Журналистік зерттеу

Топырақтың адам ағзасына тигізер пайдасы бар?

Топырақтың адам ағзасына тигізер пайдасы бар?


Бүгінде балалар мен жасөспірімдердің ағзасында топырақтың құрамында кездесетін микроэлементтердің тапшылығы жиі байқалады. Соның салдарынан олар шикі қамыр мен тартылған етті, сондай-ақ, бор мен топырақты жеп, түрлі ауруларға шалдығып жатады.

Борға деген тәуелділіктен арылуға болады

Өскемендегі сауда үйлерінің маңайы мен базар сыртында топырақ саудасы қызып тұр. Орташа бағасы 120 теңгеден басталатын арнайы қаптамадағы аталмыш өнімді тұтынатын адамдардың ағзасына әртүрлі дәрумендердің жетіспейтіні анықталған. Өскемендегі «Заречный» базарының сыртында ұсақ-түйек заттарды саудалайтын Айзада есімді келіншек топырақтың бір келісін 180 теңгеден сатады.

– Халықтың сұранысы жоғары. Әсіресе, аяғы ауыр келіншектер 3-4 келіден сатып алып жатады. Негізінен, тұтынушылардың көбісі сары түсті топырақты алады, өйткені қызыл түсті топырақтың бағасы қымбат. Кейде қаржы жағы жеткілікті болса, көк түсті топырақты саудаға шығарамын. Оның дәмі өте ащы болғандықтан, сирек сатылады. Жалпы, топырақты Марқакөл мен Катонқарағай, Тарбағатай өңірлерінен алып келемін, – дейді Айзада.

Топырақ пен борды сататын саудагерлер қаладағы халықтың ең көп шоғырланатын жерлерінде емін-еркін сауда жасап жүр. Осы орайда, біз Өскемендегі санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөліміне хабарласып, көшеде сатылатын аталған өнімдердің сапасын кім қадағалайтынын біліп көрген едік. Аталмыш мекеме мамандарының айтуынша, топырақтың құрамын тексеру олардың құзырына жатпайды.

– Топырақ – құрылыс материалдарына жатады, сондықтан біз аталмыш өнімнің құрамындағы заттарды тексере алмаймыз. Себебі, біздің бөлімнің мамандары тек қана сауда жасауға арнайы рұқсаты бар саудагерлердің жұмысын ғана қадағалай алады, – дейді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің мамандары.

Адамның жүйке жүйесіне әсер ететін топырақтың құрамындағы химиялық қосылыстарды шектен тыс пайдалану ағзаға зиянын тигізбей қоймайды. Сондықтан өз денсаулығыңызға бейжай қарамаңыз. Осыдан алты жыл бұрын аптасына үш келі топырақ пен 15 шақты борды үзбей жеген Салтанат есімді бойжеткен Өскемендегі №1 қалалық аурухананың жұқ¬палы¬ аурулар бөлімшесінен бір-ақ шыққан. Содан бері ол топырақ пен бор жеуден бас тартқан.

– «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», деп қазақ бекер айтпаса керек. 2011 жылы алғаш рет ауруханаға түскен кезімде денсаулықтың қадірін түсіндім. Содан бастап дұрыс тамақтануға баса назар аударамын. Жалпы, ағзаңызға зиянын тигізетін әртүрлі тағамдар мен заттарды алмастан бұрын денсаулығыңызды ойлағ¬аныңыз жөн, – дейді Салтанат.

Топырақ пен борға деген тәуелділіктен арылу үшін гематолог дәрігерлер бірнеше кеңес ұсынады. Мысалы, кальций глюконатын жеу арқылы адам топырақтың құрамындағы заттарды алмастыра алады. Ал егер ағзаңызға минералды заттар жетіспейтін болса, көкөністер мен жеміс-жидектерді көбірек пайдаланғаныңыз абзал.

Бүгінде өтімді тауарлардың біріне айналған топырақ пен бор аяғы ауыр келіншектердің жерік асына айналған. Медицина қызметкерлері аталмыш өнімдердің адам ағзасына қаншалықты зиян екенін айтып, дабыл қаққанымен, әзірге тыңдар құлақ табылмай тұр. Өскемендегі гематологиялық орталықтың дәрігері Елена Загурцскаяның айтуынша, кальцийдің жетіспеушілігі салдарынан адамдар бор, топырақ сияқты өнімдерді жеуге құмар.

– Аталмыш өнімдердің құрамындағы заттар аяғы ауыр әйелдердің ағзасына ауадай қажет. Себебі, олардың бойындағы дәрумендерді іштегі нәресте тартып алады. Десе де, ден¬сау¬лы-ғын¬да кінәраты бар ба¬ла¬лардың көп¬теп туы¬луына осы топырақ пен бордың әсер ет¬песіне кім кепіл?! Саудаға шыға¬рыл¬ған кез келген азық-түліктің сапасын қатаң түрде қадағалау қажет. Егер қандай да бір өнімнің құрамында адам ағзасына зиян химиялық қосылыстар анықталатын болса, оны дүкен сөрелерінен бірден алып тастау керек. Мысалы, Ресейде топырақтың құрамын зерттейтін арнайы орталық бар. Онда санитарлық-эп謬демиоло¬гия¬лық тексеруден өткізілген топырақ ГОСТ та¬лап¬тарына сәйкес келмейтін болса, сатылымға шығарылмайды. Ал Оңтүстік Америкада топырақты жеу арқылы адам ағзасын тазалайтын мекеме бар. Меніңше, бізге де осындай орталықтар қажет. Себебі, ұлт саулығы – бірінші кезекте тұруы тиіс, – дейді Елена Загурцкая.

Топырақтың адам ағзасына тигізер пайдасы бар?

Тағам ретінде тұтынатын елдер бар

Топырақ жеуді зерттейтін ғылым саласын геофагия деп атайды. Әлем ғалымдарының жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде топырақтың құрамында кездесетін кремнийдің микроэлементтерге өте бай екені анықталған. Алайда, бор мен топырақты мөлшерден тыс көп жеудің салдарынан бауыр мен бүйректе тас жиналып, мұның соңы денсаулықтың нашарлауына алып келеді деген тұжырым жасаған дәрігер мамандар.

– Сазды жерден алынған топырақтың құрамында мырыш, кадмий, қорғасын, мыс сияқты металдар кездеседі. Біздің орталықтың мамандары жүргізген зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша егер топырақтың құрамында мырыш 3,1, кадмий 0,43, қорғасын 0,12, мыс 0,44 пайызды құрайтын болса, оны тұтынуға болады. Ал егер аталмыш өнімдегі химиялық қоспалардың көрсеткіші бұдан жоғары болса, бұл адам ағзасына кері әсерін тигізеді. Себебі, топырақтың құрамындағы паразиттер адам ағзасына түскен соң зат алмасу процесі бұзылады. Адамның жеген тамағымен қоректенетін паразиттер асқазанда 20-30 жыл бойы өмір сүре алады. Нәтижесінде, адамның иммунитеті нашарлап, аурушаң болып кетеді. Соңғы жылдары халық арасында топырақты анемия ауруына шалдыққан науқастар ғана жейді деген пікір қалыптасқан. Алайда, бұл қате түсінік. Себебі, қаны аз адамдардың «ерекше» тағамдарға аңсары ауып тұрады. Сондықтан анемияның алдын алу үшін дұрыс тамақтану қажет. Егер ет, балық, қарақұмық, сұлы жармаларынан жасалған тағамдарды күн сайын тұтынатын болсаңыз, ағзаңыздағы темір мөлшері көбейеді. Ал топырақ пен бордың құрамында кездесетін заттардың орнын толтыру үшін кальций, фосфор, калий, темір сияқты тағы басқа дәрумендері мол тағамдарды пайдаланған жөн. Жалпы, топырақты жеуден түбегейлі бас тарту үшін күніне 200-400 грамм айран ішіп тұру қажет, – дейді Өскемендегі гематологиялық орталықтың дәрігері Елена Загурцская.

Осы орайда, сазды топырақтың құрамында кездесетін металдардың құрамына жеке-жеке тоқталып өтсек. Мысалы, мырыш – ұшақтар мен автомобильдердің майда¬ бөлшектерін жасауға, сондай-ақ, алтын мен күмісті қорғасыннан бөліп алуға пайдаланылады. Ал кадмий металы жұмсақ болып келеді. Алайда, оның құрамындағы химиялық қосылыстары улы. Бүйрек пен бауырды зақымдап, фосфор мен кальцийдің алмасуын бұзатын кадмийдің адам ағзасына қаншалықты зиян екені айтпаса да түсінікті болар. Топырақтың құрамында кездесетін қорғасын оқ, бытыра, кабель сияқты бірқатар затты жасауға қолданылса, мыс электр қондырғылары мен жылу алмастырғыштардың ток өткізгіш бөлігін жөндеуге пайдаланылады.

Бүгінде топырақ пен борды тағам ретінде тұтынатын адамдар әсіресе Индонезия мен Африка мемлекеттерінде көп екен. Аяғы ауыр әйелдерге топырақтың құрамындағы заттардың пайдасы мол деп санайтын индонезиялықтар аталмыш өнімді күнделікті тұтынатын тағамдардың қатарына қосып үлгерген. Ал қытайлық және үндістандық дәрігерлер топырақтан әртүрлі дәрі-дәрмектер жасап шығарады. Мыңдаған жыл бұрын Ибн Сина «Дәрігерлік ғылымның ережелері» атты ғылыми еңбегінде топырақтың құрамын бүге-шүгесіне дейін талдап жазып кеткен. Аталмыш дерек көзіне сүйенсек, топырақтың зиянды да, пайдалы да тұстары бар екен.

Дегенмен, топырақ пен бордың құрамындағы заттар адам ағзасындағы қажеттіліктерді өтегенімен, ішкі құрылысына зиян тигізетінін естен шығармағаныңыз жөн. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтануға ден қойғаныңыз абзал.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button