Тарих

Шетел архивтерінде Шығысқа қатысты деректер бар

Сағила Нұрланова: Ұлттық архивінің директоры

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары қалыптасқан жаңа тарихи құжаттар Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің алтын қорында сақтаулы. Көшпелі ғұмыр кешкен ата-баба жолын зерделеуде кез келген тарихи жәдігер – баға жетпес байлық, құнды қазына. Кейде архив құжатындағы жалғыз жазба тұтас ұлттың тағдырын шешіп кетуі мүмкін.

Соңғы жылдары шетелдің архивтерімен орнаған тығыз байланыстың арқасында  ұлтымыздың тарихы мен өткеніне қатысты небір жауһар жәдігерлер елімізге оралды. Олардың арасында Шығыс Қазақстанға қатысты да біраз тың құжаттар бар деп естіген едік. Астанаға барған бір сапарымызда осы мекеменің қызметі туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры, «Құрмет» орденінің иегері Сағила Нұрлановамен  әңгімелесудің реті түскен еді.

– Бізге Тәуелсіз мемлекетіміздің алғашқы таңынан бастап күні бүгінге дейінгі барлық маңызды құжаттарын сақтап,  келешекке үлкен тарих қылып жеткізу миссиясы жүктелген. Өткенін мықты білген ел ғана болашаққа сеніммен қарайды. Архив ұлттың құжаттық жылнамасын жылдар бойы жинап, жас буынның игілігіне ұсынады. Сондықтан да архивтік деректерді  мемлекетіміздің басты құндылығы деп қарастыруға әбден болады.

Қазақ еліндегі ең алғашқы мұрағаттар XVIII ғасырда Бөкей ордасында пайда бола бастағандығы зерттеулерден белгілі. Ал  Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві 2006 жылдың 19 шілдесінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің №692 қаулысы негізінде құрылды. Тәуелсіздіктің 15 жылдығы қарсаңында, яғни 2006 жылғы 14 желтоқсанда салтанатты түрде ашылды, – деп бастады сөзін Сағила Есімсейітқызы.

     – Ұлтық архивте мемлекеттік мекемелердің ресми құжаттарынан басқа, еліміздің белгілі тұлғаларының жеке қоры сақталатынын білеміз. Жеке қорлар қалай ашылады?

– Дұрыс айтасыз, Ұлттық архивте 50-ден астам жеке тұлғалардың қоры бар. Еліміздің өсіп-өркендеуіне, дамуына еңбек сіңірген тарихшылар, экономистер, жазушылар, медицина, басқа да кез келген салада қызмет ететін көрнекті тұлғалардың қолжазбалары мен зерттеу дүниелері, өз отбасыларында көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан құнды жәдігерлері архив қабырғасында сақталса, біздің негізгі мұрат – сол. Өскелең ұрпаққа осындай асыл мұра ұсына білсек, біз үшін маңыздысы – осы.

     – Сіздер лайықты тұлғаларды өздеріңіз іздейсіздер ме, жоқ әлде туыстары ұсыныс айта ма?

– Жақындары ұсынатын да, өзіміз іздейтін де жағдайлар болады. «Кто есть кто» деген энциклопедия бізге мықты көмекші, соған қарап жоспарлы тізім жасаймыз. Мысалы, былтыр  Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібековке өзіміз хабарласып, жеке қорын ашу туралы ойымызды айтып, келісімін алдық. Сәулетшінің жеке қорында Елтаңбаға қатысты эскиздері және бірнеше макеті сақтаулы. Жалпы, бізде Елтаңбаға байланысты басқа да ресми құжаттардың барлық түпнұсқасы бар. Елтаңбаға кезінде конкурс жарияланғаны туралы құжат та, байқауға қатысқандар туралы деректер де жинақталған. Сіздердің жерлестеріңіз, белгілі тарихшы-ғалым Советхан Игібаевтың қорын аштық биыл.

Алайда әр өлкенің архивтері өңірге танымал тұлғаларының құнды дүниелерін өздерінде сақтағысы келеді, өйткені туған жеріне еңбегі сіңген азаматтың құжаттарымен өз аймағының жастары түпнұсқада танысса, қолмен ұстап, көзбен көрсе деген тілектерін айтады. Ол да дұрыс шығар. Қазір архивте Әлкей Марғұлан, Жұмабек Ташенов, Ақселеу Сланұлы, Әлібек Асқаров, өзге де елуден астам көрнекті тұлғаның құжаттары сақтаулы. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді.

Сағила Есімсейітқызы, «Мәдени мұра», «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламалары аясында Ұлттық архивтің қоры қандай тың деректермен, құжаттармен толықты?

– «Архив-2025» кешенді жоспары бойынша жұмыстар биыл басталды. Оған дейін «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында Алматыдағы Шығыстану институтының тарихшылары, елордадағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары, мемлекет тарих институтының ғалымдары шетелге шығып, алып келген құжаттарын  дискіге жазып, бізге тапсырды. Шеттен алып келген құжаттарды барлық мекеме Ұлттық архивке өткізуі керек. Оларды ары қарай өңдеп, қор ашып, сараптау-тексеру комиссиясынан өткізіп, сосын құжаттарды цифрландыру – біздің міндетіміз.

Өңірлердегі архив мамандары бізге өздерінде ашылған қорлар туралы ақпарат не болмаса тізімін беруге тиіс, еліміздегі барлық архивтер арасында үзілмейтін байланыс болуы керек. Ұлттық архивтің қоймасында тұрған дүниелерді біз тарихшылармен бірлесіп шамамыз келгенше ғылыми айналымға енгізіп жатырмыз. Әкелінген құжаттардан құрастырылған «Отанға оралған құжаттық  қазына» деген жинақтың екі томын жарияладық. Оның ішінде карталар да бар. Санкт-Петербург архивінен әкелінген, көне шағатай тілінде, көне моңғол тілінде жазылған дүниелерді шамамыз келгенше, мамандар тауып, аудартып, тарихшыларымызбен зерттеп, мың дана етіп шығардық. Бұл тың деректер жинақталған басылымдар мекемелерге, архивтерге, кітапханаларға, жоғары оқу орындарына таратылады.

Біздің архив пен шетелдік архивтердің арасында әріптестік тұрғыда бұрыннан келе жатқан ынтымақтастық бар. 2007 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві Халықаралық архивтер кеңесінің Еуразиялық аймақтық бөлімшесінің (ЕВРАЗИКА МСА) мүшесі саналады. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында мемлекеттік сақтауға Ресей, Армения, Өзбекстан, Польша, Египет, АҚШ, Түркия, Қытай, Венгрия, Франция, Испания сияқты шет мемлекеттерден Қазақстан тарихына қатысты түпнұсқа ретінде саналатын құжаттардың көшірмелері алынды. Түпнұсқаны бірде-бір архив бермейді, өте сапалы көшірмелерін әкеліп жүрміз.

Биылдың өзінде «Архив-2025» кешенді жоспарын іске асыру аясында 14 мемлекетке, атап айтсақ, Германия, Польша, Чехия, Түркия, Франция, Венгрия, Үндістан, Иран, Египет, Катар және басқа елдерге құжаттарды анықтау бойынша ғылыми экспедициялар ұйымдастырылды. Отандық архившілер Қазақстан тарихына қатысты 7 мыңнан астам құжат пен қолжазба сатып алып, еліміздің Ұлттық архив қорын толықтырды. Құжаттық дереккөздердің хронологиялық шеңбері 918-1990 жылдар аралығын қамтиды. Барлық сатып алынған құжаттар цифрландырылды және олардың негізгі бөлігі Қазақстан Республикасының Ұлттық архивіне мемлекеттік сақтауға қабылданды.

Шетелден әкелінген құнды құжаттардың бір-екеуіне тоқталсаңыз…

– Париждің архивінен ел тәуелсіздігі жолында аянбай күрескен қазақ халқының аяулы перзенті, саналы ғұмырында бүкіл түркі дүниесінің бірігуі идеясын ұстанған Мұстафа Шоқайға байланысты құжаттар жеткізілді. Қараша айының басында «Архив-2025» кешенді бағдарламасы аясында Ұлттық архивтің қызметкерлері Чехиядан бірқатар маңызды тарихи құжатты алып келді. Чехия архивтерінде қазақ тарихының қайғылы және тағдырлы беттері туралы деректер сақталыпты. Олар 1917-1918 жылдары Ресей империясы ыдыраған және  Алашорда автономиясын құрудың алғашқы  кезеңіне дейінгі екі жүз жылдық кезеңді қамтиды. Чехтарда табылған ең соңғы құжаттар Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіне жатады.

Сонымен қатар сол сапарларында қазақстандық мамандар отандық тарихтың қорын бұрын пайдаланылмаған карталармен байытты. Батыс Еуропа картографтары жасаған XVIII-XIX ғасырлардағы тарихи карталар сатып алынды. Оларда қазақ мемлекеттілігінің әртүрлі кезеңіндегі қазақ жерлері, сондай-ақ қазақ жерлерінің Ресей империясының құрамына ену уақыты көрсетілген.

Сәтті табылған құжаттардың бірі ретінде Мейердің 1856 жылғы географиялық қол атласын айтуға болады. Оған әлемдік маңызы бар елдер мен қалалардың карталары мен жоспарлары кірген. Бұл егжей-тегжейлі басылымда қазақ жерлері, олардың шекаралары және XIX ғасырдың ортасындағы әкімшілік бөліністер көрсетілген. Чехиядан жеткен жауһар мұраларымызды зерделеп, пайдалану үшін дайындап, ғылыми айналымға енгізу енді ғалым, тарихшыларымыздың еншісінде.

     – Шеттен табылған деректердің арасында Шығыс Қазақстанға қатысты да біраз тың құжат бар деп естіген едік. Сол жайында айтып берсеңіз…

– Жоғарыда айттым, ең жиі кездесетін олжа – ол карталар. Тарихшылардың бізге тапсырған ең көне құжаты – XII ғасырдың картасы, Рим папасының тапсырысымен араб тілінде жазылған. Сол ежелгі картада Қазақстанның қалаларының ежелгі атаулары бар, бірақ ол әлі толық зерттелген жоқ. Жоңғар империясының тұсында салынған тағы бір картаны Санкт-Петербургтің архивінен алып келдік, онда да сол кездегі қазақ жерлерінің атаулары көрсетілген, мысалы, Алматы, Талғар, Балқаш көлі атаулары кездеседі. Одан басқа Қашқария бөлігіне қатысты көптеген көне құжат, карталар табылды, бірақ оларды ресейлік географтар сызған, солар зерттеген болып тұр ғой. Ресей архивінен әкелген бір қартада Семейден Омбыға дейін, Ертіс өзенінің бойындағы қазақ ауылдарының көне атаулары сақталған. Қазір сол елді мекендер солай атала ма, жоқ па, оны әлі зерттеу керек. Егер бұрынғы атаулары сақталмаса, көне атауларын ономастика комиссиясы арқылы кері қайтару керек деп санаймын.

Сонымен қатар биыл Стамбул қаласына барғанда біздің қызметкерлер Стамбул университетінің кітапханасындағы белгілі түрколог, Императорлық Қазан университетінің профессоры, этнограф, фольклортанушы Николай Катановтың қорынан 1883 жылы жарық көрген, Н.Пржевальскийдің «Из Зайсана через Хами в Тибет и на верховья Желтой реки» атты кітабының көшірмесін алып келді. Ол кітапта атақты саяхатшы, зерттеуші-ғалымның Зайсан өңірінде болған сапары туралы, сол өңірдің жер-су атаулары, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі туралы, өңірдің флорасы мен фаунасы жайында егжей-тегжей жазылған.

Шетелдің архивтерінен табылған құжаттармен жұмыс істеуде қандай қиыншылықтар кездеседі?

– Көне құжаттардың барлығы көне шағатай, моңғол тілдерінде жазылған, төте жазу кездеседі. Көне тілдерден аударатын мамандар қажет, арабтанушы, парсы, көне моңғол тілдерін білетін мамандардың көмегінсіз 18-17 ғасырдағы құжаттарды түсіне алмаймыз. Тіл білетін мамандар жетіспейді. Мен шағатай тілін білетін бір маманды таптым, сол кісі аударып, тарихшы-ғалыммен бірлесіп зерделеп, баспасөзде жариялап жүрміз. Кез келген жәдігердің қаншалықты тың дерек екенін, бұрын жарияланған-жарияланбағанын алдымен тарихшылар зерттеп, анықтауға тиіс. Мұның бәрі ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстары дер едім.

Былтырғы наурыз айынан бастап Ұлттық архив жанынан құрылған Ғылыми кеңес жұмыс істейді. Ғылыми кеңестің құрамындағы үлкен ғалым-тарихшыларымыз кейбір құжаттарды зерттеп, аударып, өткен жылы теледидардан көрсетті. Табылған құнды материалдармен халықты газет, теледидар арқылы үнемі таныстырып жүруге тырысамыз, әлеуметтік желілерде парақшамыз бар. «Өткен күн – кешегі тарих, келер күн – ертеңгі сыр, бүгінгі күн – үлкен сый» деп Қорқыт атамыз айтқандай, болашақ ұрпаққа рухани мұра қалдыру жолында еңбектене бермекпіз.

    – Сағила Есімсейітқызы, мазмұнды сұхбатыңызға көп рақмет!

Сұхбаттасқан – Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button