Тарих

Шұбартаудың бастамасын қолдап еді

Берікхан ТАЙЖІГІТ, Аягөз

   1971 жылы Семей облысы, Шұбартау ауданының комсомол жастары мектеп бітіруші түлектерді қой шаруашылығына келіп, ата кәсібін жалғастыруға  шақырып, үлкен бастама көтерді. Өйткені коммунистік партия Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткізуді мақсат етіп қойды.

Билік жас өрендерді қой бағуға үгіттеп, мектептерде жаппай жиналыстар ашып жатты. Жер-жерде қой өсіруші комсомол-жастар бригадалары құрыла бастады. Бұл бастамаға алғашқы болып үн қосқан сол тұстағы Шұбартау ауданының мектеп бітірушілері болды. Олардың артынан Аягөз, Үржар, Мақаншы және басқа  аудандарда қой өсіруші комсомол бригадалары құрылып, жастар шопан таяғын қолға алды. Мәселен, Аягөз ауданына қарасты «Қарақол» асыл тұқымды қой совхозында  1972 жылы «Жігер» атты бригада құрылып, оған сол жылы мектеп бітірген  бірнеше қыз-жігіт мүше болып кірді. Оларға тәлімгер болып есімі сол тұста Қазақстанға танымал шопан, Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Октябрь революциясы» ордендерінің иегері, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің, СССР Жоғарғы Советінің Ұлттар Советі депутаты Бекжан Темірбаев ағамыз бекітілді. Жасы 40-қа да тола қоймаған жігерлі жігіт Бекжан Темірбаев 1958 жылға дейін туған ауылында тракторшы болып еңбек етсе, сол жылдан бастап, шопан таяғын қолға алған болатын. Бригаданың сол кездегі топ басшысы, бүгінде жасы 70-ке таяған Советхан Жампейісова апайымыз өткен шақты былай деп еске алады:

  • Мектеп бітірісімен, 1972 жылы маусым айында «Жігер» комсомол-жастар бригадасына барып, екі жылдан соң 1974 жылы маусымда совхоз басшыларының алдында кәдімгідей есеп беріп, жан-жаққа тарап кеткен болатынбыз. Жүнісқали (Ошан) Қоңыратов, Базарбек Жақыпбеков, Ерғали Есенаманов, Тұрсын Кешубаев, Серік Қасенов, Сілахат Башпақов, Майра Шоланова, Мәдира Атантаева, Анаргүл Данабаева, Гүлбану Бекулова деген қыз-жігіттер екі жыл өмірімізді ата-баба кәсібі – қой бағуға арнадық.

Совет Жақсыбеков, Бекжан Темірбаев, Қыдырмолда Дәулетбаев, Асылбек Тұмарбаев, Жексен Аралбаев және басқа да  тәлімгер шопандар жастарды қой бағуға баулып, қиыншылығы мол осынау кәсіптің қыры мен сырына үйретті. Шаруашылықта  «Жігер», «Космос», «Маяк» атты қой өсіруші комсомол жастардың бригадалары жұмыс істеді. Елімізде қой санын 50 миллионға жеткіземіз деп ұран салған олардың алды бүгінде 70-ке тақап та қалды. Қыстамаға 100 мыңға дейін қой кіретін ірі совхоздың қат-қабат шаруасын дөңгелетуге осылайша өрімдей қыз-жігіттер де араласып жүре берді. Рас, бірер жылдан соң биліктің өздеріне деген көзқарасының өзгергеніне көздері жеткен олар қой өсіруші жастар десе, комсомол десе ат-тонын ала қашатын жағдайға жеткен болатын. Осыдан кейін совхоз билігі қойшылық өмірге аяқ баса қоймаған жастардың орнына қаусаған шал-шауқанды бригадаларға мүше етті. Атағы комсомол-жастар болғанымен, бригаданың малын баққан тәжірибелі шопандар болатын. Өйткені жоғарыдан келген бұйрықты орындау керек болды…

–Шопан болуға үгіттеген басшылар мектеп бітірер кезімізде жиналыстан жиналыс ашты. Ол тұста «Қарақол» совхозының директоры Ерғазы Тәңірбергенов, партия комитетінің төрағасы Шәкәрім Әбішев деген жақсы ағаларымыз болды, – дейді Советхан апай. – Сол тұста жиен ағам Шәретхан Ахметжанов институт бітіріп келіп Қарақол жастары комсомол комитетінің төрағасы болып сайланған. Оған артылар жүктің мол екенін білем. Тіпті, кластастарымның: «Алдымен өзінің нағашы қарындасын шопандыққа жазғызсын. Сосын біз де барамыз!» деген қаңқу сөздері маған қамшы болып тиді. Ары ойланып, бері ойланып үйдегі әке-шешеме де айтпай тізімге жазылдым. Содан кейін-ақ кластағы балалардың бірсыпырасы шопандыққа баратын болды… Кешке үйге келдім. Енді әкем не дейді!? Ол кісіден сұранбай осындай қадамға бардым. «Әке, мен сіздерге айтпай бір нәрсені бүлдірдім», деп едім. «Тек!» деп шошып кетті. Өңімнің бұзылып кеткенін көрді де ол кісі бірден: «Әй, балам, ашып айт!» дегесін, болған жайды бастан-аяқ баяндап бердім. Әкем «М-м-м-м…» деп бірсыпыра жүрді. Үлкен ағам: «Қой баққаны несі?! Он жыл жақсы оқып келіп, енді екі жыл қой бақпақсың ба?» деп шыр-пыры шыға бастап еді, әкем: «Жә! Советханның бір білгені бар болу керек.  Бір жөні болар!» деп тыйып тастады. Сөйтіп, рұқсатын берді. Екі жыл екі күндей болмай өте шықты. Басқасын білмеймін, совхоздың жоғары оқу орнына берген жолдамасымен Семейдің Крупская атындағы  педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түстім, – дейді Советхан апай, –  тек, өкінішке қарай, тұрмыс құруыма байланысты оны аяқтай алмадым… Ауылда қалған  қыз-жігіттердің бірі әскер қатарына шақырылып, қыздар тұрмысқа шығып, әркім өз өмір  жолына түсті… Айтпақшы, ішіміздегі қыз-жігіттердің арасында отау құрғандар да болды. Мәселен, Тұрсын мен Гүлбану, Серік пен Майра өмір айдынына қол ұстасып бірге шықты.

Басшылардың негізгі мақсаты да жастарды өзара үйлендіріп, алдарына бір-бір отар қой салып беру еді… Өкінішке қарай, орталық комитеттің бұл нұсқауы орындалмады.

–Кеудемізді бір өкініш пен бір қуаныш кернейді. Өкініштісі, екі жыл ғұмырымыз текке кеткендей, ойласам жүрегім қан жылайды. Ал қуаныштысы, біз де жап-жас болып, еліміздің бір керегіне жарап, кетігіне жамау болғанымыз. Одаққа танымал Бекжан Темірбаев ағамыздай, Сайлауғайша тәтеміздей  жандардың шәкірті болып, жанына ере білгеніміз. Қазір ол кісілердің көпшілігі келместің кемесіне мініп кеткен. Ойлап отырсам, жақсы адамдармен жолдас болыппыз, – деп мұңаяды Советхан апайымыз.

Осы айдарда

Back to top button