ТағылымТарихТОП

Виталий Меттенің өмірден озғанына – 20 жыл

Виталий Леонидович Метте – Шығыс Қазақстанның ғана емес, еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан тұлға.

4 шілдеде Виталий Меттенің өмірден озғанына тура 20 жыл толады, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Ол 1997-2002 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып еңбек етті. Оған дейін Семей облысының әкімі, Премьер-министрдің бірінші орынбасары, вице-премьер қызметтерін атқарды. Ал оның алдында «ҮМЗ» АҚ-ын басқарды. Онда қатардағы маманнан бастап стратегиялық кәсіпорынның бірінші басшысына дейін қызмет жолымен көтерілді.

Аймақ тарихында көптеген әкім болды, олардың әрқайсының өзіндік жұмыс стилі бар. Бірақ В.Меттенің кезеңі ерекше маңызды оқиғалармен есте қалды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып жұмыс істеген Әділғазы Бергенев былайша еске алады. Ол кісі В.Меттемен бес жылдан астам уақыт бірге жұмыс істеді.

– Ең алдымен Виталий Леонидович екі облыстың – Семей және Шығыс Қазақстан облыстарының бірігуінің бастауында тұрғанымен есте қалды, – дейді Әділғазы Бергенев. – Екі облыс қосылғанға дейін ол біраз уақыт Семей облысының әкімі болып жұмыс істеген еді. Онда ол мені өзіне аймақ басшысының бірінші орынбасары ретінде жұмысқа шақырды. Біраз уақыттан кейін ол Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. В.Метте Президентке Семей облысының әкімі лауазымына менің кандидатурамды ұсынды, ал өзі Шығысқа кетті.

1997 жылы екі облысты біріктіру туралы тарихи шешім экономика тұрғысынан да, басқа да көптеген объективті фактор тұрғысынан да қажет болды. 1997 жылы мамырда бұл аймақтар бірікті. Сол кезде Әділғазы Бергенев Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Президент әр өңірден тең дәрежеде екі орынбасар болу туралы тапсырма берді. Сондықтан басқа орынбасарлар лауазымына Юрий Швайченко, Николай Носиков, Алдаш Қалиев тағайындалды. Талғатбек Абайділдин орталықтан шақырылды. Сонымен қатар Өскемен қаласының әкімі қызметіне бұрын Семейде жұмыс істеген Александр Лукин тағайындалды. Қазір сол кездегі Шығыс Қазақстан облысы әкімінің командасын іріктеу барынша теңдестірілген, көрегендікпен, дәл және дұрыс жасақталды деп сенімді түрде айта аламыз.

Облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасарының айтуынша, ол кезде заман қиын еді. Зейнетақы айлап төленбей, бюджеттік ұйымдар қызметкерлеріне жалақысы кешіктіріліп беріліп, басқа да мәселелер көп болды.

– Виталий Леонидович атқарушы билік органдарының жұмысын шебер ұйымдастырды. Әлеуметтік шиеленісті, дағдарысты болдырмау үшін үлкен облыстың тыныс-тіршілігін заманға сай бейімдей алды, – дейді Әділғазы Бергенев.

В.Метте ұзаққа созылатын кеңестерді ұнатпады, тіпті облыстық мәслихаттың сессиясы ұзағанда 1-1,5 сағатта тиянақталатын. Өйткені бәрі алдын ала пысықталды. Оның басқару стилі сенімге негізделді, әркім өзіне жүктелген іспен айналысты. Облыс әкімі ретінде ол ұсақ-түйекке араласпады, бірақ әрқашан өзінің көзқарасын орынды білдіріп отыратын.

Әділғазы Бергенев атап өткендей, ол кезде кәсіпорындардың жұмысы тоқтап, жалақы төленбей, жағдай қиын еді. Первомайка, Огневка кенттерінде, Серебряка қаласында жылумен қамтамасыз етуде іркілістер көп болды. Курчатов кеңестік кезеңде жабық қала болды, ондағы қазандықтар мазутпен жұмыс істеген. Ал одақ тараған соң бұрынғы байланыстар үзіліп, тұрғын үйлер жылусыз қалды, халық үдере көшті.

– Осы тұста сол кездегі облыс әкімі ерекше шешім қабылдады. Мазутпен жанатын қазандықтың орнына небары 3-4 айдың ішінде қатты отынмен жұмыс істейтін төрт қазандық орнатылды. Барлық инфрақұрылым толық қалпына келтіріп, қаланы қаһарлы қыстан аман алып шықты, – дейді Әділғазы Бергенев.

Өскемендегі электр қуатымен жылытылатын Арматурный шағын ауданының тұрғындары да қыстың көзі қырауда суық үйлерін тастай қашты. Біраз адам наразылық білдіріп, көшеге шықты.

Осы кезде В.Метте жылуды Өскемен ЖЭО-дан тікелей тұрғын үйлерге тарту туралы шешім қабылдады. Қазір бұл ауданда ешқандай проблема жоқ.

2000 жылы «Милениум пати» аясындағы тікелей эфирде Президент Шығыс Қазақстан облысын республиканың нағыз інжу-маржаны деп атады.

Зайсан, Ұлан аудандарында мектеп салу бойынша батыл шешімдер қабылданды, шағын және орта бизнес қарқынды дамыды, өнеркәсіп орындары жанданды, «Қазцинк» пен «ТМК» кәсіпорындарына инвесторлар келді.

Ұлттық валютаны, сондай-ақ мемлекеттік наградаларды, басқа да бұйымдарды шығаратын Теңге сарайын құру туралы шешім де тарихи болып саналады. ТМД аумағында тек төрт ел осындай жарқын жетістікке қол жеткізе алды.

Ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте, әлеуметтік-мәдени салаларда да көптеген оң өзгеріс болды.

Әділғазы Бергенев Виталий Меттенің және ел Үкіметінің қолдауымен Семейде бірегей көпір салынғанын атап өтті. Өскеменде еліміздің автоөнеркәсібі құрылды, «Азия Авто» зауытында 5 мыңға жуық жұмыс орны ашылды, бюджетке салық қарқынды түрде түсе бастады.

– Шекаралық ынтымақтастыққа көп көңіл бөлінді, – дейді Әділғазы Бергенев. – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елдің барлық қорғаныс кәсіпорындарын біріктіретін «Қазақстан Инжиниринг» ұлттық компаниясы құрылды. Виталий Леонидович Метте тәжірибелі инженер-менеджер ретінде компанияның басшысы болып тағайындалды. Биыл ұлттық компания 20 жылдығын атап өтпек. Негізін мемлекеттік ауқымдағы тұлғалар қалаған осы ұлттық компанияда кейін өзім де еңбек еттім. Әркез халықтың қолдауына ие болған олар кәсіби ғана емес, сондай-ақ биік адами қасиеттерімен де ерекшеленеді.

Жоғары кәсібилігі, жауапкершілігі, жанқиярлықпен қызмет етуі, жеке қасиеттері арқылы В.Метте өңіріміздің және еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Қайраткер тұлғаның есімі жерлестерінің жадында сақталып, отаншыл жас ұрпаққа үлгі болып қала бермек.

 

 

Осы айдарда

Back to top button