Тарих

Ұлт батыры болған ұшқыш Зайсановты білесіз бе?

Зерде

 

 Тарам-тарам тағдыр жолының қайда апарары адамзатқа беймәлім дүние. Осындай беймәлім тағдырдың айдауымен Алтай асқан жандардың бірі – Мүдәріс Зайсанов. Он жасында Отанынан жыраққа кеткен жетім ұлдың ұшқыш боларын ол тұста ешкім болжамағаны анық. Кейін Сталин оның кеудесіне «Қызыл Ту» орденін қадап тұрып: «Аз ұлттың алып ұлысың», деп ерлігін мойындапты.

Ерлігімен елге танылып, еңбегімен жетістікке жеткен Зайсановтың туған жері Зайсан өңір. Оның 1913 жылы осы өңірде дүниеге келгенін немере інісі, ұшқыш Таштуан Төтейұлы айтқан. Ал алдағы тағдыры таразыға түсерінде туған жерін тегі ретінде алған деседі. Атақты ұшқыштың тегі жайлы: «Моңғолия қазақтары оны Жайсанып дейді. Ал моңғолдар Матросұлы Зайсанов дейді. Зерттеушілер оның шын есімі Мүдәріс, ал Зайсан – Семей губерниясындағы уездің атауы, сол жерде дүниеге келгендіктен туған жерін кейін тегіне алған болуы мүмкін. Мүдәрістің әкесі – қазақ, шешесі – татар ұлтынан, азан шақырып қойған есімі – Қамза. Мүдәріс – «ұстаз» деген ұғымды білдіретін түрік сөзі», – депті кезекті бір жазбасында жазушы Шынай Рахметұлы.

Тарихта аты қалған тұлғаның әуелгі тегі туралы ақпараттың легі осындай. Ол туған жерінен он жасында жыраққа кеткен. Ол кез қазақ ұлтының басына сүріңкей жылдардың бұлты ауып келе жатқан шақ болатын. Қазақ даласындағы байлар мен білімділердің қуғынға түсе бастаған тұсына балалық шағы дөп келеді. Отанында ойнақтап ойнап жүрген Зайсанов көшкен елге ілесіп Алтайдың Қобда бетіне жетеді. Оған әкесінің оқыған адам болғандығы себеп болған деседі. Осылайша, Қобда бетіне жеткен оның есімі сол күннен бастап «Жайсанып» болып кетеді. Көшкен елмен ілесіп жеткен жетім ұлды Керейдің шеруші уәлаятының басшыларының бірі болған ақсақал Әуке бауырына басып, баласы етіп алады. Кейін атасы болған Әуке қайтыс болып, әке есебіндегі Райысхан 1938 жылы нәубет құрбанына ұшырайды. Осыдан кейін Жайсаныптың қамқоршысы ретінде апасы Анар мен шешесі Тұрды қалады. Кейін Баян-Өлгей аймағына қарасты Қызылқайың ауылында тұңғыш рет ашылған қазақ мектебінен сауатын ашады.

Жайлаудан Жапония соғысына дейін

 

Зайсанов бала күнінен білімге құмар, зерек болғандығын өмір тарихы айғақтайды. Сондықтан да ол жасыл жайлаудағы жайлы күндерін артқа тастап, Қызылқайың ауылында ашылған қазақ мектебінен алғашқылардың бірі болып білім алады. Моңғолия сол тұста тәуелсіз мемлекет атанғанымен Кеңес одағымен тікелей саяси байланыста болған. Сондықтан болар, 1929-1930 жылдары Қазақстаннан арнайы коминтерн өкілдері барып Баян-Өлгей қазақтарына ағарту жұмыстарын жүргізген. Білімге құмар, тілге жатық Зайсанов Кеңес өкіметі арнайы жіберген Абай Қасымов, комсомолдың өкілі Шәріп Өтеповтің ұйымдастырған іс-қызметіне белсене араласып, өлке қазақтары арасында төңкерісшіл жастар ұйымын ұйымдастырады. Бұл әрекеті оның жоғары білім алуына септігін тигізеді.

Жетім ғұмырдың жетегінде кеткен Зайсановтың ұшқыш болу арманы болмағаны анық. Сондықтан болар, ол әуелі Қобда қаласындағы мал дәрігерлерін даярлайтын училищеге оқуға түседі. Оқуда озат, өмірде алғыр Зайсанов бір топ моңғол жастарының қатарында Мәскеуге КУТВ – шығыс еңбекшілері университетіне бір жылдық курсқа аттанады. Білімін арттырып, тілін жетілдірген Зайсановты тағы да бір жыл даярлық курсын оқуға қалдырады. Оны ойдағыдай бітірген ол осыдан кейін Тамбов қаласындағы атты әскерлер даярлайтын оқу орнына түсіп, оны 1934 жылы бітіріп шығады. Зайсановтың алғырлығын байқаған кеңес өкіметі оны Орынборда ұшқыштар мектебінде оқып жатқан моңғол студенттерінің арасына аттандырады. Оған жүктелген тапсырма тілшілік қызметін атқару болатын. Алайда Зайсанов зеректігінің арқасында аудармашы бола жүріп өзі де ұшқыш болып шығады. Орынбор қаласындағы қызметі 1939 жылға дейін жалғасады. Осы жылы оны Моңғол өкіметі кері шақырып алады, өйткені 1939 жылы Жапон басқыншылары Моңғол өкіметіне қарсы соғыс ашқан болатын. Зайсановтың білікті маман болып шыққанын білген Моңғол өкіметі оны 1938 жылы 1 желтоқсан күні құрылған Әуе күштері полкінің командирі етіп тағайындайды. Осылайша, 1939 жылы Қиыр Шығыста басталған соғыс өртіне қарсы аттанады. Кеңес-Моңғол Қарулы Күштері бірлесіп Жапон әскеріне қарсы жойқын-жойқын соққы ұйымдастырады. Осы соғыста полк бастығы болған Зайсанов ерекше ерлік танытады. Майдандастары оның ерлігін жыр қылып айтып, ескірмес естелік ретінде қалдырған. Моңғол архивінде: «Жапондардан «Супер» маркалы 49 ұшақты, «Дюблестник» типтегі 11 ұшақты қолға түсірдік. Рапорт беруші генерал-майор М.Зайсанов», – деп жазылған батырдың ерлігін айғақтайтын құжат да бар.

Ал соғыстағы қаруластарының бірі Дугарын Гунгаа: «Біз, алты ұшқыш, 1939 жылы 7-айдың орта шенінде Халхин-Голға келдік… Әуе күштерінің қолбасшысы генерал Зайсанов… Ол жер жағдайын жетік білетін, желдің бағытын дөп есептейтін, әскери өнерге өте шебер, өнегелі ұстаз еді. Осы жолы генерал Зайсанов бастаған алты адам «Қызыл Ту» орденімен марапатталды», – деп жазады өз естелігінде.

Осылайша, оның жайлаудан білім іздеп басталған сапары Жапониямен болған соғысқа алып барады. Бұл соғыс оның танылуына һәм тарихта аты қалуына үлкен ықпал етеді.

 

Зайсанов мектебі

 

Қазіргі таңда Баян-Өлгей қазақтары үшін Зайсанов мектебінің орны ерекше. Бұл ұғым ұшқыштың тарихи ғұмырнамасымен тамырласа келе екі мағынада өрбиді. Әуелгісі тікелей өскен өңірімен байланысты. Өзі оқыған Қызылқайың ауылындағы мектепке 1981 жылы ұшқыш Зайсановтың есімі берілген. Қазіргі таңда мектеп ішінде Зайсанов музейі жұмыс істеп, тарихи тұлғаның тағдырынан сыр шертіп тұр. Ал 2008 жылы мектеп алаңына ұшқыштың шағын бюсті орнатылды.

Сонымен қатар Зайсанов Моңғолия қазақтарына үлгі болып ұшқыштар мектебін қалыптастырды. Ұшқыштың немере інісі, Моңғолияның еңбек сіңірген ұшқышы Тәштуан Төтейұлы: «Қазірдің өзінде Моңғолияның Әуе күштерінде онға жуық қазақтың қызмет ететінін айта отырып, оның төртеуі бір әулеттің адамы, яғни Зайсановтың ізбасарлары» депті. Осылайша, ұшқыш болам дегендердің арманы орындалып, ұлтына қамқор болған ұшқыштың ізін қуғандар Зайсанов мектебін қалыптастырған.

Тағы бір таразыға салар дүние Зайсановтың туған жылы туралы екіұшты пікір бар. Ұшқыштың туған жылы құлпытасында 1910 жылы деп жазылған. Ал немере інісі болған Таштуан 1913 жылы туған дейді. Бұл болашақта нақтылана жатар. Моңғолия қазақтары арасынан шыққан алғашқы ұшқыш, батыр тұлға 1967 жылы Ұланбатыр қаласында мәңгілік мекеніне аттанған. Сол тұстағы саяси жағдайға байланысты болса керек, сүйегін еліне жібермеген. Тіпті тірісінде Қазақстанға қайтуға ниет білдіргенде тілегін қабыл алмаған деседі. Ұлтының ұранына айналған ұшқышты Ұланбатыр қаласының солтүстігіндегі «Алтын өлгий» («Алтын бесік») деп аталатын моңғол қайраткерлері зиратына жерлепті. Моңғол үкіметіне сіңірген еңбегін бағалап, даңқына бас иген сол тұстағы Моңғолия үкіметінің басшысы Ю.Цэдэнбал генералды жерлеу рәсіміне өзі қатысып, Халық Ұлы Хуралының жарлығы шығып, мемлекеттік тәртіп бойынша үлкен қошеметпен жерленген екен.

Баян-Өлгей қазақтары мақтан тұтқан ұшқыштың қазіргі ұрпақтары қайда екенін біле алмадық. Десе де әкесі қайтыс болғанда Саратов қаласынан тұңғышы Сония келіпті. Алайда Буряд-Моңғолияда өмір сүріп жатқан ұлы Ганц келе алмапты. Бірақ Ганц 1972 жылы шешесі Марусия о дүниеге аттанғанда келіп, анасын өз қолымен қара жер қойнына тапсырған екен. Зайсановтың ұшқыш інісі Таштуан Төтейұлының айтуынша, ол сол жолғы сапарында Моңғолиядағы туыстарынан «бір кішкентай балаларыңды беріңдер, туыстығымыздың мызғымас дәнекері болсын» деп қолқа салыпты. Бірақ ағайындары көзі түскен баланы жасырып, шешесі Налайхан қаласына алып қашып кеткен дейді.

Міне, осылайша туыстар арасындағы дәнекер үзіліп қалған көрінеді. Зайсанов еңбегі мен ерлігінің арқасында Моңғол үкіметі мен Кеңес Одағы тарапынан жоғары бағаланып «Алтын жұлдыз», «Майдан даңқы қызыл ту», «Майдан даңқы» ордендерімен марапатталыпты.

Ұшқыш Зайсанов қазақ ұлтының жоғын жоқтап, Баян-Өлгей қазақ ұлттық аймағының құрылуына атсалысып, бір кісідей еңбек сіңіріпті. Ұлттық аймақ құру мәселесін зерттеуге келген Моңғолияның сол кездегі маршалы Хорлоогийн Чойбалсанға тілмаштық етіп, жеке аймақ болуына қолғабысын тигізіпті. Осылайша, он жасында көшке еріп келген бала бір елдің көшін бастап, ұрпағы үлгі тұтар ұлы тұлғаға айналған.

Қызырбек Дүргінбайұлы

 

Осы айдарда

Back to top button