Тарих

Көне қала орны табылды

Көне қала орны Алакөл маңынан, Үржар ауылына таяу жерден табылып отыр. «Ежелгі қала Алакөл көлінің маңында орналасқан. Болашақта ол туристік орындардың біріне айналуы мүмкін», дейді археолог Ерден Оралбай.

Археологтар  көне қаланың шамамен ХІІ-ХІІІ ғасырларға жататынын болжаған. Аумағы 10 мың шаршы метрді алатын тарихи орындағы ғимараттардың қабырғалары жақсы сақталған. Мамандар осыған дейін еліміздің шығыс өңірінде қала мәдениетіне қазба жұмыстары жүргізілмегендігін айтады.

Абай облысы әкімдігі мәлімдегендей, табылған шаһар айналасына терең ор қазылған. Сол себепті археологтар мұны Үгедей ханның қорғаны болуы мүмкін деген болжам жасап отыр.

Тарихта Ертіс маңында 12 қала болғандығы жайлы деректер бар. Анықталып отырған көне шаһар солардың алғашқысы болуы мүмкін. Ол Алакөлге жақын маңда орналасқандықтан, келешекте туристер тамашалайтын тарихи орынға айналуы мүмкін.

– Алакөл маңында ірілі-ұсақты жиырма шақты қаланың орындары бар. Бұл – солардың арасындағы көлемі жағынан ең үлкені. Төрт мұнарасы конус тәрізді, төрт қақпасы бар. Шығыс, батыс, оңтүстік қақпалары доғал. Солтүстік қақпасы төртбұрышты. Ішінде мықты қорғаныс жүйесі бар. Солтүстік қақпа өте құпия жолмен жасалған тәрізді. Өйткені ішінен де, сыртынан да ор қазылып, су толтырылып, қорғаныс жүйесі жасалған, – дейді археолог Ерден Оралбай. |

Жамал Ермен

Осы айдарда

Back to top button