Тәуелсіздік - 30

Толқындар тоғысында

Адамзат баласын ұмтылысқа жетелейтін тағдыр көшінің түпкі мақсаты – тәуелсіздік. Осы бір еркіндік жолында қазақ халқы ерлік пен елдікке ұмтыла жүріп талай буынды алмастырды. Мағжан Жұмабаевша айтқанда: «Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады…», –  деп толғануға болады.

Бүгінгі ұрпақ алдыңғы аға буынның ақылына құлақ асып, ақсақалға құрметпен қарау дәстүрін ұмытқан жоқ. Соның бір дәлелі ретінде облыстық «Ертіс концерт» залында өткен «Бір толқында атты» кездесуді айтуға болады. Облыстық жастар ресурстық орталығы мен «Жастар рухының» бірлесе өткізген кездесуіне құрметті қонақ ретінде Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, қаламгер Әлібек Қаңтарбаев пен ақын, мемлекеттік  «Дарын» жастар сыйлығының иегері Қалқаман Сарин қатысты.

– Бүгінгі кездесуге кілең жастар жиналғандығы мені қуантып отыр. Біздің негізгі мақсат Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жастарға түсіндіру ғой. Сондықтан да бүгін осы бір қастерлі ұғымның мәні мен маңызын түсінетін жастар келді деп ойлаймын. Тәуелсіздіктің тәтті күндерін басқалар айта жатар, мен тәуелсіздіктің келу жолына тоқталайын. Осыдан 31 жыл бұрынғы оқиға әлі есімде. Әдетте біз менсіне бермейтін бірқанша мемлекет Тәуелсіздігін бізден бұрын жариялап үлгерді. Ал біздің Қазақстанның Кеңес одағының қанжығасына байланып қала бергеніне қынжылып жүргенбіз. Сөйтіп жүргенде тағат таусылар сәтте әрең деп еркіндігімізді жариялады. Жариялау барысы да жөнді емес. Бір кемпірлеу әйелдің көгілдір экраннан әдеттегі жаңалықтардың бірі сынды айта салғанын естіп менің жылағым келген болатын. Қуанғаннан емес, Тәуелсіздіктің біздің иттей қылып қарсы алғанымызға налыған едім. Міне, біз сол шақта осындай күйде едік. Бүгінгі ұрпақ өте бақытты деп ойлаймын. Осының бірін де көрген жоқ, естіп ғана отыр. Ендігі мәселе осындай қиыншылықпен келген Тәуелсіздіктің қадіріне жету, құрмет тұту. Қазіргі таңда тіліңе де, діліңе де, дініңе де еркіндік берілген. Тек  жеке тұлға ретінде қалыптасып, пайдаңа жарата білсең болғаны. Бізге дейінгі еркіндік жолындағы күрестерді мәңгі есте сақтауымыз қажет, – деді қаламгер Әлібек Қаңтарбаев.

Егемен елдің еркін ойлы жастары кездесу қонақтарын сұрақтың астына алып, алдыңғы толқынмен пікір алмасты. Кездесудің «Бір толқында» деп аталуының өзі бекер емес екен. Аға буын, орта буын, жас буын үшеуі қатар отырып ой бөлісіп, әсерлі әңгіме өрбітті.

– Иә, біз расымен бақытты ұрпақпыз. Егемен елде, ұлан байтақ жерде бір тал шашымыз түспей ержеттік. Ал алдымыздағы жас буын сіздер тіптен бақыттысыздар. Өйткені бүгінгі өркениетті, дамыған қоғамда дүние есігін аштыңыздар. Сондықтан да осы күнге жеткізген бабаларға тағзым жасап, алдыңғы буын ағалардың еңбегіне, тарихымызға, мәдениетімізге, өмір салтымызға, әдет-ғұрпымызға құрметпен қарауымыз керек. Тәуелсіздіктің қадірін білу осындай әрекеттерден басталады. Бұл мерейлі күнді тойлауды да құр ұранға айналдыра бермей, мәні мен маңызына үңілуіміз қажет. Мұң мен зар кешкен заманды айтып мұңая берудің де қажеті шамалы. Мүмкіндігінше бұл күні таихқа тағзым жасай отырып, мерекелік көңіл-күйде қарсы алуымыз керек деп ойлаймын. Өзіміздің егемен ел, еркін халық екенімізді сезінетін шақ келгелі қашан, – деді ақын Қалқаман Сарин.

Келелі кездесуде бас қосқан әр толқын өкілдері өткен тарихтың тереңіне бойлап, еркін заманның естелігін өрбітті. Осылайша толқындар тоғысынан уақыттың тынысын сезіп қайттық.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button