Қуғын-сүргін құрбандары ақталуы тиіс
1986 жылғы 16-желтоқсан қазақ елі үшін қасіретті күн болды. Талай қазақ қыз-жігіттерін арамыздан алып кеткен Желтоқсан оқиғасы мәңгі есімізде қалады. Бұл көтеріліс – қазақ тарихында болған ақтаңдақтардың бірегейі.
Қазіргі уақытта еліміз тәуелсіздік алып, шаңырағын биікке көтерді. Сол қанды жол, ауыр күндермен келген Желтоқсан оқиғасына биыл 36 жыл толып отыр. Жыл сайын 16-желтоқсан күні біз бүкіл ел болып, Тәуелсіздік күнін сән-салтанатты іс-шарамен, мерекелік кештермен атап өтеміз. Алайда 1986 жыл дәл осы 16-желтоқсанда қаншама жүрегі «қазақ» деп соққан бауырларымыздан айырылған күн екенін де ұмытпаған жөн.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласынан соң саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты мәселе қайта көтерілді. 2020 жылдың 24 қарашасында №456 «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия туралы» Президент Жарлығы шықты. Жарлықтың басты міндеті – халықаралық стандарттар мен құндылықтар негізінде саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандары үшін тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, олардың адал да абыройлы есімдерін халыққа, ұрпаққа қайтару.
Осыған орай әр өңірде саяси-қуғын сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. 2021 жылы облыстың мемлекеттік және арнайы архивтеріндегі құжаттарды пайдалана отырып, ақталмаған азаматтар жайлы іздеу, зерттеу жұмыстары басталды.
Алматыдағы Желтоқсан оқиғасының жаңғырығы Кенді Алтай өңірінің ауыл-қалаларына да жетіп, жұртшылық оған өз көзқарастарын ашық білдірді. Алматыдағы жастарды қолдау, 1986 жылғы 16-желтоқсанда өткен Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті пленумының шешіміне наразылық әсіресе Өскеменде ерекше көрініс тапты. Алматыдағы демонстрацияға шыққан студенттер мен жастардың талабы жол-құрылыс, педагогикалық институттар, ауылшаруашылығы, педагогикалық, медициналық, мәдени-ағарту училищелері студенттері арасынан, сонымен қатар көптеген кәсіпорындар мен мекеме қызметкерлері тарапынан да қолдау тапты.
Осы уақыт ішінде, бүгінге дейін облыс архивтерінде 6819 іс қаралды. Іздеу-зерттеу барысында Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жерлестеріміз туралы мәліметтер табылды. Айталық, облыс университеттерінің архивтерінен 40 қызметкер мен студент туралы мағлұмат анықталды. Оның ішінде 30-ы түрлі тәртіптік жазаға тартылған.
Бізге келген сауалдарды ақтара отырып, Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың жазбалары көзімізге түсті…
«16-желтоқсан күні таңертең біздің жатақхананы милиция топтары қоршап алып, далаға ешкімді шығармауға тырысты. Мен және жанымызда өздерінің бейбіт мақсаттағы тілек-мүдделерін жеткізбек болған бір топ әр курс студенттері балкон арқылы шығып, екінші этаждан секіріп, далаға шығып кеттік. Барлығы алаңсыз… Жол-жөнекей «Юбилейный» кинотеатры алдындағы алаңға бардық. Жиналған студенттер саны бірталай еді. Арасында жұмысшылар да бар. Сол жерде Ержан досым да бір топ СДИ студенттерімен жүр екен. Бәріміз қосылып наразылық білдірмек болып ұмтылып жүрміз.
Бұл алаңнан қашып, Ушанов атындағы алаңға барып өз наразылығымызды білдіріп жүрдік. Осы кезде ОМОН жасақтары біздерді дубинкамен ұрғылап алаңнан кетуімізді талап етіп, тыңдамағандарды арнайы машиналарға қудалап тығып жатты. Біз қаланы жақсы білгендіктен Өскеменнің қатты аязына әбден тоңған, таяқ жеген бір топ студенттер көшелерді тасалап жатақханаға жеттік. Өскеменнің қаһарлы да қытымыр қысында үсік шалған беті-қолымыз кішкене икемге келген соң алаңға қайта барып, неғұрлым көп адам табандылық таныта білсек, ойымыз жоғары жаққа жетіп қалар еді деп ойладық.
СДИ жатақханасының алдында бір УАЗ маркалы машина тұр екен. Ана кісілер сол машинаға отыруымызды өтінді. Олар бізді Өскемен КГБ-сына, «Юбилейный» кинотеатрынан жоғары, силикат кірпіштен салынған ғимаратқа алып келді. «Жол бойы ағылып жүрген адамдар не үшін көшеде, алаңда жүр?» деп түрлі сұрақтардың астына алды.
Дереу екеуімізді тергеуге алды. Мені капитан, Ержанды майор тергеуге алды. Оларда Ержан досым екеуіміз туралы ақпарат бар екенін, 15-желтоқсанда Өскемен құрылыс техникумы студенттеріне үгіт-насихат жүргізгенімізді және 16-желтоқсан күні алаңға шыққанымыз туралы бұлтартпас айғақтар барын айтты.
Сонымен, досым Ержан екеуіміз 3 күн тергеуде болдық. Бізді 18-желтоқсан күні ғана үйімізге жіберді. Қаладан шықпайтынымыз жөнінде қолхат бердік.
18-і күні жатақханаға бардым, мені барлығы іздеп жатыр екен. Барған бетте бөлім меңгерушісі техникум директорына алып барды. Кабинетке кірген бетте ашуға булығып, түнектей болып қарсы алған директор мені оқудан шығаруға бұйрық беретінін айтты. Содан кейін күнделікті қудалау басталып, оқуымды жалғастыруға мүмкіндік болмады. Комсомол жиналысында бөлім меңгерушісі және кураторымның қолдауымен оқудан шығарылмай қатаң сөгіс жарияланды» деп аяқтапты жазбасын Жанат М. деген азамат.
Келесі бір тағы да Жанат А. есімді азамат өз естелігінде: «1986 жылы армиядан коммунистік партия мүшесі болып оралдым, осы жылы политехникалық институтқа кешкі дайындық факультетіне түсіп, жұмысқа орналастым. 16-желтоқсан күні жұмыстан жатақханаға келсем, жастар жиналып алаңға барғалы жатыр екен. Не болды деп сұрасам, Қонаевты орнынан алып, Москвадан Колбинді тағайындап жатыр, соған бүкіл қазақ жастары қарсы болып жатыр деді, содан мен де бірге барып анығын, қандай жағдай болып жатқанын білейін дедім. Колбинді қойса, тілімізді, дінімізді ұмытамыз деп ойладық, 16-сы күні бәрін түсіндік, түнгі сағат 10-дар кезінде жатақханаға қайттық, таңертең қайта алаңға жиналамыз деп уәделестік, 17-сі күні сағат 10-ға таман көше болып көп жастар жиналып «Менің Қазақстаным», «Атамекен» әндерін айтып қайта алаңға жиналып, өзіміздің тілегімізді басшылыққа жеткіземіз деп ойладық. Жан-жақтан жастар алаңға жиналып жатты, трибунаға бізді жақындатпады. Бірақ зиялы қауым өкілдері келіп, жастардың таралуын сұрады. Бірақ ешкім тараған жоқ. Мәскеу неге бір күнде ұлт тағдырын шешеді, Қонаевтың өз аузынан естиміз, өзі шығып айтсын деген сұрақтар болып жатты. Бірақ ешкім де шығып түсіндірген жоқ. Кешке таман жазалаушы жасақ алаңға жиналған жастарға лап берді, басыңда ешкім ештеңе түсінбей абдырап қалдық. Милиция қызметкерлері де жазалаушы жасақпен бірге жастарды ұрып-соғып, суық су шашып, жастарды автокөліктерге тиеп алып кете бастады. Сол кезде бәріміздің бойымызда намыс, ұйымшылдық пайда болды, үсті-басымыз су болса да, бір-бірімізге көмек көрсеттік. Мені 18-і күні сағат 1-ге таман ұстап алып, милицияға қамады, екі күн тергеуде жаттым. 20-желтоқсан күні босатты. Содан кейін партия мүшелігінен шығарылдым. Политехтің дайындық факультетінен өз еркіңмен шығып кет деді, біраз уақыт жұмысқа ешқайда кіре алмай жүрдім» деп басынан өткен ауыртпашылықты ақтара жазыпты. Осы жазбаларды оқи отырып, мұндай ерлік менің қолымнан келер ме екен деген ой туындайды…
Ал Зәуреш есімді азаматша өзінің жазбасында төмендегідей мәлімет береді: «1986 жылы Алматы шет тілдері педагогикалық институтына оқуға түстім. 1986 жылы I курсқа қабылданған жас студентке жатақхана өмірі тіптен қызық, абыр-сабыр, сабаққа дайындалған студенттер. Жексенбі – көңілді демалыс. Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген өзім сияқты жастар.
17-18-желтоқсан күндері «Жастар, алаңға шығыңдар, алаңға шығыңдар!» деген дауыс біздің жатақханаға да келіп жетті.
Осы 16, 17, 18-желтоқсаннан кейін жастардың арманы орындалды-ау деп, билік басына кім келер екен, Қазақстанымыз егемен, тәуелсіз ел болар ма екен деп жүргенде жарты жылғы қуанышым «құмға сіңген судай» басылып, туған ауылыма қайтуға тура келді. Ата-анаға болған оқиға мүлде айтылмау керек деп тапсырма берілген. «Оқу қиын, оқығым келмеді» деген лағнет сылтауды айтып, отбасыма оралдым. Міне, әділетсіздіктің құрбаны болып, арманым орындалмады.
«Неге?», «Не үшін?» деген сұрақтардың жауабын біліп тұрсам да, әлі күнге дейін мақсатыма қарсы тұрған сол кездегі билік басындағыларды кінәлаймын.
Біз қатысқан желтоқсан оқиғасынан кейін қаһарман жастардың арқасында «Егемен, Тәуелсіз Қазақстан» атандық емес пе?» деп жазыпты. Бұл жазбаны оқи отырып, көзіңе жас келеді. Еш қорықпай, тек алға басқан қазағым…
Желтоқсан көтерілісі – ұлт тарихындағы қатардағы бір өткінші оқиға емес, тағдырлы кезең. Сондықтан ол жөнінде ойлану, ой қорыту, әділ бағасын беру – бүгінгі буынның асыл парызы. Оларды ой елегінен өткізу арқылы ұлт кемелденеді, рухани өседі. Олай болса, сол бір кезеңде елім деген ерлердің ісі ақталсын десек, қыршынынан қиылған, жастық шағын құрбан еткен желтоқсаншылардың аруағы риза болсын десек, олардың бірде-біреуін атаусыз, іздеушісіз қалдырмау керек. Аталған жерлестерімізді мемлекеттік комиссия заңды және саяси тұрғыдан ақтап алады деп сенемін.
Ақерке Зауатбекова,
облыстық мемлекеттік архивтің мұрағатшысы,
саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия жұмыс тобының мүшесі