Тылсым дүние

Тышқанға айналған бауырсақтар

Қазір ел ішінде өзін халық емшісі, бақсы-балгер, құмалақшы санайтындар көбейіп кетті. Бірақ солардың бірде-бірінің есімі құмалақшы ретінде жұрт аузында жүрген жоқ. Сондықтан мен өз басым оларды нансоғар, жалған құмалақшылар деп санаймын.

Тышқанға айналған бауырсақтарАл ерте заманда шын құмалақшылар, жауырыншылар, көріпкелдер мен тәуіптер болған. Олардың есімдері атадан балаға аңыз болып тарап, бүгінгі күнге жеткен. Солардың бірі Ұлан өңірінде өмір сүрген Наурызбай молда дер едім. Мен бұл кісі туралы бұдан бұрын бірер рет газет бетінде сөз қозғағанмын. Сондықтан бүгін Наурызбай молданың ісін сөз еткенді жөн көрдім.

Кеңес өкіметі орныққан алғашқы жылдарда Ұландағы НКВД-ның бастығы Жантемір Әбілғазин деген кісі болыпты. Наурызбайдың үштіктің құрығынан аман қалғаны сол кісінің парасаттылығының арқасы деп отыратын үлкендеріміз. Сол Жәкең бір күні қасындағы қосшыларымен Наурызбай молданың ауылындағы бір белсендінің үйінде түстікте болыпты. Ол атақты молданың ауылына ат арқандағаннан кейін түскен үйіне Наукеңді шақыртады. Дастарқан басындағы оны-мұны әңгімеден кейін басекең молдадан бір өнерін көрсетуді сұрайды ғой баяғы.

– Жәке, өзіңіз білесіз, – депті Наурызбай, – мен сіздерге бәрін тастаймын деп қолхат берген едім ғой. Жаңа өкіметтің біз сияқтыларға беті қатты, сондықтан буынсыз жерге пышақ ұрмаңыз.

Алайда, НКВД бастығы: «Көргеніміз бен естігеніміз осы жерде қалады, уәдем – уәде» деп болмапты. Бұл сөзге сенген Наурызбай: «Ендеше, мына дастарқанға қарап отырыңыздар» деп іштей күбірлеп, бір дұғасын оқиды. Сол кезде дастарқан үстіндегі бауырсақтар қыбырлаған-жыбырлаған тышқандарға айналып жүре беріпті.

Құйрықтары сүйретілген тышқандардың алды, тіпті, алқақотан отырғандардың кейбіреулерінің тізелеріне дейін өрмелеп кетсе керек. Сол сәтте қонақтардың тіксініп қалғандарын байқаған молда дереу бір дұғасын оқи жөнелгенде «тышқанның» бәрі бұрынғы қалпына келе қалады.

Бұл оқиғаны көздерімен көріп отырғандардың тіл-ауыздары байланғандай, үнсіз қалыпты. Молда «енді осымен біткен шығар?» деп отырғанда естерін жиған қонақтар тағы да бір кереметті көргілері келіп, қолқалап болмапты. Ол дөйлердің алдарынан және бір рет өтіп алып, келесі дұғасын оқи жөнеледі де, дұғасын бітіргесін қарсысында отырған қонақтың бірінен орнынан тұруын өтінеді. Ойында түк жоқ әлгі кісі орнынан көтерілгенде отырған жерінде тауықтың екі жұмыртқасы жатады.

Мұны көрген әлгі адам: «Мені мазақ еттің, көзіңді жоямын, қазір қол-аяғыңды байлатып, ауданға айдатамын» деп, шәт-шәлекейі шығады. Содан отырғандар: «тілек бізден болды, молдада кінә жоқ» деп басу айтыпты. Сөйтсе, жаңағы «жұмыртқалап қойған» адам ауданның прокуроры екен.

Мұрат Әміренов

Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button