Тылсым дүние

Әтей кемпірдің көріпкелдігі

Соғыс жарасы жазыла бастаған шақ. Қатшаның әке-шешесі Шұбарағаш өңірінің Шилі деген шүйгін жерін мекендейтін. Әкесі Әлім колхозда кіші бригадир болса, Қаным – есеп қызметкері. Қатша – төрт-бес жаста. Әлім әке-шешесі дүниеден ерте қайтып, жетімдіктің, жоқшылықтың зардабын молынан тартқан еді. Әкесінің аға-інілері болса, соғыстан оралмаған. Әйтеуір, қайын жұрты қарайласады.

Әтей кемпірдің көріпкелдігіЖалғыздықтың күйін кешіп жүрген Әлім жалғыз қызы Қатшаны ерекше еркелететін-ді. Артынан ерген бауырлары болса деп армандайтын. Ол арманын ебін тауып, әйеліне де сездіріп жүретін. Осылайша зымыран-уақыт жылжып, өтіп жатты. Қатша да есейіп, күзде бірінші сыныпқа баратын болды.

Бірде Қаным қызын мектепке дайындау мақсатымен ауылдағы дәрігерлік пунктке барып, оның денсаулығы туралы анықтама алмақшы болады. Өзінің де соңғы кездері жайсызданып жүргенін ескеріп, тексеріле кетуді ойлаған. Тәжірибелі дәрігер Балқия оны біраз тексерген соң:

– Сізге қуанышты хабар айтайын, аяғыңыз ауыр, – деді. Сонымен үйге қуанышты күйде келсе де, күйеуіне тіс жармады. Бұл қуанышты Әлім кейін енесі Жұпаргүлден естиді. Ол кісі қызының 5-6 жылдан бері бала көтермей жүргеніне іштей уайымдап, ауылдықтар арасында «көріпкел әже» атанған Әтей кемпірге құмалақ аштырады ғой. Ол:

– О, Жәкесі! Қуана бер, қызыңның аяғы ауыр. Әй, бірақ, бірақ…, – деп ар жағын айта алмай күмілжиді.

– Әйке-ау, айтсаңшы неде болса, сүйіншің дайын. Тек нәрестені аман-есен әкелсе болды да, – дейді қуанышы қойнына сыймаған Жұпаргүл.

Біраз ойға батқан көріпкел әже әлден уақытта жұлып алғандай:

– Сен қатын аузыңа ие бол! Мен айтты деме, бұл нәресте жарымжан болып туады, – дейді құмалағын жиып жатып.

– Япырым-ай, ә, маған тағы бір қайғы арқалатып кеттіңіз-ау, – деп, Жұпаргүл бәйбіше іштей жылап қала береді.

Қанымның жүктілігін естіген Әлім де қуаныштан есі шығып, болашақ сәбиінің тойына дайындала бастайды. Ақыры айы-күні жетіп, Қаным ауылдың шағын дәрігерлік пунктінде босанды. Мұны бүкіл ауыл естіп, туыс, таныс-жолдастары жақсы жағымды хабарға елеңдесіп қалды. Қуанбай жүрген бір-ақ адам. Ол – Жұпаргүл. Балгердің айтқаны жалған болса деп тілейді. Бірақ, олай болмады. Нәресте ұл бала, салмағы да қалыпты. Тек қана нәрестенің бір қол, бір аяғы жансыз ба қалай? Алғашында ол кемістікті дәрігерлер де сезбепті. Саламатхан деген есім берілген сәбидің күн өткен сайын кемтарлығы айқындала бастады.

Сәбиінің қуанышын елмен бөліскен Әлім «көптен күткен қызығым» деп, дүркіретіп той жасады. Ата-анасы сәбилерінің бұлай, іштен жарымжан боп туу себебін біле алмай, әбден бас қатырды. Ал Жұпаргүл бәйбіше болса, «көріпкел кемпір іште жатқан сәбидің кемтар болып туатынын күн бұрын қалай білді?» деп аң-таң. Әлде, бұл 1949-дың зұлматы ма екен?..

Мәуітқазы Зүкенұлы

Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button