота берудің өз ережесі бар.

– Тегін медициналық көмектің кепілдік берген көлемі аясында экстракорпоральді ұрықтандыруға бала көтеруге қабілетті жастағы, жақсы соматикалық және эндокриндік статусы бар науқастар жолданылады. Семей қаласының перинаталдық орталығы кеңестік-диагностикалық бөлімшесінде 2011 жылдан бастап баласыз ерлі-зайыптыларға бедеулікпен жұмыс кабинеті қызмет көрсетіп келеді. ЭКҰ-ға жолдама жылына бір рет беріледі. Қазіргі уақытта Семей қаласының перинаталды орталығында біздің өңір бойынша 297 жұп квотаға кезекте тұр. Семейдегі кеңестік диагностикалық бөлімшемен жылына 25 ерлі-зайыпты ЭКҰ-ға жолдамамен жіберіледі,-дейді Семей қалалық денсаулық сақтау бөлімінің өкілі А.Төлеуханова.

Келіншектердің етегін жасқа толтырып, ерлердің еңсесін түсірген бедеуліктің белең алуы бізде ғана емес, төрткүл дүниеге тән тенденция деп дабыл қағуда әлем дәрігерлері. Бірақ бақытын баламен ғана есептеген қазақ үшін, қазақ отбасы үшін қазір бедеулік пен белсіздік шаңырақтың құлауына әкеліп жатқан үлкен қайғы, қасіретке айналып отыр.

Репродуктолог-дәрігерлердің айтуынша, егер әйел мен еркек үйленіп, бір жыл бойы жүктілік пайда болмаса, бұл бедеулік болып саналады. Әйел бедеулігі екі түрлі. Біріншісі – іштен туа біткен, екіншісі жүре пайда болған бедеулік. Іштен туа біткен бедеулікке жатыр түтігінің бітелуі, жыныс мүшелерінің, жатырдың жетілмей тууы басты себеп. Жүре пайда болған бедеулік әртүрлі ауруларға, салауатты өмір салтын сақтамауға байланысты туындайды. Түрлі гармондық препараттарды қолдану, қалқанша безі ауруы да бедеулікке апаратын бірден-бір жол екен. Жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, жастайынан немесе бей-берекет жыныстық қатынасқа түсу, яғни, партнерларының көп болғандығы, түсік жасату да бедеуліктің негізгі себептерінің бірі.
Экология, қатты қысатын киім кию, саунаға жиі бару, спорт жаттығуларымен артық шұғылданулар да бедеулікке алып келетіні айтылып жүр.

Бақыт Таймасова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің дәрігер – сарапшысы:

Қу тізені құшақтатқан кесел

– Бұрынғы отбасыларында ұрпақсыз қалу деген өте сирек кездесетін. Бедеулік, белсіздік 80-жылдардан бері қарай туылған жастар, ерлі-зайыптылар арасында белең ала бастады. Жатыр мен жатыр түтікшелеріндегі сырқаттар, түтікшелердің бітелуі, жыныс мүшелерінің қабынуы, эндометриоз, етеккірдің бұзылуы, гормондық бұзылыстар, тағы көптеген факторлар бедеулікке әкеліп соғады. Бала көтеру үшін, көтерте алу үшін ерлер мен әйелдердің тамақ рационы да дұрыс болуы керек, ет, сүт, жеміс, көкөніс сияқты таза табиғи тамақтарды пайдаланып, семіздікке жол бермеу керек. Ерлі-зайыптылар дұрыс тынығып, жаяу жүруге тырысып, спортпен айналысуы қажет. Бұрынғы ата бабамыз ұстанған дәстүрлерді ұстануымыз керек, бесбармақ жеп, нәрлі тағамдарды пайдалану қажет.

Ал, әлемнің ғалым-сарапшылары болса микротолқынды пештер, компьютер, ұялы телефондар да ұрпақсыз қалдыруға өз «үлестерін» қосып жатыр деуде.

«КҮЛГЕ АУНАП ТАБАМ БА?» ДЕГІЗБЕЙТІН ДОНОРЛЫҚ ҰРЫҚ

Жасанды жолмен ұрықтандырудың алғашқы нәтижесі алғаш рет Англияда жүзеге асқан екен. 1978 жылы осындай жолмен дүниеге Луиза Браун есімді сәби келіпті. Ал Кеңес Одағындағы алғашқы бала 1986 жылы Мәскеуде өмірге келсе, біздің елімізде 1996 жылы «Экомед» медициналық орталығында дүние есігін ашқан.

– Бұндай ЭКҰ жолымен әйелдердің бала көтеріп кету мүмкіндігі — 37 мен 57 пайыз аралығында ғана екендігіне көзім жетіп келеді. Менің бала көтере алмай жүргеніме 15 жыл болды. Енем құрқылтайдың ұясымен де емдеді, емшілерге де бардым, «сеніммен барсаң көтересің» деген соң ырымдап, жаялық, жөргек сатып алып, оңтүстік, батыс жақтағы әулие-әмбиелердің, бабаларымыздың басына да бардым. Несіне жасырайын, басымды тауға да, тасқа соқтым. Квотамен де, квотасыз да өз қаражатымызды төлеп, екі рет ЭКҰ-ға бардық. Нәтиже жоқ. Күйеуімнің спермалары дұрыс, бала тудыруға қабілетті. Анамның айтуынша, кішкентай кезімде маған қатты суық тиген көрінеді. Енді суррогат ана жалдаудан басқа амалымыз қалған жоқ. Ол ЭКҰ құнынан он-он бес есе артық тұрады. – деп бір перзенттен үмітін үзбей жүргендігін айтқан өскемендік Фатима (аты өзгертіліп отыр) балалы болуға деген сенімін әлі де жоғалтпағанын жеткізді.

Үміт отын үзбеген келіншектің күйеуінің дені сау болғанының өзі де оның жүрегіне үлкен сенім ұялатып отыр. Өйткені еркек белсіз болса әйел мүлде бала көтере алмайды немесе генетикалық, тұқым қуалайтын ауруы болса, одан дүниеге науқас бала әкеледі. Күйеуінің белсіздігінен бала көтере алмай қу тізесін құшақтап жүрген келіншектер, 35-40-қа келіп, бала сүю кезеңінен өтіп бара жатса да баланы қалай туарын, кімнен туарын, «не деп туарын» білмей жүрген кәрі қыздар да көп. «Күйеуім белсіз болса, қалай туамын баланы, күлге аунап табам ба?», «Бала туып алар едім, жігітім жоқ» дегенді жиі айтатын ол келіншектердің, қыздардың перзентті болуына да мүмкіндік бар енді. Бүгінде елдегі ЭКҰ орталықтары денсаулығы дұрыс ерлердің спермаларын сатып алып, сақтап, бала көтерем деп келгендердің кейбірін өз өтініштеріне қарай донор спермалар арқылы да ұрықтандырып жатыр. Қазір Өскемендегі орталықта да спермалар, еркек шауқаты сатылып алынып, донорлыққа сақталынып отыр.

– Ерлі-зайыптылар тұрғылықты жерлері бойынша талдаулар (анализдер) тапсырып келсе, ЭКҰ-ға барар алдындағы тексерулерге, зерттеуге кететін шығынды үнемдейді. Бұрын квота арқылы Астана, Алматы қалаларында ғана емделіп қайтуға мүмкіндік болса, енді Өскемендегі отбасын жоспарлау және репродуктивті орталықта да тегін және ақылы түрде емделе алады. Қазір бұл орталық жабдықталған жаңа ғимаратқа көшті, Астана мен Алматыға бармай-ақ, өзімізде де емдеуге барлық мүмкіндіктер бар. 35 жасқа дейінгі әйелдердің жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы сәби сүюге мүмкіндігі көп. Өйткені жас ұлғайған сайын нәтиже де соғұрлым азая бермек, – дейді дәрігер-сарапшы Бақыт Таймасова. – Сондықтан бірнеше жылдан бері бала көтере алмай жүрген жандар ұрпақ өрбіту кезеңін жіберіп алмас үшін ауруынан емделе жүріп, бір мезетте ЭКҰ-ға жолдама алуға кезекке тұрып қоюы керек.

Қу тізені құшақтатқан кесел

Жуықта шетелдік Human Reproduction журналы Австралиядағы Аделаида университетінің ғалымы Клэр Робертс бедеуліктің таралуына қазіргі заманның феномені – фасфудтың әсері барын мәлім еткенін жариялаған. Ол Фасфуд пен майлы тамақты көп жейтін әйелдердің өзгелермен салыстырғанда бедеулікке шалдығуы екі есе жиі кездесетінін зерттеп, дәлелдеген.

Қазақстанда ЭКҰ жолымен алғашқы «түтікте дамыған» ең алғашқы нәресте 1996 жылғы 31 шілдеде дүниеге келген. Қазақстандағы репродуктолог ғалым Салтанат Байқошқарованың сұхбатында айтылғандай ол қыз бала бүгінде 22 жасқа толып, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып жатқан көрінеді.
Елімізде жасалып жатқан ЭКҰ тәсілі жыл сайын 2000-дай әйелдің бағын ашады екен. Күндерін, түндерін сәби дауысын аңсаумен өткізіп жатқан отбасылардың армандары орындалсыншы.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button