Экономика

Түріктермен бірлескен жобалар түрлі бастамаға жол ашады

Облысымызға Түркия Республикасы Бурса аймағының уәлиі Шахабеттин Харпут бастаған делегация жұмыс сапарымен келді. Делегацияның негізгі мақсаты – бауырлас екі ел арасында, соның ішінде Бурса және Шығыс Қазақстан аймақтары арасында кәсіпкерлік қарым-қатынас орнату.

Түріктермен бірлескен жобалар түрлі бастамаға жол ашадыЕкі аймақтың кәсіпкерлері алдымен «Алтай» технопаркіндегі дөңгелек үстел басында жүздесіп, бауырлас Түркия мен Қазақстан арасындағы келешекте қолға алынар жұмыстарды саралады. Дөңгелек үстелге қатысушылар экономиканың әртүрлі салаларындағы әріптестік пен елге инвестиция тарту, сонымен қатар қазақ-түрік компаниялары арасындағы біріккен іскерлік жобалардың келешегін таразылады.

Жалпы, бүгінде Қытай, Ресей, Беларусь елдерімен алыс-берісті жүйелі жолға қойған біздің облыста 20 қазақ-түрік біріккен кәсіпорны қызмет етуде. Облысымыздың Түркиямен тауар айналымы 35,4 миллион долларды құраған. Ал экспорт көлемі – 34,1 миллион доллар. Түркиядан келетін импорт 1,3 миллион шамасында. Негізінен біздің облыстан Түркияға игерілмеген мырыш жөнелтіледі, ол жақтан халық күнделікті тұрмысқа пайдаланылатын жеңіл өнеркәсіп өнімдері, яғни, қағаз және картон, жуатын, тазалайтын заттар тасымалданады.

Туризмді түлетуде
түріктерден үйренеріміз көп

Дөңгелек үстел отырысында сөз алған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ екіжақты ынтымақтастықтың келешегі мен маңыздылығына қысқаша тоқталып өтті.

– Шығыс Қазақстан облысы – индустриялды аймақ. Мұнда ауыр өнеркәсіп нысандары, сондай-ақ, машина жасау және энергетика салалары бір жерге топтастырылған. Экономикамыздың жылдық өсімі жеті-сегіз пайызды құрайды. Аймағымыз жыл сайын тұрақты түрде даму үстінде. Ағымдағы жылы жалпы құны 300 миллион АҚШ долларын құрайтын индустриялды жобаны іске асыру көзделген. Облыс территориясында қажетті коммуникациялармен жабдықталған екі индустриялдық аймақ іске қосылды. Біздің облысқа келіп, өндірістеріңізді ашып, өнімдеріңізді өндіріңіздер. Біз сіздерге қолдау көрсетеміз. Шығыс Қазақстан облысы – табиғаты бай өлке. Мұнда еліміздегі су қорының 60 пайызы бар. Шығыстағы жер бедерлерінің таулы болып келуінен мұндағы табиғи сулар мол және ағынды. Бұл су электр станцияларын салып, электр қуатын өндіріп, өнеркәсіпті дамыту үшін қажет. Сонымен қатар Шығыстың сыңсыған орманы мен шыңдары, көк тіреген таулары туризм бизнесінің қайнар көзі. Туризмді дамытуға келгенде Түркияның тәжірибесі де, білері де мол. Түрік делегациясының аймағымызға келуі біздің көптеген жобаларымыздың іске асуына себеп болады деп ойлаймын. Біз түрік кәсіпкерлерінің қазақ жеріндегі жобаларға инвестиция салуы үшін барлық жағдайды қарастырамыз, – деді аймақ басшысы.

Шығыс Қазақстанның нақ осы өңірмен бауырластық қарым-қатынас орнатуының маңызы зор. Себебі, Бурса аймағы да дәл біздің өңіріміздей өндірісі дамыған өлке. Сонымен қатар олардың индустриялды аймақтар құруда тәжірибелері мол, тоқыма, ауыл шаруашылығы салаларында да ортақ мүддеміз көп. Тағы бір ұқсастығы, екі өңірдің табиғаты да таулы келеді.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қазан айында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бастаған облыс делегациясы Бурса аймағында болып, екі жақтың келіссөздері нәтижесінде Бурса аймағының уәлиі мен біздің облыстың басшысы арасында екі өңірдің бауырластық қарым-қатынас орнатуы туралы хаттама бекітілген еді. Сонымен қатар аталмыш келіссөздерде аймақаралық қарым-қатынасты дамыту, түрік капиталының көмегімен индустриялды аймақтар құру, Кеден одағының талаптарына сай, сауда-инвестициялық әріптестіктің жаңа үлгісін қарастыру мәселелері қарастырылған болатын.

Дөңгелек үстелде сөз кезегін алған Шахабеттин Харпут біздің аймақтағы көптеген салалармен тығыз қарым-қатынас орнатуға дайын екендігін жеткізді.

– Шығыс Қазақстанға менімен бірге әртүрлі салада айтулы еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер келіп отыр. Энергетика, құрылыс, телекоммуникация, тоқыма және бояу өндірістерінің білікті жетекшілері, сондай-ақ туризм, ауыл шаруашылығы, сақтандыру, қоғамдық тамақтандыру, химия салаларының қыр-сырын меңгерген кәсіпкерлер сіздермен бірге осында отыр. Бұл делегацияны құрамында атақты «Чалык» холдингінің төрағасы, Бурсадағы Қазақстанның құрметті елшісі Ахмет Чалык, Бурса аймағының «BUGAID» жас кәсіпкерлері ассоциациясының төрағасы Али Фуат Эр, «Celik» құрылыс компаниясының негізін салушы Фуат Челик және басқа да Түркияның айтулы іскер азаматтары келіп отыр. Демек, сіздердің аймақтарыңызға біздің кәсіпкерлердің қызығушылығы зор. Екі аймақ әртүрлі салада тізе қосып, еңбек ете отырып, бизнестің ортақ тілін табамыз деген үміттемін, – деді Бурса аймағының уәлиі Шахабеттин Харпут.

Облыстық өндірісшілер және кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Юрий Швайченконың айтуынша, түрік кәсіпкерлері біздің аймаққа тектен-текке қызығып отырған жоқ. Олар біздің жетістіктерімізбен бұрыннан таныс. Тоқыма және тері өңдеу салалары қазіргі күнде біршама тежеліңкіреп тұрғаны белгілі. Оған мысал, тірлігі тұралаған «Нимэкс-Текстил» және Семей тері-былғары комбинаты. Аталмыш салалардың қарқынды дамуы үшін шетелдіктер тарапынан тартылатын инвестицияның ауадай қажет екендігі анық. Сонымен қатар түрік кәсіпкерлерін өндірісті кедергісіз Ресей, Беларусь елдеріне өткізуге жағдай жасалған Кедендік одақ мүмкіндіктері де қызықтырып отыр.

Өндіріс ошақтарын аралады

Бурсадан келген делегацияны облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Өскемендегі ірі өндіріс орындарымен таныстырды. Алдымен қонақтар «Қазцинк» ЖШС-дегі мыс балқыту зауытының электролиз цехында болып, өндіріс қуатын көздерімен көрді. Түркиялық кәсіпкерлерді жұмыс барысымен серіктестіктің өндіріс бойынша директоры Тұрарбек Әзекенов және мыс балқыту цехының бастығы Андрей Апарин таныстырды. Жалпы, түркиялық қонақтардың сөздерінен олардың мыс өндірісінің қыр-сырымен әбден таныс екендігі байқалып тұрды. Шахабеттин Харпут катодты мыстың сапасын көбірек сұрап білді.

Үлбі металлургия зауытында болған түркиялық делегация мұнда өндірілетін тантал ұнтағының өндіру технологиясымен танысты. Сыйымдылығы жоғары тантал ұнтақтары наноқұрылымдарға арналған материал болып саналады. Бұл – конденсатор жұмысының электр схемасындағы электр зарядтарын ұзақ уақыт ұстап тұруы үшін қажет. Жалпы, Үлбі металлургия зауыты конденсаторлық ұнтақ өндірісін алдағы уақыттарда кезең-кезеңімен дамыта отырып, зауыттың жобалық қуатын жылына 70 тонна тантал ұнтағын шығаруға дейін ұлғайтпақ. Қонақтар 100 грамы 70 доллардан артық тұратын өнімнің бағасын да сұрап білді.

Қазақстан сыйымдылығы жоғары ұнтақтарды шығара отырып электроника өндірісін дамытып отыр. Мұндай ұнтақты бүгінде әлемнің бар-жоғы төрт-ақ мемлекеті дайындайды. Қонақтар Үлбі металлургия зауытының өнімдеріне зор баға бере отырып, әлемдік нарықтың алдыңғы қатарларынан көрінулеріне тілектестік білдірді.

Шығыстың алпауыт өндіріс ошақтарын аралап көрген соң қонақтар «Азия Авто» акционерлік қоғамында болып, «Шевроле», «Шкода», «Кия», «Лада» сынды заманауи көліктердің өндірісімен танысты. Акционерлік қоғамның президенті Ержан Мәндиев машина жасау саласында да тәжірибелері мол түркиялық кәсіпкерлерге көліктердің құралу үдерісін баяндады. Шетелдік кәсіпкерлер, көбінесе, көліктердің бөлшектерінің қайдан келетінін, көлікті құрау жұмыстары қанша циклде өтетінін сұрады. Аймағымызда толық циклді автозауыт салынып жатқанын естіген олар жасалып жатқан жұмысқа қолдау көрсеткілері келетінін айтты.

Түркиядағы «BTSO» сауда-өнеркәсіп палатасының бас хатшысы Нихат Балкан делегация атынан сөйлеген сөзінде былай деді: «Қос бауырлас аймақ алдағы уақыттарда біріге жұмыс істеп, кәсіпкерліктің көптеген биіктерін бағындыруға дайын. Бурса сіздердің аймақтарыңызға кез келген уақытта көмек көрсетіп, тәжірибе алмасуға барын салады. Автомобиль өндірісі біздің елде біршама дамыған, жинақталған тәжірибеміз де жетерлік. Біз сіздерге өзіміздің білгенімізді үйретуге әзірміз».

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button