Экономика

Бизнесті қолдауға маңыз беріледі

Шығысқа арнайы атбасын бұрған еліміздің бизнес-омбудсмені, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау департаментінің басшысы кәсіпкерлік саласында қордаланған бірқатар проблемаларды бизнес қоғамдастық өкілдерімен талқыға салды. 

Жұмыс сапарының бірінші күні Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рүстем Жүрсінов пен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау департаментінің директоры Қуанышбек Мұқаш Семей қаласының кәсіпкерлерімен кездесіп, нәтижесінде «Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі жол картасына» қол қойылды.

Екінші күні де бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, елордалық қонақтар облыстық кәсіпкерлер палатасы алаңында бизнес субъектілерін жеке қабылдап, өңірдің құқық қорғау органдарымен кездесті. Олар бизнес-омбудсмен тобы мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әзірлеген елдің белгілі бір бөлігіндегі бизнестің проблемаларын және оларды шешудің жаңа индикаторлары туралы айтты.

Облыс прокурорымен кездесу барысында өңір кәсіпкерлерінен мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттеріне қатысты шағым көп  түсетіні жөнінде айтылып, осы тұрғыдан алғанда Шығыс Қазақстан  өңірлер арасында көшбасшы болып табылатыны сөз етілді.

– Бұл біздің кәсіпкерлеріміз өз құқықтарын заңды түрде қорғауға бейім екенін көрсетеді. Мұндай белсенділік өзінің оң нәтижесін беріп жатқаны да рас. Яғни, статистикалық деректерге сүйенсек, істердің 86 пайызы өтініш білдіргендердің пайдасына шешілген. Бұл дегеніміз жергілікті жерлерде мамандар жақсы жұмыс істейді немесе бұл жерде кәсіпкерлердің құқықтары көп бұзылады деген сөз, – деп түсіндірді Рүстем Жүрсінов.

Бұдан бөлек, Қуанышбек Мұқаш прокуратура органдары жанында 2012 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мобильді топтардың жұмысына қатысты мәселені көтеріп, олардың жұмыс істеу форматын өзгерту қажеттігін ескертті.

Сондай-ақ бизнеске қатысты қылмыстық істерді олардың негізділігі тұрғысынан тексеру жүргізу қажеттілігі туралы, тергеушілердің жауапкершілігін күшейту, учаскелік инспекторлар мен жалпы құқық қорғау органдарының жұмысын ұйымдастыру мәселелерінде елорданың оң тәжірибесін пайдалану керектігін атап өтті.

Облыстық сотта өткен кездесуде бизнес-омбудсмен «Іскерлік ахуал» рейтингісі туралы айтып өтті. 2021 жылы Қазақстанда 76 құрам бойынша бизнес субъектілеріне қатысты 52 мың іс қозғалып, оның 3800-де кәсіпкерлер сотталған. Осы мәліметтерге сүйенер болсақ, сот процесіне тартылған әрбір 14 кәсіпкердің біреуі ғана сотталып, қалған 13 субъектіге қатысты қылмыстық қудалау негізсіз деген қорытынды жасауға болады. Ал шоттарға тыйым салу және құжаттарды алып қою сияқты шектеу шаралары кәсіпорындардың өміршеңдігіне кері әсерін тигізген көрінеді.

Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Денис Шакеновпен кездесу барысында бизнес-омбудсмен сыбайлас жемқорлық бойынша жыл сайынғы шолудың нәтижелерін жариялады. Ел өңірлері бойынша алты мыңнан астам кәсіпкер қатысқан сауалнама барысында Шығыс Қазақстанда сыбайлас жемқорлық оқиғаларының жиілігі 6-7 пайызға артып, пара мөлшері де ұлғайғанын көрсеткен.

Ол сыбайлас жемқорлықтың әлеуметтік салада, атап айтқанда, білім беру ұйымдарында, медициналық мекемелерде, яғни мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін барлық салаларда тіркелетіні туралы деректерді келтірді.

– Бизнеске қойылатын талаптар саны жыл сайын артып келеді. Бизнесмендердің оларды қадағалап отыруға уақыты да жоқ. Олардың нақты санын анықтау мүмкін емес. Міне, сол себепті Мемлекет басшысының реформа жүргізу туралы тапсырмасына орай өткен жылы бизнесмендерге қатысты міндетті талаптардың жеті сүзгісін белгілейтін жаңа заңға қол қойылды, – деді Рүстем Жүрсінов.

Кездесу барысында кәсіпкерлер бизнес-омбудсменге Мемлекеттік кірістер органдарының заңсыз іс-әрекеттеріне, кредиттік серіктестіктерге қатысушылардың «Ертіс» ӘКК алдындағы берешегіне, қойылатын талаптардың қатаңдатылуына байланысты қоғамдық автокөлік жүргізушілерінің тапшылығына, қызметкерлерге Семей ядролық полигонындағы сынақтар үшін экологиялық төлемдер жасау, ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға қатысты өздерінің көкейтесті проблемалары туралы, сондай-ақ тауарларды және көлік құралдарын кеден бекеттері арқылы өткізу, мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсімдерінің ашық еместігі, оқу орталықтарында қысқа мерзімді оқыту бойынша мемлекеттік тапсырысты төлеу, «АРТ Спорт» бағдарламасы шеңберінде балалар үйірмелері мен секцияларын қаржыландыру мерзімдері туралы айтты.

Жұмыс сапарының соңында Рүстем Жүрсінов пен Қуанышбек Мұқаш Шығыс Қазақстанның жетекші кәсіпорындарының бірі – «Шығыс-Сүт» корпорациясында болып, оның директоры Сейілжан Сайлаубаевпен әңгімелесті. Кәсіпкер қонақтарға кәсіпорын цехтарын аралатып, өндірістік процесті көрсетті және  ветеринарлық қызметті дамыту және Салық кодексін жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар берді.

Өңір кәсіпкерлері көтерген барлық проблемаларды бизнес-омбудсмен және «Атамекен» ҰКП өкілі бақылауға алып, ең өткір мәселелерді Қазақстан Президентінің назарына жеткізуге уәде етті.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button