Ауыл шаруашылығы

Тезекті де «тезге» салғысы келетіндер бар екен

Қазір малдың қиы да қат болып бара жатыр. Көктем келгелі бау-бақша салумен айналысатын жұрт қи іздеп қиналып жүр. Бірақ пешке жақсаң отын, бақшаңа шашсаң тыңайтқыш болатын сол қи туралы жоғарыдағылардың ойлап тапқан жаңа бір қисыны ауылдағы ағайынның жағасын ұстатып отыр. Елімізде қабылданған жаңа Экологиялық кодекс бойынша қи дегенің қоршаған ортаға зиян екен. Енді мал баққан шаруақор қауым малының тезегі үшін де салық төлейтін болады.

Тезекті де «тезге» салғысы келетіндер бар екенТүк таппағандай еліміздің экологтарының көзі қиға түскені қызық болды. «Жүре берсең, көре бересің» деген де осы. Енді қорадағы азды-көпті малының тезегіне де ауылдағы ағайын теңге төлейтін болады. «Тезекке салынатын салық көп емес, азғана» деп жұбатқансиды экологтар. Яғни, бір тонна үшін жылдық мөлшерлеме 0,009 пайызды құрайтын көрінеді. Бұл дегеніңіз бір айлық есептік көрсеткіш те болмайды. Десе де мал ұстаған жұрттың көңілі кәдімгідей жүдеп қалғаны шындық. Әсіресе, фермерлеріміздің көңілі күпті-ақ. Жалпы осы биліктің бишігін ұстап жүргендердің мақсаты не сонда? Малдың басын көбейте алмай жатқанда, тезек салығын қайдан ойлап шығарды? Осыдан соң ауылдағы жұрттың мал өсіруге ықылас-ниеті қалай артпақ?

Тіпті, олар ертеңгі күні алдындағы малын құртса, ет құриды. Ет тапшы болса, қымбатшылық жағадан алады дегендей. Қалай десек те мал тезегіне салық салу ақылды шешім емес. Оның үстіне қыста көмірден тапшылық көретін шалғайда жатқан ауылдағы жұрт әлі де сол малдың қиын отқа жағып жан сақтап отыр деуге болады. Ауылдағы ағайынның жағдайы да белгілі. Қайсыбірінің көмірге қолы жете береді дейсіз. Қыс жақындағанда көмірдің бір тоннасының өзі он мың теңгеге дейін шарықтап кететіні де рас. «Көмір байлардың, қи кедейлердің отыны» дейді ауылдағылардың өзі.

Сөйтсек, тезекке салынатын салықты қос қолын көтеріп қолдайтындар да табылады екен. Солардың бірі – «Табиғат» атты экологиялық қозғалыстың төрағасы Мэлс Елеусізов мырза. Оның айтуынша, тезек дегеніңіз шіріген кезде газ бөледі екен. Ал ол газдың табиғатқа зияны көп көрінеді-мыс. Осылайша Елеусізов мырза өнеркәсіпті өңірлердің газын елеусіз қалдырып малдың қиынан бөлінетін газбен күресуді көздеп отырғанға ұқсайды.

О заманда бұ заман малдың жапасынан жапа шегіп, уланып қалған адамды өз басым көрген жоқпын. Қайта қазір саяжайы барлар сол малдың тезегін қолма-қол ақшаға таба алмай, аяғынан тозып, сабылып жүр. Құдай-ау, тезек дегеніңіз бау-бақшаға қажетті нағыз табиғи тыңайтқыш қой. Өркениетті елдерде мал тезегі таптырмайтын тауар. Мал тезегін экологиялық табиғи тыңайтқыш ретінде қапқа салып, қаттап, қып-қызыл бизнеске айналдырып, байып отырғандар да жетерлік екен. Ал біз енді малдың тезегінен жеріп, салық салмақшымыз. Тезек салығын енгізгенде экологтарымыз не ұтпақшы? Кімге пайда әкеледі бұл? Ешкімге де. Қайта мұны мал басын құртуға бағытталған шара деп бағаласақ жөн болады.

Қарап отырсақ, қазір төрт түлік малдың қадірін әбден кетіріп болыппыз. Малдың терісі мен жүні ауылды жерлерде кәдеге аспай іріп-шіріп жатыр. Сүйекті де іске асыратын бір жан жоқ. Білетіндердің айтуынша, кеңестік заманда малдың сүйегі жоғары температурада арнайы қазандықтарда өңдеуден өтіп, сүйек ұны шығарылыпты. Ал сүйек ұны дегеніңіз тұнып тұрған кальций емес пе? Малдың ішектері де Қазан қаласына жөнелтіліп, одан операция жасаған кезде қолданылатын кетгуд жібі әзірленген екен. Малдың қанын да құрама жемге керекті қоспа ретінде пайдаланған. Ал біз малды қорлағанымыз сондай, енді малдың тезегінің өзін «тезге» салғымыз келеді. Рас, кейде ауылды жерлерде малдың тезегі қалай болса солай шашылып жатады. Бірақ тығырықтан шығудың жолы салық салу ма?

– Мен малдың тезек салығына қарсымын. Экологиялық мәселені бұлай шешуге болмайды, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің бастығы Игорь Миронов.

Сонда қалай шешуге болады? Осы орайда республикалық «Қазақстан фермерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Ақжол Әбдуқалимовтың пікірі орынды секілді. Ол өркениетті елдердің тәжірибесін біздің елде де қолдану қажеттігін айтады. Бірақ қалай? «Ол үшін жергілікті жердегі әкімдіктер өсімдік шаруашылығымен айналысатындар үшін тыңайтқыштар әзірлеп, оны сақтайтын бизнес құрылымдардың ашылуына жол беруі тиіс. Қарапайым тілмен түсіндірсек, жер-жерде малдың жаңа түскен жапасынан бастап, кепкен тезегіне дейін қабылдайтын бекеттер ашылуы қажет. Оны тыңайтқыш ретінде өңдейтін бизнес-инкубаторлар бой түзеуі тиіс. Сонда ақша тапшы ауылдағы жұрт ешқандай мәжбүрлеусіз-ақ «қоршаған ортаға зиянды дүниені» жинап алады» дейді ол республикалық басылымның біріне берген сұхбатында.

Таяуда ғаламтордан қымыз өндірумен айналысатын Төлеу Құшманова дейтін павлодарлық кәсіпкер келіншектің өз шаруашылығын қалдықсыз өнім жүйесіне көшіріп, жылқының қиын табиғи тыңайтқыш ретінде полиэтиленге қаттап салып, сату үшін жаңа жабдықтар алуды жоспарлап отырғаны туралы хабарды оқып, қуанып қалдым. Оның айтуынша, табиғи тыңайтқышты қазірдің өзінде саяжай иелері талап алып кетіп жатқан көрінеді. Шаруашылық басшысының сөзіне қарағанда, бұл қосымша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді екен.

Қалай десек те әлі мұндай тәжірибенің бізге де жетері сөзсіз. Тек кәсіпкерлер білекті түріп бұл іске бел шеше кіріскенше тезек жайында әлі талай әңгіме де болатыны рас.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button