Қоғам

Туристерді қысы-жазы қабылдауға дайындалып жатыр

Туристерді қысы-жазы қабылдауға дайындалып жатыр

Зырян ауданында туризмге тың серпіліс беретін жобалар бар. Алдымен өлкедегі демалыс орындары туралы жан-жақты мәліметтер жинақталған бірыңғай электронды ақпараттық база құрылады. Соған сәйкес Бұқтырма су қоймасының жағалауын жайлаған туристік нысандарға санақ жүргізу басталып кетті қазір.
Мамандардың пікірінше, жаңа бастама аудандағы туризм саласын бір жүйеге келтіріп қана қоймай, оның жаңаша дамуына түрткі болып, бәсекелестіктің күшеюіне ықпал етпек. Ал бұл өз кезегінде қызмет көрсету деңгейінің өсуі мен ала жаздай ағылатын туристер легінің артуына септігін тигізеді. Нақты деректерге сүйенсек, жыл сайын Бұқтырма су қоймасындағы демалыс аймағында 50 мыңға дейін адам болады екен. Болашақта бұл көрсеткіш үстемеленбесе кемімесі белгілі. Өйткені көрші Қытайда Шығыстың керемет табиғатын тамашалауға қызығушылық танытып отырғандар көп. Оған қоса қытайлық туристердің өңірімізге топтық саяхат жасауын жеңілдететін визалық тәртіп енгізілуі де іздегенге сұраған болып тұр.

Туристерді қысы-жазы қабылдауға дайындалып жатыр

– Біздің ауданның экономикасы көп жағдайда жергілікті кәсіпорындарға тәуелді болып келді. Ендігі жерде біз Президенттің экономиканы әртараптандыру жөнінде берген тапсырмасыне сәйкес басқа салаларға басымдық берудеміз. Оның ішінде әсіресе аудан қазынасын қомақты қаражат әкелуге туризмнің әлеуеті жоғары. Сондықтан осы бағытта бірқатар жұмыстар жүргізілуде, – деп атап өткен Зырян аудандық туризм бөлімінің басшысы Вячеслав Князев болашақ жоспарлармен де бөлісті.
Оның айтуынша, аспан асты елінің өкілдерін біздегі қысқы туризм қатты қызықтырады екен. Соған орай ауданда «кәрі құда» келісімен демалушылар арасында сәнге айналатын мұзды ойып балық аулау, таудан шаңғымен, шанамен сырғанау, орманда шаңғымен серуендеу, коньки тебу, қаршанамен жүру және басқа да демалыс түрлері мықтап қолға алынып жатыр.
Мұның сыртында адамдарға жайлылығы мен қызмет көрсетуі тұрғысынан бүгінгі уақыт талабына жауап бере алмайтын кешегі кеңестік кезеңнен қалған ескі демалыс базалары да қазіргі күні бәсекелестік үшін қонақүйден бастап суға шомылатын жағажайға дейінгі меймандардың табаны тиетін барлық жердегі қызмет түрлерін заманауи үлгіде жетілдіруге көшкен. Одан бөлек жаңадан салынып жатқандары қаншама.
Осындай болашағы зор жобаның бірі – «Шале Лабе». Етегін суға малған биік жотаның бөктерінде қаз-қатар тізіліп бой көтере бастаған екі-үш қабатты қонақүйлердің құрылысы, сән-салтанаты мүлдем басқа. Анау аузымыздың суы құрып айтатын Анталия мен Дубайдағы әсем орындардан еш олқы соқпайды рас.
– Бұл жерде екі үлкен қонақүй, төрт және алты адамға шақталған 20 жеке үй, аумағы атшаптырым бассейн, мейрамхана және басқа да нысандар болады. Туристер қабылдайтын үйлердің сапасы мен жайлылығын шетелдің турбазаларынан бірде-бір кем жасамауға тырысып жатырмыз. Тауды қопарып, орын дайындау, су, кәріз секілді коммуникациялық желілерді жүргізу жұмыстары көп уақыт пен еңбекті қажет ететіндіктен, жұмыс біразға созылайын деп тұр. Бірақ «Шале Лабе» демалыс орны келер маусымда іске қосылады, – деп түсіндірді жаңа базаның құрылысына жауапты учаске шебері Юрий Ткаченко.
Қазірдің өзінде «Шале Лабе» аумағында ағаштан қиып салған екі қабатты бес-алты үй қалқайып тұр. Бірақ осы жерге дейін келетін көлік жолының жағдайы сын көтермейді. Әңгіме барысында кәсіпкерлердің сөзінен жол мәселесінің өзектілігін ұқтық.
Дей тұрғанмен жергілікті билік бұл проблеманың түйіні жақын болашақта шешілетінін жеткізді. Жаңа Бұқтырма кентінің әкімі Жанат Сәлменбаеваның айтуынша, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында «Көгілдір шығанақ» демалыс базасы мен аталмыш кент арасын байланыстыратын көлік жолы 2013 жылы күрделі жөндеуден өткізілген.
– Негізінен осындағы демалыс базалары иелерінің қаражаты есебінен жүргізілген жол жөндеу жұмыстары былтыр да, биыл да өзінің жалғасын тапты. Оған қоса демеушілердің арқасында кенттің ішіндегі базаға баратын жолдар да қалпына келтірілуде. Бюджеттен де қажетті қаражат бөлінді. Биыл барлығы 13 шақырымнан астам жол жөнделді, – дейді кент әкімі.
Сондай-ақ, Бұқтырма су қоймасын жағалай қонған демалыс орындарын аралау кезінде «Еламан», «Мелада», «Мохнатка» сияқты жаңа заман көшіне ілескен туристік нысандардың тыныс-тіршілігі қуантты бізді. Жазғы туризмнің көсегесін көгертіп отырған бұл жерлерде көп ұзамай қысқы демалыстың да қызығын көретін күн алыс еместігіне сендік.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button