Тәуелсіздік - 30

Әке жолын қуған қыз

Бүгінгі таңда тәртіп сақшылары арасында биік белестерге жетіп, қызметтік міндетін абыроймен алып жүрген арулар баршылық.

Осындай нәзік жандылардың бірі – облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі учаскелік инспекторлар жұмысын ұйымдастыру тобының аға инспекторы, майор Гүлім Касембаева.

1991 жылы Жарма ауданы, Ақжал ауылында дүниеге келген Гүлім полиция қызметіне бала күнінен қызығып, ішкі істер органдарында жұмыс істеуді армандаған.

– Әкем 80-ші жылдардың ортасында Жарма ауданының учаскелік инспекторы болған. Кішкентайымнан форма киіп, қоғам тыныштығын күзететін полиция қызметкері болғым келген. Үлкен өмірге қадам басар сәтте әкем қолдап, жол нұсқап, 2009 жылы Қостанай академиясына оқуға түсіп, 2013 жылы бітіріп шықтым, – дейді Гүлім Нұрланқызы.

Ол еңбек жолын Павлодар облысы Екібастұз қаласы қылмыстық атқару жүйесі департаментінен бастайды. Кейіннен Жарма ауданының пробация қызметіне инспектор болып ауысады.

Бүгінде Гүлім Нұрланқызы – аяулы жар, ардақты ана, абыройлы қызметкер. Учаскелік полиция инспекторының жұмысы халықпен тығыз байланысты, тұрғындар арыз-шағымдарын қараудың маңызы өте зор. Полицей болу үшін білім де, білік те, білек те керек. Азаматтармен тіл табыса білу, сыпайы болу да маңызды.

– Полиция жұмысында ең бастысы – еңбексүйгіштік  және халыққа адал қызмет ету. Отбасым әрқашан қолдау көрсетіп отырады. Тәуелсіздіктің құрдасы болу – мен үшін үлкен мәртебе, – дейді ол.

Қаракөз Абенова

Осы айдарда

Back to top button