Тарих

Тың мәліметтер жинақталған

Жуырда өңірімізге танымал мұрағатшы және тарихшы Алдияр Әубәкіров өзінің «Жауапсыз хаттар» атты кітабын көпшілікке таныстырды. Бұл еңбек депортацияланған халықтардың ұрпақтарынан алынған тың мәліметтерге негізделген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен тарихи әділдікті қалпына келтіру үшін 2020 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылған болатын.

«Тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырдым. Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету –  баршамыздың перзенттік борышымыз» деген еді Мемлекет басшысы.

Осындай комиссия біздің облыста да құрылды. Былтыр өңірлік комиссияның жұмыс топтары 12 мыңнан астам жеке істі қарап, ақталмағандар бойынша 2847 деректі тапты, сондай-ақ бұрын зерттелмеген 493 жаңа оқиғаны анықтады. Өңірлік комиссия қорытындысы одан әрі қарау үшін орталық комиссияға жіберілді. Осы жылдың төрт айында ақталмағандар жөнінде 867 факт анықталды, алты мың іс, 13 жаңа оқиға қаралды.

– Бұл жай ғана сандар емес, олардың артында адамдардың және олардың ұрпақтарының тағдыры тұр. Біз ел тарихындағы барша қайғылы жайттарды есте сақтауға тиіспіз. Ауыр қиындықтар халқымыздың ауызбіршілігін нығайта түсті. Әрине, тарихтың қайғылы сабақтары жас ұрпаққа Отанымызды одан әрі өркендету үшін жігер беруі қажет, – деді ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев.

Аймақтық комиссия құрамында «Жауапсыз хаттар» кітабының авторы да бар. Басылымға  мұрағаттық зерттеулер және 1941-1945 жылдары Шығыс Қазақстанға жер аударылған неміс отбасылары өкілдерінің әңгімелері енген.

«Бұл кітапта тағдырдың жазуымен Қазақстанда тұрып жатқан ұлты неміс азаматтардың әңгімелерін ұсынамын. Олар депортацияланған ата-бабаларының тартқан тауқыметі туралы сыр шертеді» делінген еңбектің алғысөзінде.

– Репрессия кезінде Шығыс Қазақстан 89500-ден астам адамды қабылдады, олардың 60 пайызы – немістер. Солар туралы материалдар жинап, ұрпақтарынан сұхбат алып, қуғын-сүргін көргендердің тағдырын баяндауды жөн көрдім. Өйткені  өткенді ешқашан ұмытуға болмайды, – дейді Алдияр Әубәкіров.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button