Ұлттық рухани жаңғыру

Тербеткен ақындықтың ақ бесігін

Ақындық сөз құдіреті, ой ұтқырлығымен талай сөз додасында топ жарған Жармадан шыққан халық ақындарының бірі – Сапарғали Әлімбетов. Ол – табан астында тап беріп тауып айтар шешендігімен, көркем өлең-жыры, толғау, дастан, поэма, айтыстарымен артына мол мұра қалдырған үлкен талант иесі.

 Ілияс Жансүгіровтің өзі қамқор болыпты

Сапарғали Әлімбетов 1888 жылы мамыр айында бұрынғы Семей облысы, Жарма ауданы Егіндібұлақ, Қарақойтас қойнауындағы шағын Шомақ ауылында өмірге келеді.

Қабағы қату жетімдік тағдыр Сапекеңді де айналып өтпейді. Әкеден жас қалып, немере ағасы Жақыпжанның тәрбиесін алады. Ата тегі Найман Байыстың кіші әйелі Үрімбикеден (қырғыз қызы) Ахымбет, Сыбан туады. Әкесі Әлімбет Ахымбеттен тарайды. Әкесі момын, ескіше  сауаты бар, әңгіме, өлең, қисса, жырларды білетін, ортасына қадірлі, көңілашар адам болыпты. Әкесі жайлы Сапекең:

«Менің әкем сарабдал ұғымды адам,

Малы тапшы, тілі ашық шығымды адам.

Не ұрлық, не өтірік айтпайтұғын,

Қарындасқа қадірлі жұғымды адам», – деп жырға қосқан.

Сапарғали ескіше сауатты болған. Ол А.Байтұрсын жазуын жақсы білгендіктен Абайдың алғаш шыққан өлеңдер жинағын (1909 ж. Әлихан Бөкейханов пен Кәкітай Ысқақұлы бастырған)  оқып, ой-санасын ұштайды.

Сапарғали Әлімбетовтің ақындық жолында Ілияс Жансүгіровтің қамқорлығы ерекше болған. 1936 жылы Ілияс Аягөздің Мыңбұлағында жолығып, Сапекеңнің аузынан «Татьяна» поэмасын жазып алады және қазан төңкерісінен бұрын жазған «Ащы сөз», «Өмір сыры» өлеңдерін «Социалистік Қазақстан» газетіне бастырады. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ көркемөнерінің онкүндігіне қатыстырады. Өнері бағаланып, құрметке ие болады. Бұдан кейін Алматыда халық ақындары мен жас жазушыларға арналған курс-семинарға қатыстырып, СССР Жазушылар одағына мүшелікке қабылданады. Сапекең арада біраз уақыт өткенде Ақжалға көшіп келіп, жұмыс істеп, кеншілер өмірін жырлайды. Жоқшылықтың тауқыметін тартып жүргенінде Сақпан Әбділдаұлы дейтін бай қомсынып қағытса керек. Сапарғали кідірместен:

Ей, Сақпан, сен бай болсаң, мен ақынмын,

Ол рас, тегім кедей, қу тақырмын.

Мұң-зарын көпшіліктің жоқтайтұғын,

Халыққа сенен гөрі мен тәуірмін, – деп бетін қайтарып, ақын тілегінің қашанда ел тілегімен бір екенін бүкпесіз табан астында айтып салады.

Қайыммен шығармашылық байланыста болыпты 

Әр дәуір өз ақындарын тудырады. Өз дәуірін, өзіндік талғам мен қоғамының шынайы бет-бейнесін күмілжімей ашып айту ақындық ақиқат болмақ. Сапекеңнің табаны осы жолдан таймаған. Табиғи талантымен бәсекелік қуат, білім қорының жеткілікті екенін алғашқы кездесуінде-ақ  байқаған  Ілияс оны Алматыға шақырған болатын. Сөзін екі етпей, жазушылар кеңсесінде жолығады. Қасындағы ұлы Мұхаңа (М.Әуезов) тыңдатып, Ілияс Сапарғалиға бір-екі өлеңін оқытады. Талғамы биік Мұхаңның көңілінен шықпағанға ұқсайды. Ұнатпаған сыңай танытады. Бірақ өнерді, ұлт әдебиетін ұлы санайтын Мұхаң ақын көңіліне қаяу түсіргісі келмей ағалық жолын құрметтесе керек. Мұхаң (М.Әуезов): «Аға, ақынмын десеңіз, ақын туралы осы жерде отырып бір шумақ жазып беріңіз», – десе керек. Сонда Сапарғали салған жерден бөгелмей:

«Ақын бүркіт секілді жем іздеген,

Қияннан қызыл көрсе текке ілмеген.

Қырандай жедел көріп сорғаласа,

Алмай тынбас, бөгеттен іркілмеген.

 

Ақын сөйлер тіл-аузын байламаса,

Айтар ойын жетімдік жайламаса.

Ақын түгіл жаны жоқ күйсандық та,

Бұзылар мезгілімен майламаса.

 

Ақынның тілі ине, ойы тарақ,

Тізіліп маржан сөздер берер сабақ.

Оның да арманы, сау көмейі бар,

Ұшқан құс, жүгірген аң бәрі тамақ», – деп жырын төккенде Мұхаң  сүйсіне: «Оу, аға! Өзің тасада жатқан тап басар

ақын екенсіз, көзі ашылмаған бұлақтай бұрын қайда болғансыз? Көмегімізді аямаспыз, қазір жиналысқа асығып барамыз, кешке үйіме келіп қонақ болыңыз, әңгімемізді сонда жалғастырамыз», – деп адресін жазып береді. Кешкісін Сапекең Мұхаңның үйін тауып, қонақ болып, бірер күннен соң ғана қайтқан екен. «Сапекең кейін осы жайды, қамқорлықты бірнеше рет еске алып отырғаны есімде қалыпты», – деп жазады ақынның немере қарындасы Назигүл Бекмұхаметқызы өзінің естелігінде.

Сапарғали өз заманында Алаштың білімді қайраткері, абайтанушы Қайым Мұхаметхановпен 30-жылдардан өмірінің соңына дейін шығармашылық байланыста болады. Анненков бастаған ақ бандылар Ақжалдағы алтын кені кассасынан алтын ұрлап, жол-жөнекей «Байғара» ауылын қанға бояған кезде оларға қарсы Қалба партизандары ерен ерлік көрсеткен. Осы оқиға негізінде Сапарғали «Ер Білісай» поэмасын жазған. Бұл поэма  Қайым Мұхаметхановтың «Білісай» атты драмалық туындысына негіз болды.

Шәкірт тәрбиелеуге ден қойған

Сапарғали Әлімбетов қазақ әдебиетінің үздік өкілдерінің бірі Иса Байзақов, Кенен Әзірбаев, Тәңірберген Әміренов, Төлеу Көбдіков, Нұрлыбек Баймұратов, Мағжан Орынбаев, Рахымбай Оспанов, Қуат, Еленсары ақындармен айтысқа түскен. Сапекең өзінен соңғы ақындарды тәрбиелеуге назар салды. Жас кезінде Қалихан Алтынбаевты Семейге ертіп әкеледі. Семейдің шетіне ілінгенде Сапекең Қалиханды сынамақ болып: «Мына қаланы өлеңге қосшы», – дейді. Сонда Қалихан:

«Ертіс деген дала екен,

Семей деген қала екен.

Бір-біріне мінгескен,

Қалада үйлер бар екен», – депті.

Сапекең: «Айтулы ақын боласың», – деп ризалығын айтып, сүйсініпті.

1943 жылы М.Әуезов Алматыда халық ақындары Шашубай, Нұрпейіс Байғанин, Төлеу Көбдіков, Иса Байзақов, Сапарғали Әлімбетов бастаған халық ақындарын үйіне шақырып, ұлды болғанын айтады. Бұл тілегін құп алған халық ақындары табалдырығын аттап, жырмен бата берісіп, Мұхаңның ризалығына бөленіп қайтады.

Сапарғалидың жалғыз ұлы Маман 1944 жылы майданда 22 жасында қайтыс болады. Онымен бірге оқыған жан досы Әзілхан Нұршайықов «Маманның артықшылығы – ол ақын ғана емес, оның үстіне домбырашы, сырнай тартатын, неше түрлі халық әндерін нақышына келтіріп орындаушы еді», – деп «Махаббат, қызық мол жылдар» романында оның сүйген қызына дейін есіне алып жазған-ды. Жалғызынан айырылған ақын ауыр қасірет шегеді. «Шынымен сынғаны ма жалғыз қазық» және «Жалғызды жоқтау» атты өлеңдерін жазады.

Жаралы жүрек, құсалы көңіл, шерлі мұң ақын жанын жегідей жеп, 1956 жылы қазан айында өмірден қайтады. Өзінің туған мекенінде мәңгіге тыныс табады. Ол – ақындықтың ақ бесігін тербеткен жан. Туған елі мен Отанына сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, 1939 және 1945 жылдары екі рет Қазақ ССР Жоғарғы советінің Құрмет грамотасымен марапатталады. Ал 1946 жылы СССР Жоғарғы советі президиумы Сапарғалидың еңбегін жоғары бағалап, Қызыл жұлдыз орденін кеудесіне қадайды. Ол – СССР  және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, өнер қайраткері.

Мұхаметқазы Мұхамедиұлы, этнограф-тарихшы, Қазақстан оқу-ағарту ісінің үздігі

Семей.

 

 

Осы айдарда

Back to top button