ТӨЛЕГЕТАЙ БАБА (Аңыз бен аңғарым)
Біз қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін, елімізде бір ғана азаматтық болуын, басшыларымыздың қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғауын, ұлттық өнер мен әдебиеттің басымды дамуын, қазақ мектептерінің деңгейін көтеріп, жоғарылай түсуін қалаймыз. Бірақ қос тілді тықпалайтындар, қос азаматтықты итермелейтіндер, шекараның ашықтығын қалайтындар аз ба?
Бұлардан шығатын қорытынды: жалпы халықтық мүдде мен ұлттық мүдделер әрдайым сай келе бермейді. Халық- жалпы ұғым, ұлт- жалқы үғым.
Кез- келген ұлт өзгелермен қосанжарласқан одақта «ілдаллалап» күн кешкенді қалай бермейді.Ондай жағдайда бірің аға (СССР-дағы орыстар),бірің іні (СССР-дағы қазақ, өзбек,қырғыз). Бұл бізге таныс. 1731 жылдан- орыс жерімізге ептеп кірген кезеңнен,1991 жылға дейін 260 жыл бойы кешкен күйіміз. Мәскеудің аузына қарамадық па? Осы кезде ғой «Мәскеуде жаңбыр жауса-Алматы қол шатыр ұстайды» деген мазақтың шыққаны. Осы кезде ғой «Алматы-орыстың баспанасы, ұйғырдың- асханасы, қазақтың-астанасы» деген түрпі сөздің жүрек тырнағаны, қаныңды қайнатқаны. 1986 жылғы желтоқсан ше?
Ендеше, Керей мен Жәнібек хандар, Төле баба тұсындағы Қасым хан қазақ руларының шекарасын белгілеуге, қазақ жерін қазақ үшін меншіктеуге міндетті еді. Олар солай істеуге ұмтылды, солай істеді. Қалай десек те, Мемлекетіміз 1465- 66 жылдары тарихқа енді, шекара белгіленді. Күш қазақта, жер қазақтікі, жердегі- төр қазақтікі.Алла Тағала көп көрмегей!
Дін- мемлекеттік шекараға тәуелді емес. Дінде ұлт, шекара болмайды. Сондықтан дін Адамзат баласының ортақ рухани қазынасы, ой-сана, жүрек нәр алатын ортақ Тайқазан. Игіліктің, Пәктіктің, Адалдықтың, жақсылық атаулының қайнар көзі.
Дін неғұрлым халық көбірек шоғырланған жерге орнығуға құштар. Себебі түсінікті. Қожалардың Өзкентте, күре жолдың бойында, байлығы шалқыған қаладағы Сүгірші баймен құда болуға ынтасы да баба арқылы қолын ұзартудың қамы еді.
Қылышты қожаның Күнімқызы осындай тартыс көп, ислам мен тәңіршілдік тайталасып, арбасып тұрған шақта Сүгірші бабаның келіні болып, табалдырық аттады.
Сол тұстарда қалыптасқан жағдайлар, саяси, әлеуметтік, қоғамдық, экономикалық ахуалды сараптау, қазақ руларының ара салмағын зерделеу, әр қайсысының өз орнын табу, кімнің неге зәру, кіріптарлығы бар екенін жан- жақты талдау арқылы Төле баба замандастарының лайықты орнын, кім кім болғанын анықтай аламыз. Өрістегі малдың, ата-тектің, туыс- туғанның өрге ұмтылған ұланға жасар септігі де аз емес. Барлығы да қозғаушы күш.Нақ осы айтылғандардың басы қосылғанда ғана тарихи тұлға бүтінделмек. Онсыз әңгіме жасау, бір қортындыға келемін деу бекершілік.
Сонымен тағы да бірдеше байламның реті келген сияқты. Олар:
1.Төле бабамыз үйлі-баранды болғанда бала- шағасын, ата- мекенін тастап, қожаларға келмеген. Себебі, Төленің барлық ғұмырында софылықтың нышаны да жоқ. Сейіттерден дін үйреніп, қалың найманға қожалар келіп, сіңді десе- сенімдісі осы.
Бүгінгі қожалардың арасында Самарқаның билеушісі, атағы жер жарған, исі мұсылманға пана болған, самсаған әскері, саны белгісіз малы мен қазынасы бар Жалаңтөс баһадүрге қожалардың қыз бермей қойғаны жайында аңыз жиі айтылады. Барлығы М.Тынышбаевқа жүгінеді.Алайда, Тынышбаевқа осы әңгімені өздері айтып бергенін «естерінен шығарып алған», ешқайсысы тарихшының «айтуларға қарағанда» дегеніне мән бермейді. М. Тынышбаевтың әулеттік шежіресінде Төле, мөлшері 1475 жылдары туады. Бұл бұлтартпас факт.
Енді қараңыз: Жалаңтөс баһадүр 1576 жылы туып, 1656 жылы дүниеден озады. Екі бабамыздың туу мерзімінде аттай 100 жыл алшақтық бар. Төленің тірі кезінде Алшын ішіндегі Төртқара руының Жалаңтөс баһадүрдің өзі тұрсын әкесінің әкесі де туған да жоқ. Ендеше, Сүгіршіұлы Төленің қожадан қыз алғанын ести сала Жалаңтөс баһадүр қожаларға құдалық аттандырды деген түбірімен жалған. Айбатынан жарты әлем бас бұғып отырған Жалаңтөс баһадүрге қожалар қыз бермеді деу шылғи өтірік. Баһадүр ол шақта қожа тұрмақ одан зорғысы болса да, берсе қолынан, бермесе жолынан алатын. Ол заманда Жалаңтөс қолбасшының қылышынан қорықпаған адам да, ел де жоқ.Баһадүр ым тастаса кім болса да зыр қағып, алдына томпаңдап барып, бас иіп, өзі- ақ апарып тапсырары талассыз шындық.
Қарапайым есеп қожалардың Жалаңтөс баһадүрге қыз бермей қоюы жөніндегі аңызы түбірімен жалған екенін көрсетеді.Төленің қожа қызын алғанын ести сала төртқара Жалаңтөс Баһадүрдің қожаларға құда жібергені біреулердің лақабы, қып- қызыл өтірік. Жалаңтөс баһадүр Төлегетай бабаның шөпшегімен қатар жасаған. Ендеше екі құдалықтың қатар келгені ойдан шығарылып, қожаларды дәріптеу мақсатына құрылған аңыз ғана.
Алшын жігіттері кешірер, бір сәйкестікті айту керек. Найман ішіндегі матайларда төртқара руы бар. Бұлар «Алшындағы төртқаралар бізден бөлініп қалған» дейді. Расында да, наймандар Баһадүрдің тікелей ұрпағы Әйтеке биге бүгін кесене салынған Нұратада тұрғанын, Алшын Жалаңтөс баһадүр жерленген Самарқанның түбінде найманның Ұлы атасы Өкіреш Шалдың жерленгенін алдыда жазғанбыз. Оны оқыдыңыздар. Әлде найман төртқаралар бөлініп кеткен бе? Түбі осы екі ру бір ата болуы әбден мүмкін.
2.Қазақ тұрмысы, тыныс-тіршілігі, даланың жазылмаған заңдары, көшпелілердің бар қарекеті намыстан қаланады, намысқа құрылады. «Ерді-намыс өлтіреді», «Жаным үшін- малым садақа, арым үшін- жаным садақа» деген аталы сөз осыдан қалған. Қазақтың бір Туы- Намыс. Бұлай десек, кеудесін көтеріп хандық құрған ну қазақтың бір бұтағы найман Сүгірші байдың жетім қызға құда түсуі, тіпті жалған. Қазақ жеті атасын білмеген жерден қыз алмаған. Бұл таза шындық. «Атасын көріп- ұлын ал, анасын көріп- қызын ал» дегенді бүтін ұстанған. Тең деп санағанымен ғана құда болған. Сүгірші бай көптің бірі емес. Бірегейі. Ендеше өгей ме, жетім бе, әйтеуір, есікте жүрген кызды жалғыз ұлына алатындай басына не күн туыпты? Бұл Сүгірші емес, бүкіл руға түсер таңба. Осыны да ұғыну қиын ба? Қазақтың ішін білетін адам бұған күліп қана қояр еді. «Өтірігіңе береке берсін» деп. Біз өйте алмадық. Ақты- қарадан, дұрысты- бұрыстан айыруды көздедік.
Сүгірші кімге құда түссе де маңдайын шертіп жүріп айттырары анық. Оған дәулеті де, сәулеті де, атақ-абройы да жетеді. Демек, ол алса, таңдаған қызын ғана келін етеді. Жетімекті теңі көрмейді, алмайды. Расы осы.
З.Төлені алдымен «жетім» деу, іле-шала «қатын-баласын тастап келген адам еді» деу не білместік, не күндестіктен туған. Білмесе- түзедік. Ал мемлекетіміздің негізі- қазақпен күндес таласу- бос далбаса. «Асын ішкен аяғыңа түкірме» дейді халық. Жомарт қазақ, қитұрқысы, қатпары аз қазақ өзгемен тең сөйлессе, өзгенің кірмелігін көрсетпей, іш тартқаны. Ал аса бастасаң, мойныңды бұрап, тезге де сала алады. Сөйтіп, күндестіктің дауасын оп-оңай табады.
Азды-көпті өрекпіп,эмоциямызды шығарып жатқанымызға жамағайын ренжімес. Қазақты төмендету арқылы өзгені көтеремін дегенге көне кетер қазақ жоқ қазір. Осыны еске салайық дегеніміз. Арынан жанын аямаған қазақ, ұлт туралы әңгіме көтергенде барын да аямайды.
Өз басым Сүгірші бай мен Қылышты қожалар тірі тұрған кездерінде мұндай келеңсіздіктер, бірін мақтау, екіншісін даттау болмағанына, құдалардың арасында жорға жүргеніне зәредей күмән кілтірмеймін. Ірі бабаларымыздың арасын ілгерінді, кейінгі етпектер ұсақтар, майда- шүйделер.
Жұрт аузында екі атамыздың өмірінен көптеген аңыздар сақталған. Мысалы, бір жиенін еркелетіп отырған Қылышты ата «Кел жиен асық атысайық» дейді. Сонда жанында отырған күйеу бала Төле жұлып алғандай:
-Ұстаз,онан да менімен ақыл атыссаңызшы! Үйретеріңіз түгесілмесе, түпкіріңізді ақтарсаңызшы!- депті.
Осы сәт Қылышты Қожа:
-Е, төңіректегіні де, түптегіні де түгендеп, теріп алғансың. Енді соның нәсібін түгел жемей, бөлісе жүр,-деп Төлені сөзден жығып кетіпті.
Қандай жарасым! «Ұстаз» дейді! «Ата» деп ағайын қылғаннан гөрі «Ұстаз» деп төбесіне көтереді күйеу бала. Ата айтады «Білгенімді үйреттім. Алла берген олжаң болса, аумағыңды ұмытпа» деп.
Мөлшерлеп, Қылышты атамыздың да жасын шығаруға болатын сияқты. Кім екені де шамалап ажыратылады. Кейде «Төле баба Қылышты атадан діни білім алды» дегенге ойланып қалам. Ұстазға қылыш ұстау жараса бермейді. Сол жарықтық қолбасшы, батыр емес пе екен? Төлеге ел басқарудың жолын үйретпеді ме? Төленің ұстазы Қылышты ата ұстаған медресенің молдасы шығар? Адассам Алла кешірер.Осы сұрақтар жиі мазалайды.
Қызылордалық, қазақ еліне танымал азамат, мұсылман тарихынан жинаған нақтылы деректері бар ағамыз қарт Каспийдің арғы жағындағы әзірбайжандардың бұлғағын басып, Аллажолын орнықтырып қайтқан бір қожаның Сыр бойында, Өзкент маңайында ғұмыр кешкенін айтады. Осы жарықтық пен Қылышты атамыздың арасында ұқсастық бар сияқты. Зерттеуші ағамыз, бұйыртса, жазып та қалар. Сонда білерміз талай жайтты.Қылышты бабамыз Төледен көп үлкен болуы тиіс. Төле оның қызымен құралпас. Онда Қылышты қожа баба мөлшері 1450 жылға дейін туған. Одан тым әрі немесе тым бері тууы неғайбылдау. Қылышты ата Қазақ хандығы құрылуының көз көрген куәгері. Еңбек те сіңірген шығар. Әдетте, белсенді өмір сүрген ондай адамдар халықтық қозғалыстан тыс қалмайды, бел ортасында жүреді.
Бұл бабамыз да ұзақ жасаған сияқты. Ұрпақтары аталарының өмірден озар кездегі өсиетін ұмытпаған. Жарықтық «Менің басыма келмес бұрын, Төлеге барып сәлемдесіңдер. Сонан соң ғана маған келіп, құран оқыңдар» депті.
Төле бабаның сексеннен асқанына сенсек, немерелері Қаракерей, Садыр, Матай, Төртуылдың алды отыз бес, арты жиырмаларда. Жеке шаңырақ иелері. Ата дәулеті түгесілмесе керек.Ұрпақ сабақтастығын, Төле бабаның туған жыл мөлшерін назарға алсақ, атамыз XVI ғасырдың елу- жетпісінші жылдары бақиға аттанған.
Төле бабаның төрт немересінен өрген тұяқтар Арқаға қарай ойысқан соң талай- талай дерек ұмытылып, тіпті, мана айтқанымыздай өрескел бұрмаланып кеткен. Төрт немеренің қотарыла көшуінің себебі де белгісіз.
Төле бабадан көш жөнінде жалғыз дерек қалыпты. Көз жұмарында төрт немересін жинап алып, «Төрт көзің түгел болсын. Көштерің қатар түзілсін. Түтіндерің қосылып, бір- біріңнен от сұрай жүріңдер» деген екен. Мұны немерелерінің Сырдан көшуіне берілген рұхсаты деп те, ажырамауды тапсырған өсиеті деп те қабылдауға болады. Аражігі ажырамайды.
Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл, Алла тілден сақтасын, тез өскен аталар. Олар Сыр бойында ел болып, ұйысқанымен, тәрізі, атаның асын берген соң ұзамай терістікке қозғалғандай. Бұлай десек Төле баба тағы бір көрегендік жасаған. Сыр бойында ел сығылыса отыр. Төрт немересін сол кезде-ақ етек-жеңді кеңге салатын Арқағааттандырған екен. Ғажап! Бәрін өлшеп, бәрін пішіп отыр.Ғұмыр аяғына тақаған қарияның ұрпақтарын жаңа қоныс іздеуге аттандыруы, өзі туып- өскен жерінде қалуы қазақта кездесіп отыратын жайт. Сонау 1204 жылы 136 жасқа келген Құбатегін жырау далый- бақсы етіп орнына жап- жас Кетбұқаны көтеріп, өзі көне найманның мекені күн шығыста қалды емес пе. Бұл оқиға Төле атаның құлағында жүрді ме екен?
Барлық шежірелерде Төленің төрт немересінің түстерін аталарына жорытқандары айтылады. Ара- тұра аздаған өзгешеліктері кездескенімен негізінен бәрі бір ойды мегзейді. Мысалы, Н. Оспанның шежіресінде ол жағдай өлеңмен былайша беріледі (Тұрсынхан Зәкенұлы. Сыр бойындағы Төлек ата, Қылышты ата кесенесі. Астана 2003 ж. 15- 16 беттер):
Айтады Қаракерей көрген түсін:
-Жүк артып қара нарға түнде көштім,
Алдымнан қалың тоғай кездесті де,
Жол тауып жүре алмадым,соған түстім.
Төлегетай:
-Тоғайға жол таба алмай қонып қалсаң,
Шырағым, көп болады мал мен басың.
Ұрпағың талша қаулап өседі екен,
Ұйтқысы төрт баламның сен боларсың.
Матай айтты: «Ту ұстап,тұлпар міндім,
Түсімде қалың көшті бастап жүрдім.
Мінеки,ата, менің көрген түсім,
Өреңге қалың жайлап, ел қондырдым.»
Камал қажы Әбдірахман,
Қаракерей Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы
(Жалғасы, басы сайтта 6 тамызда жарияланды. Жалғасы бар)