Руханият

Төлеу Көбдіковтың ұлы жайында не білеміз?

Төлеу Көбдіковтың ұлы жайында не білеміз?

1937-ші зобалаң жыл. Ел-жұртпен бірге тағдырдың талай ауыр соққысын көрген халық ақыны Төлеу Көбдіковтің ұлы Мұрат осы жылы Шар қаласында дүниеге келеді.
Пайғамбар жасы 63-ке келгенде кенже баласы – менің әкем туғанда жазған «Мұратпен айтыс» деген өлеңінде:
Төлеу:
Қолға алып әлдилесем – жайланасың,
Қанша ақыл адам болып ойланасың.
Ғайыптан пайда болып келе қалған,
Жөніңді айт, сенің өзің қай баласың?

Талпынып аяқ басып жүремісің,
Ыржиып езу тартып күлемісің.
Болмассың маған тартсаң шәлдіріксіз?
Ешнәрсе өлең-сөзден білемісің?
Мұрат:
Өлеңнің ұлы дария арнасымын,
Ән салған артистердің жолдасымын.
Ақындық әр затымның бәрінде бар,
Адамның қызыл тілді жорғасымын.
Баланың өзім қатар сергегімін,
Ән салғыш көп ішінде көрнегімін.
Көсеу шал от басында қалған күнде,
Атамның қолға ұстайтын ермегімін, – деп әзілін өлеңмен өрнектеген.

Төлеу Көбдіковтың ұлы жайында не білеміз?

1937 жылдың қыркүйек айының бір күнінде Құлжанбек деген мұғалім баласы мектептен оралмаған екен. Бірнеше күннен соң белгілі мекемеден белгісіз адамдар келіп, «адамдарыңызды іздемей-ақ қойыңыздар» дейді.
Тағы да қауіптің төнгенін сезген ақын бір түнде ат-арбамен Барнаул қаласына кетуге мәжбүр болады. Бұл кезде әкем бар болғаны екі жастағы сәби. Кім біледі, мүмкін қалған өмірлерін сол жақта өткізер ме еді, егер ақын тағдырына күрт бетбұрыс әкелген «Сарыарқа» толғауы болмаса. 1936 жылы қазақ халқының патша отарлаушыларына қарсы көтерілісінің 20 жылдығына орай «1916 жыл» атты өлеңдер жинағы жарық көрген. Соған «Сарыарқа» деген атпен Төлеу толғауының небәрі 16 жолы еніпті. Жинақты оқыған І.Жансүгіров М.Әуезовтен «Мына жырдың иесі кім, өлеңі жақсы екен» деген екен. М.Әуезов Әрхам Кәкітайұлы Ысқақовтан ақын туралы дерек сұрайды. Әрхам «Бұл баяғы Сабырбай ақынның жиені, Қуандықтың баласы – Төлеу, қазір Батыс Сібір жақта…», – деген. М.Әуезов Жазушылар Одағынан тиісті қаражат бергізіп, Әрхамды ақынға жөнелтеді. Ә.Ысқақов ақынның үйінде бір апта жатып, ақыры елге көшіріп әкеледі. Әрбір адамға туған жердің топырағын табанымен басудан асқан бақыт бар ма екен?! Алайда, Шұбартауға баруға әлі де сескенген ақын жолшыбай Шар станциясын мекендеп қалады.
Төлеу атамыз 1954 жылы 81 жасқа қараған шағында дүниеден өткенде әкем он жеті жаста екен. Ер жеткен жас жігіттен өмірдің өзі жаңа белестерді бағындырып, батыл қадамдар жасауды қажет етті. Ол 1959 жылы КазГУ-дің журналистика факультетін бітіріп, Шұбартау аудандық газетіне қызметке келеді. 1965 жылы әкемді жолдамамен Аягөз ауданы, Қарақол совхозына жоғары жақтың ұсынуымен қызметке жібереді. Еңбек жолын осы жерде жалғастырып, тура отыз жыл ұстаздық еңбек етіп, жас шәкірттерге үлгі-өнеге бола білді. Қызмет ете жүріп, өз әкесі Төлеу Көбдіковтің мол мұраларын жинастырып, «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» дегендей, біртуар азамат, білікті ғалым Қайым Мұхамедхановтың туған інісіндей болып жақсы араласады. Семейге келіп-кетіп жүріп, Қайым ағаның үйіне барып, ол кісінің халық ақындары тақырыбына жинаған материалдарына өз үлесін қосады. Әкемізге ерекше риза болған әрі асылдың сынығы ретінде ерекше ілтипат көрсеткен Қайым аға да үлкен ағалық қамқорлығын көрсетеді. Әулетімізде сақтаулы сирек кездесетін құнды суреттер мен жазысқан хаттары соның бір айғағындай.

Төлеу Көбдіковтың ұлы жайында не білеміз?

М.Төлеуұлы әкесінің бар мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, 1975 жылы жарық көрген «Жырларым» атты жинағына алғысөз жазған. Архивін ақтара отырып, осы алғысөзды әкеме жазғызған қадірлі замандасы, жазушы Медеу Сәрсеке екенін көріп отырмыз. «Мұрат, қазіргі жазба ақындар бұрынғы өткен қарт ақындардың жазғандарын оқыды дейсің бе? Әкеңді өзіңнен жақсы білетін ешкім жоқ, сондықтан алғысөзді өзің жаз» деп жазады Медеу аға хат соңында.
Иә, «Ақындық әр затымның бәрінде бар, адамның қызыл тілді жорғасымын…» деп, Төлеу ақын ұлының атынан айтқандай, әкемнің өлеңдері мен екі тілде жазған мақалалары кезінде газеттер мен журналдарда жарияланып тұрды. Әлі есімде, бала күнімізде үйге қаншама адамдар келіп жататын. Совхозға келген қонақтарды директорлар үйімізге әкеліп, таныстырып, әңгіме-дүкен құрып отырушы еді.
Өзі Төлеудей әкесінің тәрбиесін көрген, үлгісін алған әкем – адалдық, адамдық жолынан таймаған адам. Ең басты қасиеті – мінезінің аса ұстамдылығы десем болады. Әркезде маған Төлеу атам туралы қызықты әңгімелерін айтқанда, жаны ләззат алғандай рахаттана түсетін. «Өйтпе, бүйтпе» деген сөзімен емес, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, атқарған ісімен тәрбилеген екен бізді.
Енбекқор, ақкөңіл, жаны жайсаң, сөзге шешен, ерекше дара тұлға әкеміз төрт бала тәрбиелеп өсірді. Тірі болғанда, шілде айының 22 жұлдызында 78 жасқа келер еді. Жанымызға жазылмас жара салып, о дүниеге кете барды.
Енді осындай берік қорғаның, арамызда асқар тау болып отырған әкеңнен айырылғанда, өткен күндерге жиі көз жүгіртеді екенсің. Сағымға айналған сағынышты кездерді еске алып, оңашада ой құшағына бөленесің. Мына жарық дүние мәңгілік мекен еместігіне еріксіз көзің жетеді.
«Адам ата-ананы таңдамайды» дегендей, бізге сіздей әке бергені үшін тағдырымызға мың мәрте алғыс айтамыз. Әрдайым жүрек түкпірінде әкеге деген мәңгілік сағыныш сақталмақ.

Шынар Мұратқызы

Осы айдарда

Back to top button